«Қазіргі таңда Қазақстан телеарналарында ток-шоу форматы кең дамып жатыр. Әр телеарна ток-шоу шығаруға ұмтылады. Сондықтан басқа ток-шоулардан көрі «Шешімі бар» несімен ерекешелінеді? деген сұрақ туындайды. «Шешімі бар» ток-шоуы ел ішіндегі түрлі әлеуметтік мәселені көтеріп, шешімін іздейді. Біздің бағдарлама ұжымының басты мақсаты – кейіпкерлердің басындағы проблеманы түзету арқылы оның әлеуметтік маңыздылығын көрсету болып табылды», – деді Дәнеш Асқарбекұлы.
2020 жылы жалпы саны 88 хабар көрермен назарына ұсынылды. Көрермен 38 жыл көрмеген туысымен қауышқан отбасының қуанышына куә болды. 4 кейіпкердің құжаты жасалды. Сондай-ақ қала тұрғынына аяғына құны 3 млн тұратын протез салуға көмек көрсетілді. Ауырғандардың еміне және тұрмыстық қажеттілігіне 4 млн-ға жуық қаражат берілді. Бағдарлама аясында 4 отбасына үй берілді. Соның бірі – «Гүлдер» ансамблінің солисі болған қария.
[embed]https://youtu.be/xLzWQYrWVpQ[/embed]«Бір қуантарлығы өткен маусымда бізге келген кейіпкерлердің 90 пайызының мәселесі шешілді. Мысалы, кезінде «Гүлдер» ансамблінің солисі болған қарияның мәселесін дүйім жұрт жақсы біледі. Сол кісіге қайырымды жұрттың көмегімен баспана сыйладық. Қазіргі таңда қазақтың бас ауыртар мәселесінің бірі баспана ғой. Осы тұрғыдан келгенде кейбір кейіпкеріміз баспаналы болды. Ал бірі жер алды. Тіпті бірнеше адамның қоныс тойын бірге тойладық. Сонымен қатар айырылысып кеткен отбасын қайта қосуға да мұрындық болдық. Бұның сыртында түрлі медициналық, әлеуметтік, құқықтық жағынан келген түрлі кейіпкердің де мәселесінің шешімін таптық. Бізде бір кейіпкер болды жолдасымен ажырасып, 4 баласымен далада қалған. Сол кейіпкерімізге үй алуға және отағасымен қайта қауышуға «Шешімі бар» ток-шоуының журналистері көмектесті», – деді жүргізуші.
Бұл бағдарламаға келген әрбір кейіпкердің өзіндік оқиғасы бар. Бір жатырға сыйғанымен бір шатырдың астына сыймай жүрген бауырлар арасындағы жанжалға куә болған жүргізуші әркімнің өз шындығы барын айтты.
«Мен бағдарламадағы әр кейіпкердің оқиғасын тұла бойымнан өткіземін десем болады. Өкінішке қарай, қазір адам азды ма, заман тозды ма? Білмеймін. Қазір бұрын-соңды естімеген сұмдықты естиміз. Мынау бір жатырға сыйғанымен бір шатырдың астына сыймай жүрген бауырлардың арасындағы сұмдықты естіген кезде, өмірден кейде түңіліп кетуге де болады. Дегенменде бағдарламаға позитив сыйлайтын, өзіне және әлемге ерекше көзқарас беретін адамдар келген кезде тәубеңе келесің. Соған қарап, мен өмірдің ағы мен қарасы барын түсіндім», – деді журналист.
Дәнеш Асқарбекұлының айтуынша, соңғы жылдары журналистиканың әлеуметтік функциясы бұрынғыдан да көбейген.
«Америкалықтар айтады, көптеген жыл бойы қордаланып қалған мәселені бір сағаттық ток-шоуда шешу мүмкін емес дейді. Дегенмен, қуанышқа орай, қордаланған мәселені шешіп жатырмыз. Негізі «Шешімі бардың» мақсаты бұл емес. Басты мақсаты – елдегі проблемаларды көрсете отырып, көрерменнің тәрбиелесе дейміз. Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы айтпақшы, телеарна көрерменнің жетегінде кетіп қалмау керек, керсінше биік өнер ретінде, журналистика көрерменін жетектеуші рөлге ие болу керек. Сондықтан біз бағдарлама барысында кейіпкерлеріміздің басындағы проблеманы көрсете отырып, көрерменге бір ой тастасақ, сол біздің басты мақсатымыз», – деді ол.
Бағдарламаға қоғам қайраткерлері, құқық қорғау органдарының, медицина және әлеуметтік қызметтердің өкілдері, саясаткерлер, психологтар, танымал адамдар сарапшы ретінде шақырылады.
«Шешімі бар» бағдарламасы «Тұмар – 2021» ұлттық телевизиялық сыйлығының Үздік ток-шоу аталымы бойынша шорт-тізіміне енгенін еске салайық. 4 шілдеден бастап "Шешімі бар" ток-шоуы дүйсенбі-жұма аралығында сағат 18:00-де Almaty.tv-ден көрсетіледі.
Фото: almaty.tv