Жақында елімізде Білім және Ғылым министрлігі екіге бөлінді: Бірі – Ағарту министрлігі, екіншісі – Ғылым және жоғары оқу орындары министрлігі деп жазады newsroom.kz.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері – Оразгүл Хасенқызы Мұхатова айтуынша, бұны мемлекет басшысы тарапынан жасалған оң әрі орта және арнайы орта білім беру, жоғары білікті,ғылыми, дәрежелі мамандар даярлау салаларын дамыту үшін жасалған ұтымды қадам деп санауға болады. Ауқымды министрлікті екіге бөлу турасында пікірлер біраз уақыттан бері айтылып келді. Ақыры қаңтар оқиғалары мәселенің түйінін шешуді жылдамдатты. Орын алған жағымсыз жайттар жастарды тәрбилеудің ақсап жатқанын көрсетіп берді. Білім сапасының да төмендеп жатқаны жасырын емес. Алайда мұның бәрін бір ғана министрліктің қызметімен байланыстыру қисынсыз болар. Дегенмен бұл бөліністің ұтқырлығы даусыз.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ресей империясының бодандығындағы қазақ даласындағы мектептер, медреселер, қазақ-орыс мектептері(мәселен, 1896 жылы Бөкей Ордасында ғана 24 орыс-қазақ мектебі болған), ер балалар және қыздар гимназиялары, училищелер мен кадет корпустары патшалық үкіметтің Халық ағарту министрлігіне бағындырылды. Министрлік білім беру орындарын бақылап, қаржы бөліп, қажетті мұғалімдермен, оқулықтармен қамтамсыз етіп, өзекті мәселелерді талқылау үшін түрлі журналдар шығарып тұрды.
Қазақстанда кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АССР Ағарту халық комиссариаты, ал 1929 жылдан бастап Қазақ АССР Ағарту халық комиссариаты құрылып, жұмыс жасаған. Барлық кеңестік оқу орындары, ғылыми мекемелер комиссариатқа қаратылды. Комиссариат академиялық орталық, ұйымдастыру орталығы, әлеуметтік тәрбие беру және 15 жастағы балаларға политехникалық білім беретін бас басқарма, кәсіптік-политехникалық мектептер мен жоғары оқу орындарының бас басқармасы, ересектер арасында саяси-ағарту жұмыстары және мектептен тыс білім беру бас басқармасы, мемлекеттік баспаның бас басқармасы, ұлты орыс емес және қазақ тілінде ағарту ісі жөніндегі басқару және академиялық орталықтармен байланыс жасайтын кеңестен тұрды. Әрине, мұндай басқару органы және оның құрылымы сол кездегі уақыт талаптарына сәйкес келді. Өйткені жоғары оқу орындарының саны көп болмады. Ғылыми зерттеулер жүргізетін бір ғана қазақ өлкесін зерттейтін қоғам болды.
1960-жылдары Қазақ ССР Жоғары және орта арнайы білім беру министрлігімен қатар Ағарту министрлігі құрылды. Себебі бұл уақытта Қазақстанда мектептердің, техникумдар мен училищелердің, институттардың саны артып, екі – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік және Қарағанды мемлекеттік университеті мамандар даярлаумен айналысты. Әрбір министрлік өз саласы бойынша қызмет атқарды. Кеңес Одағы, соның ішінде Қазақстан жабық мемлекет болғанымен білім берудің сапасы жоғары еді. Жоғары білікті, арнайы орта білімі бар мамандар кеңестік экономиканың барлық салаларында табысты еңбек етті. Қазақ ССР Ғылым Академиясы ғылыми зерттеулердің ошағы ретінде қызмет етті. Академиялық ғылым салалары жетілдіріліп, ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар ашылды, жетістіктерге қол жеткізілді.
Қарап отырсақ, революцияға дейінгі кезеңдерде және кеңес билігі тұсында білім мен ғылым саласын арнайы атқарушы мекеме басқарған. Басқару тиімді болу және мақсатты нәтижелерге қол жеткізу үшін алпауыт органдар құрылмаған.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін жағдай өзгерді. Қазақстан Республикасында алдымен Халыққа білім беру, одан кейін білім және спорт, кейіннен 1999 жылы Білім және Ғылым министрлігі құрылды. Министрліктің жанында мектепке дейінгі және орта білім, тіл саясаты, сапаны қамтамасыз ету, балалардың құқықтарын қорғау, ғылым комиттері жұмыс жасады. Бұлардың әрқайсысы жеке министрлікке пара-пар. Олай дейтініміз көршіміз – Өзбекстанда мектепке дейінгі тәрбие министрлігі құрылған. Мұндай министрлік әлемде Өзбекстаннан басқа Оңтүстік Кореяда бар. Ал ғылым турасында айтар болсақ, зерттеулер жоғары оқу орындарында, солардың жанынан ашылған орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында және т.б. жүргізілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының мәртебесі төмендетіліп, ол қоғамдық бірлестік болып қалды.
Қоғамның рухани құндылығы – білім беру мен тәрбиенің, ғылымның бір министрлікке жүктелуі, қызмет ауқымының кеңдігі көптеген түйткілдер мен қиындықтарды тудырды. Соңғы жылдары республикада орта білім беретін мектептердің саны артты. Бірінші сыныпқа баратын балалардың саны күрт өсті. Бұрын-соңды естімеген «Р» сыныбы деген орын алды. Бұрын ары кетсе «В» сыныбымен аяқталатын еді. Мұның өзі мектеп табалдырығын аттағандардың саны жыл сайын өсіп келеді дегенді білдіреді. Жоғары оқу орындары, әсіресе жеке меншік университеттер мен академиялар саңырауқұлақтай қаптады. Бір ғана мысал, статистика комитетінің мәліметінше 2020-2021 оқу жылында Қазақстанда 128 жоғары оқу орындары жұмыс жасады. Олардың көпшілігінде білім берудің Болондық моделі бойынша бакалавариат, магистартура және докторантура сатысында мамандар даярлануда. Аталғандардың әрқайсысының өзіндік проблемалары шаш етектен. Осыларға ғылым саласын басқару мен реттеуді қосыңыз. Атқарушы органға жаңа министр келген сайын жасалатын реформа өз алдына бөлек әңгіме. Барлық тұстарын қамтып, ұтымды шешімдер қабылдап, бақылау жасаудың қиын екендігін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Білім беру кез келген елдің дамуындағы негізгі әрі барлық салалары бойынша басымдылыққа ие болу көрсеткіші саналатындығын ескерсек, қос министрліктің құрылуын өз уақытында жасалған маңызды шара деп қабылдағанымыз абзал. Мектепке дейінгі тәрбие, орта мектептер мен орта арнайы оқу орындарының Ағарту министрлігіне қаратылғанын құптайтындар көп. Ендігі уақыттарда осы саламен ғана айналысатын атқарушы органның кемшіліктерінен гөрі жетістіктері басым болатынына сенім мол. Тәрбиелі, білімді ұрпақ дайындаудың кілті осы министрлік болады деген ойдамыз.
Елдің елдігін әлемге танытатын басты құндылық ғылым екендігіне әлдеқашан көз жеткізіліген. Бәсекелестік те осы рухани құндылық жүйесімен тікелей байланысты. Сол себепті де болашақ өркендеуін мақсат еткен мемлекет ғылымына ерекше мән береді. Қазақстан Президенті мен үкіметі осы маңызды саланың қордаланған мәселелерін қарап, ұтымды шешім қабылданды. Жақында атап өтілген Ұлттық Ғылым Академиясының 75 жылдық мерейтойына байланысты жиында Ғылым ордасының мәртебесінің өзгеретіндігі айтылды. Артынша академия мемлекеттік мәртебеге қол жеткізіп, Президиумы қайта жасақталды. Ендігі жерде тек ғылыми жобаларға телміріп, тәуелді болған ғалымдарға тұрақты жалақы берілетіндігі атап айтылды. Мұның өзі көптеген ғылыми-зерттеу институттарының тамырына қан жүгіреді дегенді білдіреді. Жаңа Қазақстанды құруды мақсат етіп отырған ел үшін ғылымын дамытып, ғалымдарының жағдайын жасау қажет. Сонда ғана тың технологиялар, ғылыми жаңалықтар дүниеге келеді.
Олай болса, екі министрлікке де толағай табыстар тілеп, елдің беделі мен бекересін арттыру, тәуелсіздікті нығайту бағытында қызмет ететіндіктеріне кәміл сенеміз.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері – Оразгүл Хасенқызы Мұхатова