Токиода жиырмасыншы ғасырдың басында большевиктер мен коммунистерден қашып, қытай асып, жапон жеріне жетіп, осы елде пана тапқан түбі түркі мұсылмандар үшін соғылған, жиырма бірінші ғасырдың басында Түркия үкіметінің қаржыландыруымен жаңартылып, қайта жаңғырған әдемі Мешіт бар.
Осында тұрып жатқан қазақтар арасында мешітке барып, құран оқып, жұма намазға қатысып жүргендері бар, кейде кездесіп қаламыз. Бүгін де бір бауырымды көріп, қуанып қалдым.
(Әркім өзінің дінін, наным-сенімін құпия ұстауға құқығы бар, сондықтан мұнда олардың кім екенін жазбай-ақ қояйын. Құдайға кім қашан қай тілде тіл қатып, кім кім үшін, не үшін не тілеп, не сұрап жатқаны бір Құдайға ғана аян, өзі үшін намаз оқығанын біреуге міндет қылатындар болмаса екен).
Токиодағы осы мешітте ислам діні жайлы жазылған кітаптар мен құранның түрік, жапон, ағылшын, парсы, тағы басқа тілдердегі аудармасы мен түсіндірмесі қойылған шағын кітапхана бар.
Бүгін қасиетті жұма күні Жапониядағы Қазақстан Елшілігі мен қазақ жапонтанушылар атынан мешіттің имамы Мухаммет Рифат Чинар есімді түрік бауырымызға құранның қазақ тіліндегі аудармасы мен түсіндірмесін сыйға тарттым.
"Басқа тілдер арасында қазақ тілі де тұрсын".
Токио мешітіне алғаш кірген қазақ тіліндегі құран кітабын имам қуана қабыл алып, оны әзірше өз бөлмесіне қоя тұратынын, сөйтіп, жуық арада арнайы кітап сөресін ашып, мәртебелі орынға орналастыратынын айтты.
Алла разы болсын айтып қайттым.
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ