Теледидарда 90-жылдардың соңына дейін, ал кинотеатрларда 2006 жылға дейін фильмдер украин тіліне жаппай дубляждалмайтын деп жазады Newsroom.kz порталы Qazaq Grammar фейсбук парақшасына сілтеме жасап.
Кинотеатрлардың бәрінде орыс тілі басым болды (тіпті украинтілді Тернополь мен Львовта да), тек бірнеше фильм украин тіліне дубляждалған еді. Әрбір мұндай дыбыстау – сирек әрі ерекше оқиға болды
(қазір Қазақстандағыдай).
Егер сіз Украинаның кез келген қаласына келсеңіз, жақында Украинада жаппай дубляж болмағанына сену қиын. Қай жерде болсаңыз да, орыстілді Мариуполь мен Харьковке немесе украин тілінде сөйлейтін Тернополь мен Львовқа барсаңыз, барлық дерлік кинотеатрларда украинша дубляж болады да, орысшасы болмайды.
Украиндық дубляж кинотеатрға баратын әрбір украиндық үшін, тіпті шығыс Украинаның орыстілді тұрғындары үшін де қалыпты нәрсеге айналды. Саналы жасында орыс тілінде фильм көрмей, тек украин тіліндегі аудармасы бар фильмдермен тәрбиеленген адамдардың тұтас бір буыны өсті.
БҰРЫН ҚАЛАЙ ЕДІ?
Украинадағы фильмдерді дубляждау Қазақстандағыдан ерекшеленбеді. Кеңестік Украинада украиндық орысша жекелеген фильмдер ғана украин тіліне дубляждалған. Бірақ украиндық фильмдердің украинша дубляждары ешқашан шығарылмады. Шетелдік фильмдерді, ең болмағанда КСРО республикаларының фильмдерін украин тілінде дубляждау туралы әңгіме де болған жоқ.
Кеңес басшылығы «интернационалдандыру» деп аталатын, нәтижесінде біртұтас «кеңес халқы» пайда болуы керек саясатты белсенді жүргізген еді. Украин, қазақ және кеңестік республикалардың басқа тілдеріне екінші рөл берілді. Бұл орыс мәдениетін арттырып, кеңестік республикаларды ұлтсыздандыруға әкелді, бұл олардың отар мәртебесін айқындады.
КСРО ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдары жағдай өзгерген жоқ. Кинотеатрларда 2006 жылға дейін фильмдер тек орыс тілінде көрсетілді, ал телеарналар 90-жылдардың ортасында украиншалана бастады.
ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді украин тіліне аударуды бірінші болып жеке телеарналар бастады.
Пионерлердің бірі 1995 жылдан бастап мультфильмдер мен сериалдарды украин тіліне аудара бастаған ICTV арнасы болды.
Бұл телеарна балалық шағы 90-шы жылдардың ортасына келген украиндар арасында сүйікті боп кеткен «Альф» американдық сериалын дыбыстаған еді.
Басқа жеке телеарналардың пайда болуымен теледидардағы фильмдер мен сериалдардың украиндық дубляжы 2000-жылдардың басында-ақ қалыпты және кең таралған құбылысқа айналды. Бірақ Украина кинонарығында паразиттікке айналған ресейлік дистрибьюторлар 2006 жылға дейін кинотеатрлардағы фильмдерді украин тіліне дубляждау туралы ойлаған да жоқ. Бұл жағдай одан ары да солай жалғасуы мүмкін еді, бірақ мәселеге Украина билігі араласты.
УКРАИН ТІЛІ КИНОТЕАТРЛАРДА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
2005 жылы Виктор Ющенко Украина билігіне келді. Ющенконың сайлауалды бағдарламасының бір тармағы украин тілінің қоғамдағы рөлін күшейту болды. Ющенко қазір әлсіз саясаткер және президент болып саналғанымен, дәл оның тұсында украин тілі өз мәртебесін айтарлықтай нығайтты.
2006 жылдың қаңтарында Украина Премьер-министрінің орынбасары Вячеслав Кириленконың белсенді қолдауымен Юрий Ехануровтың үкіметі 2006 жылдың 1 қыркүйегінен бастап украин тіліне дубляждалған фильмдер кемінде 20%, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап кемінде 50%, ал 2007 жылғы 1 шілдеден бастап кемінде 70% болуы керек деген қаулы шығарды. Голливудтық студиялармен тікелей жұмыс істеген украиналық дистрибьюторлар мұндай бастаманы қолдады. Олар ештеңе жоғалтқан жоқ, өйткені украин тіліне дубляж жасауды Голливуд студиясы төлейді.
Ал Ресейден орысша дубляжды әкеліп жатқан ресейлік дистрибьюторлардың Украинадағы өкілдіктері бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Олардың дәйектері тұрпайы әрі банал болды:
– украин тілі кедей және дамымаған,
– Украинада фильмдерді аудару үшін жақсы аудармашылар, студиялар мен техникалық мамандар жоқ,
– Украинаның орталық және шығысындағы ірі қалалардағы адамдар жай ғана кинотеатрға бармай кетеді және орыс тіліндегі пираттық аудармаларды көреді (кинотеатрлардың кассалық түсімдерінің көп бөлігі орталық және шығыс Украинада болды), бұл нарықты бұзады,
– украин тіліне дубляж жасау қымбатқа түседі және фильмдердің кинотеатрларда шығуын бәсеңдетеді,
– Украинада украин дубляжымен дискілерді шығару мүмкін емес.
Уақыт бұл дәйектердің ешқайсысы негізсіз екенін көрсетті – бұл орыс дистрибьюторларының украин тіліне «кедей тіл, ол тілде ұлы ештеңе жасау мүмкін емес" деген империялық көзқараспен үйлескен украиндық нарықты жоғалтпауға деген ұмтылысы ғана еді.
Бір қызығы, ресейлік дистрибьюторларды Украинадағы ресейшіл партиялар қолдады, олар орыстілді халықты қорғауды желеу етіп, орыс насихатының тезистерін жеткізумен айналысты.
Украин тілінде фильмдер пайда болғаннан кейінгі алғашқы айларда Шығыс Украинада адамдар шынымен де орыс тіліндегі нұсқасын көбірек таңдайтын.
Бірақ бірнеше фильм мен мультфильм шыққаннан кейін украиндық дубляж Украинаның шығысында да бұл күресті жеңе бастады. Көрермендер украин тіліндегі дубляжды естігенде, оның орысшасынан жақсырақ екеніне таңғалды.
Бұл үшін украиндық актер мен аудармашыларды мақтауға болады – олар ештеңеге ұқсамайтын бірегей өнім жасай алды. Олар фильмді аударып қана қоймай (Ресейде әдетте солай жасайды), оны украиндық болмысқа толығымен бейімдеді.
Мысалы, орысша «Хәрри Поттерде» барлық кейіпкерлер бір тілде сөйлейді. Ал украин нұсқасында кейіпкерлер ағылшын тіліндегі түпнұсқадағыдай украин тілінің әртүрлі диалектілерінде сөйлейді.
Кейбір фильм кейіпкерлері Януковичтің дауысымен сөйлейді, кейбірі галисиялық немесе лемко диалектінде, кейбірі одессалық суржикте сөйлейді.
Украиндық дубляжда сіз жергілікті украиндық әзілдер мен мемдерді ести аласыз: Траещина (Киевтегі аудан), жергілікті жұлдыздар туралы, украин саясаткерлері мен тарихи кейіпкерлеріне сілтемелер, украин халық әндерін орындау және шынайы украинша бейпіл сөздер айтылып жатады.
Бұл кассалық жинауға да әсер етті – украин дубляжымен кинотеатрлар мен дистрибьюторлар көбірек табыс таба бастады.
Егер 2006 жылы фильм көрсетілімдерінің шамамен 20% украиндық болды, 2007 жылы украиндық дубляж кеңірек тарады, бірақ украиндық дубляждағы фильмдер тек 2008 жылы ғана жаппай тарала бастады.
Фильмдер тек украин тілінде көрсетіле бастаған 2008 жылдың алғашқы айларында кинодан түскен табыс 2007 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға өсті.
2007 жылдың соңында Украинаның Конституциялық соты барлық шетелдік фильмдер мемлекеттік тілде дубляждалуы, дыбысталуы немесе субтитрмен болуы керектігін растады.
2008 жылдың басында Мәдениет министрлігі украин тіліндегі дубляжы немесе субтитрлері жоқ фильмдерді таратуға мемлекеттік куәлік беруге тыйым салды.
Бұл ресейлік дистрибьюторлар мен Украинаның шығысындағы кейбір кинотеатрлардың наразылығын тудырды және олар 2008 жылдың басында ереуілге шықты. Бірақ бұл нәтиже бермеді - украиндық көрермендер ресейлік дистрибьюторларды қолдамай, украиндық дубляждағы фильмдерді таңдады.
Украинадағы фильмдерді украин тіліне міндетті түрде дубляждау туралы заңдар ешқашан дұрыс орындалмаған жалғыз аймақ – Қырым еді. Заңдарға қарамастан, Қырымда украин дауысы бар фильмдерді табу мүмкін емес еді, ал билік бұған үнемі көз жұмып отырды.
2010 жылы Украина билігі тағы бір ынталандыру жасады - олар украин тіліне дубляждалған фильмдерді таратуды, сонымен қатар фильмдерді дыбыстау мен дубляждау процесін салықтан босатты.
Бірақ сол жылы билікке ресейшіл “Аймақтар партиясы” келеді де, украиндық дубляждың одан әрі тағдырына күмән келтіреді.
ҚАЙТА КҮРЕСУ
2010 жылы Украина президенті боп Виктор Янукович, ал Аймақтар партиясынан Николай Азаров премьер-министр атанады. Бірден ресейшіл партияның негізгі қайраткерлері фильмдерді украин тіліне міндетті түрде дубляждауды алып тастауға шақырды. Украин тілі мен кинотеатрларының ерекше белсенді қарсыласы тәуелсіздік алғаннан бері Украинаның негізгі орыстандырушыларының бірі болып саналатын Білім министрі Дмитрий Табачник болды.
Табачник ашық өтірік айта бастайды – ол украин тілінде дубляж жасау тіпті Львовта да дистрибьюторлар мен кинотеатрлардың кірісін азайтты деп мәлімдейді (бірақ дистрибьюторлар мен кинотеатрлар бұл өтірікті әшкереледі – олардың украин тілінен табысы тек өсті).
2010 жылы Аймақтар партиясы бақылайтын Министрлер кабинеті фильмдерді украин тілінде міндетті түрде дубляждауды алып тастады — украин тіліндегі субтитрлердің болуы жеткілікті болды. Нағыз апат орын алып, ресейлік дистрибьюторлардың мүддесін қорғаған ресейшіл саясаткерлердің ойындары арқылы украин тілі кинотеатр экрандарынан жоғалып кетуі мүмкін сияқты еді. Бірақ ресейшіл саясаткерлердің жоспары жүзеге аса қоймады. 2010-2011 жылдары украин тіліндегі дубляждың үлесі шамалы азайғанымен, украин тілі кейінірек қарымтасын қайтара бастады.
2009 жылдан 2017 жылға дейін украин тілінде дубляждалған фильмдердің үлесі осылай өзгерді:
2009 — 70.3%
2010 — 65.5%
2011 — 65.2%
2012 — 65.7%
2013 — 69.3%
2014 — 65.5%
2015 — 84.8%
2016 — 88%
2017 — 87.5%
Мемлекет дистрибьюторларды фильмдерді украин тіліне аударуды ынталандырудан айырды, бірақ көрермендер мен дистрибьюторлар украинша фильмдерді таңдауды жалғастырды.
2010 жылы Украинаның ең ірі дистрибьюторлық компаниясы B&H иесі Богдан Батрух:
– Меніңше, дубляж туралы айтқан саясаткерлердің бәрі не айтып жатқанын түсінбейді. Шындығында, кинотеатрлардағы көрермендер саны артып келеді және бұл дәл дубляждың украин тілінде болуымен байланысты. Олар украин тіліндегі фильмдерді көрсетуге тыйым сала алады, бірақ бұл басқа Эмс жарлығы болар еді (орыс патшасы II Александрдың украин тіліне тыйым салған жарлығы)... Олар не істесе де, кинотеатрда украин тілі болады. Сондықтан кинотеатрларға бару көрсеткіштері мен көрермендерден алған кері байланыс бәрін айқындап жатыр. Олар бір нәрсені түсінбейді: Луганск пен Донецкіде – Украинаның барлық жерінде – адамдар украин тілінде фильм көргісі келеді. Олар бізге – дистрибьюторларға – таңдауды ұсынады... Сондықтан біз таңдадық! Біз фильмдерді тек украин тілінде дубляждайтын боламыз, өйткені украиндық көрермен осыны қалайды.
УКРАИНАДА ДУБЛЯЖДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ШЫНЫМЕН ЖАҚСЫ МА?
Украинада фильмдер мен сериалдарды мемлекеттік тілде жаппай дубляждау (кинотеатрлар мен теледидарлар үшін) жүргізілгеніне қарамастан, Ресейде фильмдер көбірек дубляждалады. Украинадағы кейбір фильмдер мен сериалдар көп көрсетілмеді, оларды украин тіліне кәсіби дубляждау жүргізілмеді, сондықтан кейбір жағдайларда украиндықтар бұрынғыша орысша нұсқасын көруге мәжбүр болды.
Бірақ Украинада үлкен коммерциялық студиялар мен телеарналар жетпеген фильмдерді дубляждайтын әуесқойлық коммерциялық емес студиялар (UkrDub, FanVoxUA, MelodicVoiceStudio, НеЗупиняйПродакшн және т.б.) көптеп пайда бола бастады.
Бір қызығы, әуесқой дыбыстама студиялары Украинада кинотеатрларға арналған дубляждаудан кейінірек пайда болды. Бұл – мемлекеттің еркі мен мәжбүрлеуінсіз өз прокат нарығы мен мемлекеттік тілге жаппай дубляждаудың мүмкін еместігін растайды.
Тілші бала