Осы орайда, 2020 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың алдында «Бірер күн бұрын менің жасым 39-ға толды. Біздің қатарымыз - 80-ші жылғылар жоғалған буын болып есептеледі. Біз қазір үлкен өмірлік таңдау алдында тұрмыз, әрі қарай не істеу керегін білмейміз. Жинаған біліміміз бар, тәжірибе бар, қателіктер де жасадық. Менің жеке кумирім - 1972-92 жылдары Финляндияның білім жөніндегі ұлттық кеңесін басқарған, білім саласын дамытуда өздерін тарихтың отына тастап жіберген буынның жарқын өкілі Эркки Ахо. Біз де өзімізді тарихтың отына тастауға дайынбыз. Сондықтан біздің энергиямызды пайдаланыңыздаршы. Себебі, Қазақстанда басқа жол жоқ», - деген Саясат Нұрбекті айтсақ та болады. Араға екі жыл салып еліміздің Жоғары білім және Ғылым министрі болып тағайындалды.Жуырда Ұлытауда өткен құрылтай кезінде Мемлекет басшысының алдында белгілі журналист Мақсат Толықбай «Елімізде көзі жанып тұрған жастар бар. Сондықтан әлеуетімізді, потенциалымызды ел игілігі үшін жұмсауға дайынбыз. Су десеңіз суға, от десеңіз отқа түсеміз», - деп айтты.
«Жаңа Қазақстан» мен 2 республикада құрылтай шақырып, Ұлытауда өткен жиында танымал математик Асқар Жұмаділдаев «Бізде генерал көп екен. Бірақ бұйрық беретін командир жоқ екен. Сен салар да мен салар, атқа шөпті кім салар? - деп тұрғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы билікті қолына бірде алды. Президент Тоқаев жедел де батыл шешім қабылдады» - деп сөз сөйледі.Жуырда жалпұлттық референдум өтті. Ел қатысып, Ата заңға өзгерістер енген соң түрлі саяси болжам айтушылар көбейді. Алда Парламент тарайды, сайлау болады, әкімдер сайланады, елдің саяси өмірі бұрқ-сарқ қайнайды деп бал ашушылар асыра көбейді. Бәлкім, сол жорамалдар тура келіп, өзгерістер орын алып жатса, жоғарыда есімі аталған кісілердің жаңа қызметке тағайындалуына қалай қарайсыз? Айтқандай, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей шынымен «ел басына күн туып, ауыздықпен ат су ішер кезде» отқа салыңыз, суға салыңыз дейтін азаматтарымыз жапонның самурайлары секілді сэппуку жасауға қаншалықты әзір екен?!
Қонырақын ҚАРАБАЙ