1952 жылы Түркияға 9 жасар бала болып келген Мансұр Тәйжі ағамыз сол күндерді еске алып “1952 жылы 20 қазан күні қазақ көшінің алғашқы легі болып әкем Құсайын Тәйжінің жетекшлігінде Түркияға келген едік. Біраз уақыт өткеннен кейін Бас министр Аднан Мендерес мырза келіп хал-жағдайларымызды сұрады. Және біз балаларға дәптер-қарандаш берді. Сол кезде Бас министр мырзаның қолынан дәптер- қарандаш алған баланың бірі мен едім. Түркияға көшті бастаған аталар, ағалар бүгінде жоқ” деуде.
Негізінде түрік елінің шеттен эмигрант қабылдауда бай тәжірибесі бар еді. Өйткені Мұстафа Кемал Ататүрік І. Дүниежүзілік соғыста шаңырағы шайқалып ортасына түскен Осман мемлекетінің қалдықтарынан жаңа мемлекет құрып, Түрік Республикасының іргесін қалаған кезде, жас мемлекеттің халық саны небары 13-ақ миллион болатын. Жаңа елдің тәуелсіздігін баянды ету барысында халық санын қауырт өсіру діттеліп, көрші елдердегі этникалық түріктер елге көшіріліп әкеліне бастады. Міне бүгін Ататүріктің сол көреген саясатының арқасында Түркия 80 миллионға таяп отыр.
Ал әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспораларымен салыстырмалы түрде бағалайтын болсақ, ең бақытты диаспораның Түркиялық қазақтар екенін ауыз толтырып айтар едік.
Өйткені Түркия түбі бір туысқан халық деп санап отырған қазақтарға әрқашан жанашырлық көрсете білді. Сондықтан бұл елдегі қазақтар әрқандай бір бөтендік, жаттық көріп, әрқандай бір этникалық қысым-қудалауға тап болған жоқ. Тіпті, қазақтарды Орта Азиядан жаңа келген нәсілі таза, қаны таза нағыз түрік деп, өзінен жоғары бағалап жатқан азаматтары да көптеп кездесіп жатады.
Оның үстіне Түркия 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде, әлем елдері ішінде оны бірінші болып таныған ел болды. Мұның өзі Түркия қазақтарының тарихындағы ең мәнді құбылыс болып табылады. Қаншама жыл Кеңестік аждаһаның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болған Қазақстанның көк туын желбіретіп егеменді ел болуы Түркиялық қазақтарды өшкені жанып, өлгені тірілгендей үлкен қуанышқа бөледі. Тұрғыт Өзал жетекшілігіндегі Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін кідірместен екі сағат ішінде тануы бұл қуанышты еселей түсті. Содан бері екі туысқан елдің достық туыстық қарым-қатынастары күн өткен сайын күшейіп келе жатыр. Соның арқасында Түркия қазақтары туған елімен емін-еркін ешқандай кедергісіз, тіпті виза шектеулері де болмастан, араласып құраласып келеді. Мұның өзі Түркия қазақтары үшін үлкен бақыт, үлкен ғанибет екені даусыз.
Біз бастапқы әнгімемізге оралып қазақтардың Пәкістаннан Түркияга қоныс аудару мәселесін одан әрі жалғастырайық. Түркия Пәкістаннан қоныс аударған қазақтарды алдымен қонақхана деп аталатын оралманханаларға орналастырды. Ол жерде жаңа көшіп келген азаматтардың баспана, тамақтану, киім сияқты негізгі барлық мұқтаждықтары қанағаттандырылды. Тіпті оларға айлық да төленіп тұрды.
Сонымен қатар оларға түрік тілі, кәсіп-мамандық, жаңа елдің тірлік-салтына бейімдеу барысында курстар бен сабақтар ұйымдастырылды. Екі жыл осылай өткеннен кейін қазақтарға Түркияның қай жеріне орналасуды қалайтындықтары сұралды. Олар өздерінің дағдылы көшпенді мал шаруашылығы өмірлеріне сәйкес келетін таулы және далалық Анатолия аймақтарынан қоныс берілуін қалайтындықтарын айтты. Сонымен қазақтар Түркияның Маниса, Измир, Конья, Аксарай, Кайсері және Нигде өңірлерінің далалық және таулық аймақтарында жер көрсетіліп, арнайы үйлер салынды. Бірақ кейін ауылдық жерлерде күн көрудің қиын болуына байланысты олардың көбі 1960 жылдардын екінші жартысынан бастап Ыстамбұлға қоныс аударды. Қазір олардың көпшілігі Ыстамбұлдың Зәйтінмұрын, Гүнешлі Қазақкент, Күчүкчекмеже және Сефакөй сынды аудандарында өмір сүруде. Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы,
Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры