Биыл Қазақстан Республикасының дипломатиясына 30 жыл.
Әрине, бұл кезеңді қазақ елінің тарих безбенімен өлшесек, тамшыдай. Дегенмен, «отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмайды», дейді қазақ. Сондықтан да ұлтымыздың таным-түсінігінде 30 жас өте маңызды белес болып саналады. [caption id="attachment_66531" align="alignleft" width="1294"] Суретте: (солдан оңға қарай) ҚР СІМ Консулдық басқармасының қызметкерлеріН.Кузьмин, А.Рахметуллин, М.Керімқұлов, Г.Ахметова, Ы.Дәуренбек, Айкен ханым,
В.Лапий, Ғ.Тұмабаев, М.Кәрібай, Алматы қаласы, 1993 жылдың күзі[/caption] 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап мемлекетіміз халықаралық құқық субьектісі ретінде дүниежүзілік қатынастар аренасына шықты. Сол кезде қайта құрылған мемлекетке бірқатар мәселелерді шешуге тура келді: еліміздің шын мәнінде қандай екенін көрсету, халықаралық деңгейде мойындалуына қол жеткізу, оның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету және халықаралық экономикалық қатынастарға қосылуы. Шетелде бірде-бір дипломатиялық немесе консулдық өкілдігінің болмауына және білікті кадрлардың жеткіліксіздігі өткір сезілгеніне қарамастан, жас мемлекетіздің тәуелсіз сыртқы саясатын қалыптастыру жолына бел будық. Осы бағытта жаңадан құрылған министрліктің ішінде сыртқы саясатты жүзеге асыратын бөлімдер ашылды. Соның бірі консулдық қызметті қамтамасыз ететін консулдық басқарманы атап өтуге болар еді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан сол уақыттан бастап консулдық саланың іргетасын қалап, өз қызметін қалыптастыра бастады. Еліміз қысқа мерзімде 1961 жылғы 18 сәуірдегі «Дипломатиялық қатынастар туралы» Вена конвенциясының және 1963 жылғы 24 сәуірдегі «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенцияларына қосылды, сондай-ақалғашқы Консулдық жарғысын бекітті.
«Дипломатиялық қатынастар туралы» және «Консулдық қатынастар туралы»
Вена конвенцияларына қосылу туралы Қазақстан Жоғары Кеңесінің жарлықтары
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының консулдық қызметі өз жұмысын жоғарыда аталған жарғыға, консулдық-құқықтық мәселелерді реттейтін заңнамаларға, консулдық саладағы халықаралық конвенциялар мен келісім-шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырды. Әлемнің жетпістен астам елінде Қазақстанның екі жүзге жуық консулдық мекемелері мен құрметті консулдықтары өз қызметін атқаруда. Ең бастысы, бұл жетістіктерге осы консулдық қызмет саласына жауапты мамандардың бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Осыған байланысты, әрине Консулдық қызметтің бастаулары жайлы айтылатын естеліктер мол. Осынау маңызды салаға менің де азды-көпті қатысым болғандықтан оқырманмен ой бөлісуді жөн көрдім.Әрбір тәуелсіз мемлекеттің елтаңба, әнұран немесе ту сияқты қажетті атрибуттары (рәміздері) қатарына ұлттық паспорт пен виза да жатады деп ойлаймын. Оның себебі, біріншісі жол жүретін және халықаралық саяхат мақсатында қолданылатын құжат болса, екіншісі шет елдер азаматтарының өзге елге заңды түрде кіруі үшін арналған рұқсат қағаз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндері елімізде бұрынғы КСРО-ның жалпыазаматтық шетелдiк паспорттары қолданылатын. Шет елдерге шығатын лауазымды тұлғалар мен дипломаттар да әлемнің саяси картасынан біржолата жоғалып кеткен мемлекеттің қызметтік және дипломатиялық паспорттарын қолдануға мәжбүр еді, кейбіреулері бұған намыстанатын да. Сонымен қатар, аталған құжаттарды басқа мемлекеттердің паспорттарынан ажырата алу үшін оның соңғы парақшасына «Қазақстан Республикасының азаматы - Сitizen of the Republic of Kazakhstan» деген мөртаңба қойылатын. Бір қызығы, аталған паспорттарды берер алдында оларды шын мәнінде астымызға салып(бет жүзіне, лауазымына қарамай),біраз уақыт үстінен басып отыруымыз керек болатын, өйткені онсыз паспорт иесінің сұйық кеңсе желімімен жағылған фотосуреті тез және сапалы жапсырылмайтын. Бұл әдіс арамызда «қалыптасқан тәртіпке» айналған еді. [caption id="attachment_66533" align="aligncenter" width="1135"] Суретте: ұстазымыз және кәсіби дипломат А.А.Мусинов,
Абу-Даби (БАӘ) 2014 жылдың мамыр айы[/caption] 1994 жылдың алғашқы айларының бірінде мені Консулдық басқарманың сол кездегі басшысы Асқар Ахметұлы Мусинов шақырып, жоғарыдан Қазақстан Республикасының жаңа дипломатиялық және қызметтік паспорттарын жасап шығару туралы бұйрық келгені туралы айтып, бұл істі маған тапсырды. Сол кезден бастап қызу және қызық жұмыс басталып кетті, алайда бұл салада еш жұмыс тәжірибеміз болмағандықтан алғашқсында өте қиын болды. Көпке созбай, кішігірім бейресми жұмыс тобын да құрдық. Ол топтың құрамында әріптестерім Мұхтар Кәрібай, Ержан Омарбеков сияқты белгілі консулдар да болды. Қысқа мерзімде өзге елдердің қолданыстағы паспорттарының үлгілерін сұратып алып, оларды барлық жағынан мұқият зерттеп, нәтижесінде өз паспорттымыздың алғашқы үлгісін кәдімгі қаламсаппен қағазға қолмен жазып, салдық. Мұның себебі, сол кезде басқармада бұрынғы Германия Демократиялық Республикасында шығарылған«Robotron»деген тек бір-екі ғана компьютер болатын және олардың өзі мұндай жұмыс жасауға мүлдем жарамайтын. Дайын болған паспорт үлгісін басында Қазақстан дизайнерлер одағының төрағасы Тимур Сүлейменовке көрсеттік, қарамағында қызмет ететін мамандармен ақылдастық, алайда олардың да бұл саладағы тәжірибелері аздығы байқалды. Сол кезеңдердегі қиындықтарға қарамастан, алғашқы дайындық жұмыстарын уақтылы аяқтадық. Алматыға көп ұзамай Алманияның Мюнхен қаласында орналасқан «Giesecke&Devrient GmbH» деген неміс компаниясының өкілдері келіп, олармен алғашқы келіссөздер жүргізілді (ол кезде тендер жариялау деген мүлдем болмайтын).
Атап өтетін жайт, осы паспорттың үлгісі мен оның сипаттамаларын дайындау барысында мемлекетіміздің ағылшын тіліндегі транскрипциясы мен аудармасын жазу процесі тым ұзақ мерзімге созылып, үлкен қиындыққа соққан еді. Сол кезде басшылық белгілеген мерзімге дейін үлгермей қаламыз ба деген қорқыныш та болды. Оның себебі, алғашқысында паспортымыздың басты бетіне ел атауын ағылшын тілінде «Kazakstan» деп жазамыз деп келісілген болатын, кейін Президент аппараты басшысының кеңсесінен «Kazakhstan» деп жазылсын деген тапсырма түсті. Ондағы мамандарының пікірінше, ағылшын тілінде «k» деген дыбыс сөз ортасында орналасса «һ» әріпсіз мүлдем оқылмайды және естілмейді екен. Менің ойымша, бұл қателік болды, өйткені аталған кеңсенің сол «мамандары» ел атауының ағылшын тіліндегі аудармасын тек орыс тіліне ғана сүйене жасаған.Сонымен, 1994 жылдың қазан айында басқарма басшысы Асқар Ахметұлы екеуміз Мюнхен қаласына ұшып барып, «Giesecke&Devrient» компаниясының штаб-пәтерінде арнайы келісім-шартқа қол қойдық. Қуанышымызда шек жоқ. Көп ұзамай Алманиядан барлық қажетті техникалық құрал-жабдықтар мен дипломатиялық және қызметтік паспорттардың бланкілері келіп жетті. Оны елге алып келген жүк ұшағын Алматы халықаралық әуежайына барып, үйге аса құрметті қонақ келген сияқты ресми түрде қарсы алдық. Содан соң Алматыдағы Төле би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан Сыртқы істер министрлігінің жаңа ғимаратына жайғастырдық. Қазіргі кезде ол жерде Алмалы ауданы әкімінің аппараты орналасқан. Атап өтетін жайт, аталған паспорттардың реттік нөмірлері 0000001 басталатын, сондай-ақ алғашқы он паспорттың болашақ иелерінің аты-жөні алдын ала келісіліп, олардың тізімі де бекітіліп қойған. Осыған байланысты, ендігі істің ең қиын жағы сол паспорттарды басып шығарар кезде туындады, себебі басу процесі кезінде ешбір қате жасамау керек болды. Өйткені, паспорттың әр бланкісі жалғыз экземплярда шығарылған, оның жеке индивидуалдық идентифицикалық нөмірі бар және қателерді бұрынғыдай кеңестік паспорттардағы сияқты ақ корректормен түзете салуға болмайды. Сондықтан да, қолайсыз жағдай болса, кешірер деген үмітпен, алғашқы басып шығарылған қазақтың тұнғыш дипломатиялық паспортының нөмірі D0000009 болды. Тізім бойынша бұл нөмір сол жылы тағайындалған еліміздің Сыртқы істер министірі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі еді. Нәтижесінде бәрі сәтті болып, сол күні аталған паспорт өз иесіне табысталды. Келесі күні «бірінші ондыққа» кіретін тұлғалардың да кезегі келіп жетті. Көп ұзамай министрдің бұйырығымен маған атташе дегеналғашқы дипломатиялық рангі де берілді. Бұл енді бөлек әнгіменің тақырыбы... [caption id="attachment_66534" align="aligncenter" width="734"] Суретте: бұрынғы КСРО-ның қызметті паспорты[/caption] [caption id="attachment_66535" align="aligncenter" width="734"] Суретте: Қазақстанның алғашқы қызметтік паспортының үлгісі[/caption] 1992 жылы Қазақстан Республикасы қолданысқа енгізген бірінші визалары мөртаңба түрінде және қолданылуы өте ыңғайсыз болатын. Сонымен қатар, ондай мөртаңбалардың қолданыстағы саны соншалықты көп болғандықтан кейбір уақытта оларды шатастырып алатын жағдайлар да жиі кездесетін. Мысалы, сол жылдары Алматы халықаралық әуежайында орналасқан консулдық бекетінде кезекшілік еткен белгілі әріптестеріміздің бірі (аттарын атамай-ақ қояйын) сол мөртаңбаларды шатастырып, жаңадан ғана тағайындалып біздің елге ұшып келген Жапония Елшісінің паспортына дипломатиялық визаның орнына «Қазақстан Республикасының азаматы» деген мөртаңбаны қойып жіберген. Ел аумағына кірмей жатып, ойламаған жерден қазақ азаматтығына ие болған жапон Елшісі аң-таң болып қалған екен. Әрине, кейін ол мәртебелі дипломаттан кешірім сұрап, оған тиісті визасы берілді, ал бұл күлкілі оқиға өзіміздің арамызда аңызға айналды. [caption id="attachment_66536" align="aligncenter" width="298"] Суретте: Қазақстанның алғашқы визасы[/caption] [caption id="attachment_66537" align="aligncenter" width="449"] Суретте: Қазақстанның жаңа визасы[/caption] 1995 жылдың көктем айында Алматы қаласында шет елдерде қызмет атқарып жүрген қазақ консулдарының бірінші ресми құрылтайын ұйымдастырдық. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген еліміздің тұнғыш консулдары,өздерінің алғашқы сапарлары жайлы ой-пікірлерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында Германиядағы Нұрлан Қасымқұлов, Франциядағы Қазбек Бейсебаев, АҚШ-тағы Роза Қасенова,Мысырдағы Ержан Мұқаш, Ирандағы Владимир Лапий, Ресейдегі Бекетжан Жұмахановжәне т.б. бар. Сол күні Қазақстан Республикасының заманауи үлгідегі жаңа визалық жапсырманың тұсаукесері де өткен болатын және ондай визалық жапсырманы ТМД елдері арасында Қазақстан алғашқылардың бірі болып енгізді. Бұл визалық жапсырмалардың жобасын басынан аяғына дейін өзіміз дайындап, «Giesecke&Devrient» неміс компаниясының Лейпциг қаласында орналасқан фабрикасында басып шығарылған болатын. 2001 жылдан бастап бұл жапсырмалар, сондай-ақдипломатиялық және қызметтік паспорттардың бланкілері Қазақстан Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасында жасалатын болды. Ол да енді басқа әңгіме... Қазақстан Республикасы өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетуге міндетті. Жақында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстанның азаматтарын Украинадан эвакуациялау жұмыстарын сәтті ұйымдастырғаны үшін бір топ дипломаттар мен консулдар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұғанға дейін де ҚР Сыртқы істер министрлігі жүргізген түрлі гуманитарлық шаралар нәтижелерінде Ирак, Ауғанстан және Сирия елдерінен қазақ азаматтары, сондай-ақ осы қақтығыс аймақтарында еріксіз жүрген балалар елімізге аман-есен қайтарылды. Ал 2020 жылдың алғашқы күндері Қытайдың Ухань қаласы мен Ресей аумағынан Қазақстанның мыңдаған азаматы эвакуацияланды және ол жерлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты адамдарымызды елге қайтару жұмысы өте күрделі болған еді.
Міне, осы аталған және басқа атқарылған көптеген істердің сыртында сол елдердегі біздің кәсіби дипломаттар мен консулдардың да көзге көрінбейтін орасан зор еңбектері бар. Сондай-ақ, бұл біздің негізгі міндеттеріміздің бірі деп есептеймін. Кәсіби дипломат, белгілі публицист Мұхтар Кәрібай «Парыз бен қарыз» деген эссесінде біздің әріптесіміз Бабыр Дәуренбек туралы былай деп жазады: «Кезінде көршілес бір елде бас бостандықтарына қауіп төніп, елінен, отанынан, бала-шағасынан ажырай жаздаған жиырмадан астам қарапайым жүргізуші азаматты құтқару үшін қаншама күндер мен айларыңды, жүйке-жүйеңді сарп етіп, нәтижесі баянды болып, олардың ел шекарасына кірдік-ау, дегенде жата қалып вагонның еденін сүйгенін көрген, тағы бірде бір топ ана мен баланы ұлтаралық жанжал апатынан, еліміздің ондаған азаматтарын өзің қызмет етіп жатқан елдегі соғыс отынан аман алып шыққан, жақында ғана адасқан тағы бір жігітімізді өз басыңа қауіп төндіре отырып жұртына жетектеп алып келген ерлігің ешқашан ұмытылмауы лазым, төтенше жағдайлар жөніндегі бас мекеменің медалін алуың, оны қойшы, азаматтық парызыңды әрдайым адал атқарып сен құтқарған, көмегің тиген сол азаматтардың, демек қарпайым халқыңның ақ батасы мен адал ниеті өзіңді кез-келген пәле-жаладан, тіпті тозақ отынан аман алып шығарына біз кәміл сенеміз.».Менің пікірімше, автор осындай бір ғана сөйлеммен тек Бабыр досымызға ғана емес, барлық консулдардың күнделікті адал еңбектеріне баға берген сияқты. [caption id="attachment_66573" align="alignnone" width="960"] Үнді мүхитының жағалауы, сурет автордікі[/caption] Осы орайда маған тағы мынадай бір оқиға есіме түсіп отыр. 2004 жылдың желтоқсан айының соңында Үнді мұхитында жер сілкінісі болып, ғалымдар оның амплитудасын 9,1-9,3 балл деп бағалады. Таиланд жағалауларындағы, Үндістан, Шри-Ланка және Индонезияның оңтүстік аймақтарындағы елді-мекендер су астында қалып, жүздеген мың адам қаза болды. Бұл жаңа ғасырдағы ең ауыр трагедиялардың бірі еді. Аталған оқиғадан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары да болды. Осы аймақтарда демалып жүрген бірнеше мың отандасымызды құтқару мақсатында дереу эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі туындады. Атап өтетін жайт, сыртта жүрген соншалықты көп адамды төтенше жағдай жарияланған елден бір мезетте қайтару тәжірибесі бізде ол кезде әлі болмаған-ды. Сол күні кешке ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінде жедел түрде Үйлестіру штабы құрылып, консулдарымыз бен өзге мемлекеттік органдардың өкілдері бір апта бойы күні-түні жұмыс жасады. Нәтижесінде, аталған аймақтардағы Қазақстанның барлық азаматтары құтқарылып, аман-сау елге жеткізілді. Өкінішке орай, үш адам із-түссіз жоғалып кетті. Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі күрделі экономикалық ахуалға тап болған Шри-Ланкаға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Оны жеткізуге біздің консулдар барынша ат салысты. Осы шараның арқасында мыңдаған адамдыұзақ мерзімазық-түлікпен, алғашқы медициналық көмекпен және гигиеналық тазалық заттарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді.
Осы кезде бір ерекше оқиға орын алған еді. Эвакуация барысында су астында қалған Пхукет аралынан аман-есен алып шыққан бір азаматымыз елге оралудан бас тартып, Бангкок каласында орналасқан бір бесжұлдызды қонақ үйінде демалысын жалғастыруды шешті. Келесі күні сол жас жігіт қонақ үйдің ауласындағы бассейнге батып көз жұмды. Тағдыр дегеніміз осы екен...Былтырғы жылы Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қатарымен атап өттік. Желтоқсан көтерілісі - қазақ халқын оятып, рухын көтерсе, Тәуелсіздік күні - ата-бабаларымыздың арманын ақиқатқа айналдырып, азаттыққа қолымызды жеткізген асыл да қастерлі мейрам. Кезінде осы Ұлы оқиғалардың нәтижесінде жаңа Ата заңымыз қабылданып, мемлекетіміздің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері, яғни мемлекеттік рәміздер қабылданды. Сондай-ақ, Конституциямыздың 7-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі болып бекітілді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Алматыда орналасқан шетел дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен дипломатиялық хат алмасу тек орыс тілінде ғана жүргізілді. Кеңестік тоталитарлық жүйеден енді шыққан жас мемлекет үшін мұндай ахуалды түсінуге болар. Тек, 1995 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінің ресми ноталарын бірте-бірте мемлекеттік тілде жолдап, шын көңілден балаша қуанғанымыз әлі есімізде. Мұның алдында Тауболды Үмбетбаев, Мұхтар Кәрібай, Ержан Қалекенов, Талғат Шалданбай,Ержан Омарбеков сынды әріптестерімізбен бірге ҚР СІМ Консулдық басқармасы басшылығының алдында осы мәселені қайта-қайта көтеріп, ақыры оларды көндірген болатынбыз.
Сол кезде біз және біздің сыртқы саяси мекемеміздің қызметкерлері 25-30 жылдан соң ресми жиындарды, кездесулерді, келісімдер мен іс-қағаздарды тек мемлекеттік тілде жүргізетінімізге еш күмәніміз болмаған еді...Алайда, бұл жетістікке тек 2002-2007 жылдар аралығында ғана жеттік деуге болады. Осы жылдары біздің мекемемізде мемлекеттік тіліміз "өгей бала" статусынан толық құтылып, қазақ тілін жетік меңгерген мамандар жұмысқа тартылып, нәтижесінде ресми іс қағаздардың басым бөлігі қазақ тілінде әзірленетін. Сонда да, кейбір кезде біздің Министрліктегі осы қалыптасқан жағдай қайта нашарлап қала ма деп уайымдайсың. Оған себеп болатыны - Министрлік пен елшіліктерде өтетін кейбір жиындар мен кездесулердің күні бүгінге дейін тек орыс тілінде жүруі, ресми құжаттардың сол тілде дайындалып, жолдануы. Мен мұны Тәуелсіздігіміз әперген жетістіктерімізді тәрк етіп, отаршылдық саясат заманына қайта оралудың сорақы белгісі деп түсінемін. Менің пікірімше, еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған қасиетті де қаһарман, батыр бабаларымыз өз тіліміздің жағдайы осындай халге душар болады деп ойламаған болар.
Ана тілімізден айырылып қалуымыз - ұлттық қасиетімізден айырылғанымызбен тең. Олай болса, қаншама қан мен тер төгіліп ғасырлар бойы армандаған біздің тәуелсіздігіміз кімге керек!? Қазіргі кезде көпшілікті уайымдататыны балалардың болашағы, халқымыздың келешегі болғандықтан, қазақ тілі сөз жүзінде ғана емес, еліміздің нақты мемлекеттік тілі болуы жолындағы мақсат-мұратынан тайынбайық. Өз елінің шынайы патриоттары ретінде сіздер де іштеріңізден осыны тілейсіздер деген сенімдемін...Ғасырларға бергісіз осынау 30 жыл аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызметінің қара шаңырағынан жүздеген жоғары санатты дипломатиялық мамандар шыққаны барлығымызға мәлім. Қазіргі кезде кейбір ардагерлеріміз зейнетке шыққан, албасқаларыҚР СІМ орталық аппаратында, өзге мемлекеттік органдар мен өндірісте немесеәлемнің көптеген елдерінде абыройлы қызмет атқаруда. Олардың қатарында А.А.Мусинов, Қ.Ы.Тәжібаев, С.Қ.Қартбаев, В.С.Коңырбаев, Б.Ж.Сейтбатталов, А.И.Антоненко, Р.Ж.Қасенова, З.А.Аманжолова, Т.Б.Үмбетбаев, А.А.Рахметуллин, А.Р.Сыздықов, Н.Ә.Қасымқұлов, Е.Қ,Ақынжанов, Д.А.Кәріпов, А.К.Елемесов, Қ.Қ.Лама Шариф, Е.С.Мұқаш, О.С.Оңалбаев, Б.М.Жұмаханов, А.А.Камалдинов, У.А.Төреханов, Т.Р.Шалданбай, Е.Ж.Қалекенов, М.А.Кәрібай,К.Қ.Қожамбердиев, С.Е.Хамидуллин, Е.Б.Мұқашев, М.Батырқұлов, Р.Т.Рақымбеков, Ғ.А.Ағыбаев, Б.Л.Садықов, М.Е.Төрекелді, Б.Т.Мамлин, Е.Т.Әбішев, З.Габдуалина, И.Омаров, Р.Р.Газизов, Ғ.С.Ермеков, А.Әбікенов Е.Омарбеков, Ғ.Тұмабаев, В.Лапий, және т.б. бар. Бәрін түгел атап шығу мүмкін де емес... Осыған байланысты, бүгінгі күнге тәуба деп, жетпіс жылдан астам кеңес одағының қоластында болған қазақ елі өз тізгінін өз қолына алды. Енді бұл елдің болашағы тек біздің қолымызда. Сондықтан да қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігі біз үшін ең басты байлық және қастерлі қазына, асыл парыз болып қалуы керек. Осынау Ұлы мүдде жолында аянбай еңбектенейік.
P.S. Осы жазбада қолданған құжаттардың тұпнұсқаларын мен 2012 жылдың маусым айында біздің Сыртқы істер министрлігінің мұражайына ресми түрде тапсырғанмын. Енді бұл экспонаттардыаталған мұражайға барып,тамашалауларыңызға болады.Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ырысқали ДӘУРЕНБЕК,
Бонн қаласы, Алмания
2022 жылдың маусым айы