1990 жылдың сәуір айында бес-алты журналист халқымыздың біртуар азаматы Д.А.Қонаев ағамыздың үйіне бардық деп жазады Newsroom.kz порталы Бекенов Нұрахмет-тің фейсбук парақшасына сілтеме жасап.
Ондағы мақсатымыз, жақында ғана дүниеден өткен жолдасы Зухра Шәріпқызының қайтыс болуына байланысты көңіл айту болатын. Менің пайымдауым бойынша, ол кісінің пәтерінің бөлмелері атшаптырым, іші құндылығына көз тоймайтын жиһазға толы сияқты көрінетін. Есіктен аттап кірген бетте біздерді ұзын бойлы, жүзінен нұр шашқан Димаш ағаның өзі қарсы алды. Қол алып, төс қағыстыра амандастық.
Ел таныған осындай азаматтың алақанына қолым тиген бетте денемді бір ерекше сезім шарпып өтті. Өз көзіме өзім сенбеймін. Әлем мойындаған және қазақтай елдің өрісін кеңейткен тұлғаның үйінде отырмын. Бұл мен үшін үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай.
Әсіресе, бізді үй-ішінің тым қарапайымдылығы таң қалдырды. Залында диван, екі кресло, жорнал столы және кереге бойына ұзыннан созылған кітап қоятын сөре ғана. Басы артық бір мүлік жоқ. Яғни, біз отырған пәтер республиканы 22 жылдан артық басқарған адамның шаңырағына мүлде ұқсамайды. Осы көріністің өзі-ақ ол кісінің мүмкіндігі ұшан-теңіз бола тұра, дүние-мүлік пен байлыққа қызықпаған парасатты адам екенін айғақтап тұрды.
Димаш аға біздерді мұсылмандық дәстүрмен дастархан басына шақырды. Ас бөлмесіне кірсек, дастархан үстінде басына ақ жаулық киген, өте өңді бір әже отыр екен. Бәріміз ол кісіні танымасақ та, жапырыла амандастық. Әжей де орнынан тұрып: «Жақсымысыңдар, айналайындар» деп ерекше ілтипат танытты. Сол кезде Димаш аға бәрімізге қарап:
-Мына апаларыңды танисыңдар ма? – деп сауал тастады. Біз болсақ танымайтынымызды іштей білдіргендей, үнсіз қалдық. Сол кезде:
-Танымасаңыздар танып қойыңыздар, Олжастай ұл туған шеше осындай болады,- демесі бар ма.
Дәл осы сөзді естігенде денемді тоқ соққандай бір сезім шарпып өтті. Сөйтсек, ақ жаулықты әжеміз есімі әлемге мәшһүр ақынымыз Олжас Сүлейменовтың анасы екен. Маған бұл сөздің қатты әсер ету себебі, данагой Димаш ағамыздың қазақтың қара сөзін майын тамыза айта білуінде еді. Егерде сол жерде сөздің мәнісін білмейтін басқа біреу болса, жай ғана «Олжастың шешесі», я болмаса «Олжастың мамасы» деп қана таныстыра салар ма еді. Ал Димаш аға болса Олжас Сүлейменовтің де, оның аяулы анасының да абыройын асқақтатып: «Олжастай ұл туған шеше осындай болады» деп айтуы асқан мәдениеттілігі мен көрегендігі екенінде сөз жоқ.
Және де Димаш ағаның үйіндегі дастархан басында тағы бір ұмытылмас жағдай болды. Бізге жасы қырықтан асқан, әдеміше келген бір келіншек шәй құйып отырды. Димаш аға ол кісіні бізге келінім деп емес, «Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова» деп таныстырды. Осы сөзді естігенде тағы да бір таң-тамаша күйге түскенім рас. Қарапайымдылығына таң қалғаным соншалық, Ләйлә Мұхтарқызына тесіле қарап қалыппын. Бұл дегеніңіз, белгілі әдебиетші-ғалым және академик Зейнолла Қабдолов марқұмның: «Мен Әуезовтың үйінен қымыз іштім» деп мақтанғаны сияқты, біз үшін де үлкен дәреже, ұмытылмас тарих. Әуезовтың үйінен қымыз ішпесек те, асылдың сынығының қолынан шәй ішіп, Димаш аға сияқты заңғар азаматтың зиялы әңгімесін тыңдау екінің бірінің маңдайына жазылмаған шығар. Осылайша, Димаш ағаны өмірде бір мәрте ғана көріп, бір мәрте ғана дастархандас болдым. Ұлы адамның жанында болған бір ғана сәт менің жүрегімде өмірлік тәлім болып қалды.
Өкінішке орай, Димаш ағамен кездескеннен кейін көп ұзамай Кеңес өкіметі құлады. Заманның өзгеруіне байланысты іле-шала капитализм элементтері бой көрсетіп, нарық заңдары өз үстемдігін жүргізе бастады. Содан кейін «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, адамдардың психологиясы да күрт өзгерді. Көкжиектен жаңа өмірге жылдам бейімделген «жаңа қазақтардың» сұлбасы көптеп көрініс берді. Олардың ішіндегі кейбір пысықтарының ниеттері Димаш аға тәрбиелеген азаматтардың психологиясымен мүлде сәйкес келмейтін еді. Содан кейін жаппай жекешелендіру басталды.
Жекешелендіру кезінде тамыр-таныстық пен жемқорлық індеті де белең алды. Бір кездері Димаш ағаның бастауымен бүкіл ел болып салдырған кәсіпорындар мен небір сәулетті ғимараттар шетелдік алпауыттар мен «жаңа қазақтардың» иелігіне өте бастады. Тіпті, жемтікке ұмтылған құзғындардай шүйліккендері сонша, балабақша мен мәдениет үйлеріне дейін талапайға түсірді. «Балалардың болашағы не болады?» деген сұрақтар да жауапсыз қала берді. Сөйтіп, ұлттық мүддені сақтағаннан гөрі, материалдық құндылықтарды қарпып қалуға деген жанталас өрши түсті. Сол кезде өзін мазалап жүрген мәселелер бойынша Димаш аға Алматы қаласының әкімі болған марқұм Заманбек Нұрқаділовке телефон соғыпты.
Осы орайда оқырманға түсінікті болу үшін Заманбек Нұрқаділовтың «Не только о себе» атты кітабынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдім:
«Как-то поздней осенью 92-го года мне позвонил Димаш Ахмедович. Он был – чувствовалось по голосу – заметно расстроен. Говорил тихо, делая паузы, размышляя вслух.
-Заманбек, ты в курсе того, что во дворце школьников, сосвятилище детства устраиваются банкеты, юбилеи, празднуется свадьбы новых богатеев? Даже устраиваются, говорят, орги?
Я то был в курсе.
-Да Димаш Ахмедович, я знаю. Но дело все в том, что...
Димекен остановил меня.
-Мне известен наперед все твои доводы. Что городских денег на содержание дворца нет, потому и приходится сдавать в аренду помещения коммерсантам... Но скажи на милость, куда мы идем? Что будет с нашими детьми? Что я мог сказать Димашу Ахмедовичу? Ответа на эти вопросы я не знал. Не знаю и сегодня»...
Ия, Димаш аға өмірінің соңғы жылдары әділетсіздіктерді көп көрді. Соның ең ауыры – халық игілігінің ту талапайы шығып, өзі тәрбиелеген кей шәкірттерінің теріс айналып кеткені болды. Онысымен қоймай, баспасөз бетінде орынсыз қаралап, артынан шам алып түскендер де жоқ емес. Тіпті, Мәскеу тарапынан тергеуге де алынды.Алайда, КСРО бас прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Калиниченко артын қазбалап, қаншалықты ілік іздесе де, қаралайтын еш айғақ таппады. Осы мәселе жөнінде өзінің «О моем времени» атты кітабында жақсы айтып өтіпті. Ал енді зейнеткерлік демалысына шыққан кезде билік басындағы нысапсыз біреулер қызметтік «Волга» автокөлігін де тартып алған көрінеді.
Бұдан артық бассыздық болмайтын шығар, сірә. Заман ағымындағы осындай көлеңкелі көріністер жанына батты ма, әлде дәм-тұзының таусылғаны ма, көп ұзамай 1993 жылдың тамызында Димаш ағамыз фәни дүниеден озды. Ол кісіні соңғы сапарға шығарып салуға келгендердің есебінде шек болған жоқ. Дәл сол кезде маған тұнығы лайланбаған тұлғағамен бірге бүкіл бір қоғамның бекзаттығы мен тазалығы мәңгілікке кетіп бара жатқандай әсер етті...
Осы орайда көңіліме қаяу салған мына бір оқиғаны да тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім. Ол былай болған еді. 2012 жылы Димаш ағаның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Димаш аға - қимас аға» деген тақырыппен көлемді эссе жаздым да, «Егемен Қазақстан» газетіне шығармақшы болдым. Өкінішке орай, сол кездегі газет басшыларының бірі мақаламды баса алмайтынын айтты. Себебін сұрағанымда, билік тарапынан Д.А.Қонаев туралы көп насихат жасамау жөнінде қатаң ескерту түскенін жасырмады.
Сол сәттегі алай-дүлей болған көңіл-күйім әлі көз алдымда. Қоғамымыз жағымды образға жарымай жүргенде, о дүниелік болып кеткен Димекеңдей тұлғаның беделінен қорыққан биліктен түңіле жаздадым. Осы оқиға туралы 2012 жылы 4 қаңтарда күнделігіме «Қонаевтың беделін бұғаттаған билік...» деген тақырыппен шағын естелік жазып қойыппын. Алайда, мақалам газетке шықпаса да, 2013 жылы «Менің тағдырымдағы адамдар - Люди в моей судьбе» атты екі тілде жазылған эсселер жинағыма кірді.
Кейіннен ойлап қарасам, сол кездегі биліктің Д.А.Қонаевтың беделін бұғаттап, ел алдындағы асқар таудай абыройын насихаттаудан қорқатындай жөні де бер екен. Себебі, қалам ұстаған қауым бірінші кезекте Димаш ағаның халықтың қазынасын талан-таражға салуға жол бермеген шынайы бейнесі және туған-туыстарын мемлекет қазынасына жолатпаған әділеттігі туралы жазары сөзсіз. Бұл жағдайлар кредит пен қарызға белшеден батып жүрген қарапайым халықтың алдында Димаш ағаның беделін одан сайын асқақтата түсері белгілі. Содан барып көпшіліктің билікке деген өкпе-реніші оянуы мүмкін еді.
Қазір ойлап қарасам, кезінде билік басынан сөзі мен ісі сай келмейтін және өресі төмен небір идеологсымақтарды көрдік. Ондайлардың идеологиялық концепцияларды қалыптастырып, ұлттың рухын көтеретін шараларды қолға алуға қауқарлары жетпегені шындық. Себебі, олар халықтың рухын көтеруден қорықты. Сөйтіп, саяси-идеологиялық бағыттағы жұмыстардың барлығы бір адамның мүддесіне ғана қызмет етті. Ал енді шындықты айтып, шырылдаған тұлғаларға қарсы небір лас саяси технологияларды қолдануға келгенде алдарына жан салмағандарына таң қаласың.
Димаш аға жөніндегі ақиқат пен аңызға толы әңгімелердің желісінде шек жоқ. Ал енді мына оқиғаның орны тіптен бөлек. Атап айтсам, Димаш аға 1986 жылы Ғылым академиясының президенті болған інісі Асқар Қонаевты қызметтен алып тастап, қара қылды қақ жаратын қағидатшылдығын тағы бір көрсеткен болатын. Бұған қоса Дияр Қонаев есімді немере інісі О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде оқыпты. Алайда мектеп мұғалімдері оған ел басшысының ет жақын туысқаны ретінде еш жеңілдік жасамапты. Содан сабақтың ауырлығына шыдамаған Дияр басқа мектепке ауысуға мәжбүр болған екен. Бұл дегеніңіз әділеттілік пен жастардың шынайы біліммен сусындауы елді Д.А.Қонаевтың басқаруы кезінде болғанын аңғартады. Ал егерде бұл жағдай қазіргі уақытта орын алатын болса, мектеп директорынан бастап барлығы әлгі патшаның баласының алдында құрдай жорғалап, өтірік бағамен семіртіп, «данышпан» ғылып шығаратын еді. Осы орайда белгілі ақынымыз Олжас Сүлейменовтың Димаш Ахметұлының артында өз кіндігінен тараған ұрпақ қалмаса да, қаншама жас толқынды адалдыққа, тазалыққа тәрбиелеп кеткені жөнінде тебірене жазуы маған керемет әсер етті.
1990 жылы сол кездегі халықаралық «Азия» газетінің бас редакторы болған марқұм Молдақан Мұқатаев ағам маған «Желтоқсан оқиғасына» әділ баға бергізбей, бәрін лаңдатып кеткен М.Соломенцев жөнінде саяси салмағы басым мақала жазып беруімді өтінді. Сол мақаланы жазу барысында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Асанбай Асқаров ағамыздың үйіне бардым. Себебі, көп нәрседен хабары бар жігіттер Соломенцев жайлы Асекең көп біледі деп кеңес берген еді. Асанбай аға сол кезде енді ғана ақталып, түрмеден өз шаңырағына оралған кезі болатын.
-Соломенцевтың тапсырмасымен олар маған қара күйе жағып, қамауға алды. Түрмеде көрсетпеген қорлықты көрсетті. Қонаевқа пара берді деген жалған айып тақпақшы болды емес пе,- деді қатты күйінген Асанбай аға. – Мен өзінің академик ретіндегі ай сайынғы 750 сом жалақысын балалар үйіне аударып отырған Димекеңдей дара тұлғаға қалай тіл тигіземін?- деп айтқаны әлі есімде. Және де сол жылы аталмыш мақала «Соломенцевтың сойқандары» деген тақырыппен жарыққа шығып, ішінде біраз шындық айтылған еді.
Димаш аға жөніндегі ой-толғамдарымды қағаз бетіне түсірмес бұрын замандастары жазған біраз естеліктерді парақтауға тура келді. Осы орайда мына бір оқиға өзіме тағы да ерекше әсер етті. Мысалы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов ағамыз қайтыс боларының алдында бала-шағасын жинап алып: «Жыламаңдар! Одан да мені ақирет сапарына дұрыстап шығарып салудың қамын жасаңдар. Ертең ана бақи дүниеде Қонаевтың қабылдауына дұрыстап барайын...» депті әзіл-шыны аралас. Тереңнен ойлап қарасаң, Қаратай ағаның бұл сөзінің астарында ұстазға деген үлкен құрметтің, о дүниеде де бірге жүрсем деген сағыныштың белгісі жатқанын аңғару қиын емес.
Ия, бәріміздің де тағдырымыз жаратқан Иеміздің қолында. Уақыты келгенде барар жеріміз де Алла тағаланың алды екені ақиқат. Фәни жалғанда жасаған сауапты істеріміз бен күнәларымыздың салмағын таразыға салып, кімнің орны - жұмақ, кімнің орны – тозақ екенін шешетін де құдіреті күшті Алла тағала ғана. Алайда, жұмыр басты пенде болған соң кей кездері сырттан тон пішетін сәуегейлігіміз де жоқ емес. Бойына иман байлығын жиған адам фәни дүниеден өткен кезде қимай қоштасамыз да, «Жұмаққа баратын шығар» деп топшылаймыз. Осы орайда Димаш ағамыз жұмақтың төрінде отырып, еліне адал қызмет еткен серіктестерін алдынан құшақ жая қарсы алып жүрген сияқты көрінеді де тұрады маған.
Иә, отыз жыл бойы жақсыны да, жаманды да көрдік, әрине. Шынтуайтын айтқанда, мемлекетті қалыптастыру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін жоққа шығарып, біржақты пікір айту әбестік болар. Себебі, қателеспейтін пенде жоқ. Дегенмен, отыз жылдың ішінде саяси реформалар бір адамның мүддесіне ғана қызмет етіп, демократиялық қағидаттар қанатын кеңге жая алмағаны шындық.
Сонымен қатар жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен трайбализмнің аяғына тұсау сала алмағанымыз қоғам үшін өте ауыр болды. Байлар мен кедейлердің арасы тым алшақтап, әлеуметтік мәселелер қордалана берді. Яғни, ақшасы көптер мен тіреуі мықтылардың заманы туды. Соның нәтижесі кешегі қаралы «Қаңтар оқиғасына» әкеліп соқтырды. Сол кезде көпшілік шынымен де елімізді Д.А. Қонаев басқарған замандағы әділеттіліктерді еске алды.
Осы орайда белгілі саясаткер Досым Сәтбаев: «Қазіргі таңда Кеңес өкіметін көрмеген жастар арасында Дінмұхамед Қонаевты жақсы көру тренді пайда болды...Бүгінде қазақ жастары өздерінің кумирлерін орта ғасырлардан емес, бергі кезеңдердегі тұлғалардың арасынан іздеп, Қонаевтың іс-әрекетін жоғары бағалап жатыр»...деп жазыпты.
Сонымен қатар 16 наурыз күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Д.А.Қонаевтың есімін Алматы облысының орталығы ретінде Қапшағай қаласына беру жөніндегі ұсынысын бұқара халық үлкен қошаметпен жылы қабылдады. Бұл дегеніңіз әділеттіліктің салтанат құрып, талай жыл ескі биліктің тарапынан бұғатқа түсіп келген Димаш аға беделінің «Жаңа Қазақстанмен» қоса қайта жаңғыруының белгісі деп қабылдағанымыз жөн. Осылайша, биыл туғанына 110 жыл толып отырған алып тұлға кезінде өз қолымен салдырған Қапшағай қаласына аты беріліп, өз тұғырын тапты.
Қазіргі уақытта еліміздің өткендегі кадр саясатындағы кемшіліктер мен әлеуметтік теңсіздік жөніндегі көп әңгімелер ашық айтыла бастағаны қуантады. Алайда, нағыз меритократия қағидаты мен әлеуметтік теңділік елімізді Димаш Ахметұлының басқаруы кезінде болғаны шындық. Қой баққан шопаннан бастап министрге дейін адал еңбек етуге тырысты. Себебі, адамдарда ертеңгі күнге деген сенім болды. Ал енді қазіргі уақыттағы шопан деген кім? Ол еңбек озаты ретінде мемлекет тарапынан берілетін түрлі марапаттар пен әлеуметтік жеңілдік атаулының бәрінен қағылған бір фермердің жалшысы десек, қателеспейміз. Өйткені, жүз саулықтан 200 қозы алса да, қожайынының қабағы мен қолына қарап өмір сүреді. Тіпті, денсаулығын түзеу үшін кәсіподақ ұйымы арқылы жеңілдікпен шипажайға берілетін жолдама да жоқ.
Бұған қоса механизатор, сушы, жүргізуші, күзетші, бақташы сияқты әлеуметтік ахуалы төмен топ өкілдерінің мүдделері де мемлекеттің назарынан тыс қалды. Кешегі Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев сияқты шопандар мен Кәмшат Дөненбаева сияқты механизаторларға жасалатын қошамет келмеске кетті. Аталмыш саланың өкілдері үшін сайлаудың додасына түсіп, депутаттық мандатқа ие болу үміті де баяғыда үзілген еді.
Енді осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы қолға алған шараларының ішінде әлеуметтік сала басты назарда екені қуантады. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 16 наурызында Парламентте жасаған Жолдауында Қазақстан Конституциясына 30 өзгеріс енгізіп, жыл аяғына дейін 20-дан астам заңдар қабылдау керектігі туралы тапсырмасынан талай жылғы қордаланған проблемалардың оңды шешім табатынын байқауға болады. Соның ішінде пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесіне көшу керектігі жөнінде айтқаны алдағы уақытта әділ сайлауларды өткізудің алғы шарты екені сөзсіз.
Сөз соңында тағы бір айта кететін жайт, сырт қараған адамға Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Димаш Ахметұлының образдарынан белгілі бір ұқсастықтарды да байқау қиын емес. Олай топшылауымыздың себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы отыз жылдан аса билік басында жүріп, артынан бір ауыз жаман сөз ергізбеді. Сонымен қатар, қаржылық-олигархтық топтармен мүдделес еместігі де анық.
Аталмыш мәселелер туралы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында да ашық айтты. Мысалы, Президенттің туысқандары жоғары саяси және мемлекеттік қызметте, сондай-ақ квазимемлекеттік секторларда басшылық қызметте жұмыс істемеу керектігін де ескертті. Бұл дегеніңіз отбасылық–кландық басқару жүйесінен бас тартудың және «Тура биде - туған жоқ, туғанды биде - иман жоқ» деген қағидаттың жарқын үлгісі. Осындай мүдделілік тұрғысынан қарасақ, екі тұлғаның өмір жолдарындағы ұқсастық пен халыққа қызмет ету қағидаттары да бір-біріне үйлесіп тұрғандай.
Сонымен қатар қазіргі уақытта кейбір БАҚ көздері мен әлеуметтік желілерде Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің: «Елімізді 70 жыл дінсіздер билейді, 30 жыл ұры-қары билейді, содан кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді» деген сәуегейлік тұжырымы туралы да жиі айтылып жүр. Жақсы сөз – жарым ырыс, әрине. Сондықтан да аңыз бен ақиқатқа толы осы бір киелі тұжырымның артында жарқын болашақтың сұлбасы бой көрсетіп тұрған сияқты сезінемін. Ләйым солай болғай...
Тілші бала