«Мұстафа Шоқай – ұлы тұлға. Алаш арыстарынан айырмашылығы, ол Орталық Азиядан алғашқылардың бірі болып миграцияға барып, Кавказда, Бакуде, Грузияда, Түркияда, Германияда, Францияда және артынша Европада барлық мемлекеттерді шарлай жүріп, жиындарға қатысты. Артынан мол мұра қалдырды", - деді халықаралық Түркі академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі.Оның пікірінше, Мұстафа Шоқай мұрасы қазір Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысына үлкен көмек болады.
"Себебі, ол – сол дәуірдің куәгері, ал өзге куәгерлердің көбісінің жазуға мүмкіндігі болған жоқ. Ал Мұстафа Шоқай нақты деректермен қарулана отырып, большевиктік билікті аяусыз сынады. Оның деректері өте дәл, нақты құжаттармен, айғақтармен жазылғандықтан да большевиктік билікке өте ауыр тиді", - деді халықаралық Түркі академиясының президенті.Дархан Қыдырәлі Мұстафа Шоқай еңбектеріндегі зерттеулер өзінің кезінен басталғанын жеткізді.
"Ол өзі сол замандастарының шығарған еңбектеріне қолғабыс жасай отырып, ғылыми еңбектер жазды. Қазір "Архив-2025" бағдарламасы бойынша біршама жұмыс атқарылып жатыр. Шоқайдың мұраларының көпшілігі елге жеткізілді. Оның Польшадағы мұрағаттағы құжаттары немесе Франциядағы хаттары көп томдық болып шықты. Түркиядағы, Грузиядағы еңбектерінің көпшілігі топтастырылды", - деді ҚР ҰҒА академигі, профессор.Тарих ғылымдарының докторы Гүлжауһар Көкебаева Германия мен Польшада жинаған материалдары мен өзі топтастырған хаттары туралы айтты. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қамзабекұлы Дихан, профессор Зиябек Қабылдинов, Мичиган мемлекеттік университетінен Кожаоғлы Тимур (АҚШ), зерттеуші-ғалым, жазушы Андижан Ахат (Түркия), тарих ғылымдарының докторы, профессор Раджабов Кахрамон (Өзбекстан), BULAG кітапханасы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Бенджамин Гишар (Франция), филология ғылымдарының докторы Абид Тахирли (Әзербайжан), Қырғызстан Кітап палатасының жауапты қызметкері Кушубек Качибеков (Қырғызстан), Аймақтық мәселелер институтының директоры Дмитрий Журавлев (Ресей) және мәжіліс депутаттары, шоқайтанушы ғалымдар қатысты.
Тілші БАЛА