Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 ақпан, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Келмегендерді түгендеп отыр: жапондардың жаназасы қазақтарға ұқсай ма?

Келмегендерді түгендеп отыр: жапондардың жаназасы қазақтарға ұқсай ма?

Келмегендерді түгендеп отыр: жапондардың жаназасы қазақтарға ұқсай ма?
ашық дереккөзі
Алдыңгүні Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Сабр Есімбековтің анасы қайтыс болды. Кеше қонағасы беріліп, бүгін жаназасы өтіп, жерленді.  Марқұмның иманы саламат болсын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Дәл сол күні бір жапон досымыздың да анасы қайтыс болды. Елшіні елге шығарып сап, кештетіп сол кісіге көңіл айтуға бардым. Қазалы үйде кешке өтетін "цуя" деп аталатын біздіңше қонақасы шарасына қатыстым. Шинто діні бойынша өмірге кеп, будда діні бойынша бақиға аттанатын жапон дәстүріне сәйкес "обо-сан" деп аталатын жергілікті будда ғибадатханасының өкілі (біздің молдамыз) табыт алдында "окёу" (біздің құранымыз) оқып отыр. Қайтыс болған кісінің бала-шағасы мен туған туыстарына көңіл айтып болғанда "мына жаққа өтіңіз" деп дастархан жазылған көрші бөлмеге шақырды. Біздіңше "тие берсін" деп алдымдағы астан дәм татып отырмын. Біраздан соң қасыма анасынан айрылған досым кеп отырды. "Елшіліктен келді, шетелдік дипломат" деп таныстырып отыр. "Ол жағын айтпай-ақ қойса болмас па еді?..." Деп ойлай бергенімде, қалған кісілерді де бір-біріне таныстырып жатыр. Бәрінің аты-жөнін, қызметін атап отыр. Пәленше деген кісі, пәлендей жерде қызметте деген сияқты. "Қазаққа кеп тұр бұлары".
Еркегі де, әйелі де бәрі тегіс тек қара киінген. Қап-қара костюм, қап-қара галстук. Мен де маскама дейін қара киініп барғам. "Жапон болмаса да, жапон сияқты екен", - деп жатты біреулер, - "Салтымызды силағаны ғой"... Қазақтың "бұл кісінікі енді той ғой" дегені сияқты "шешең 88 жасқа жетіп қайтты, тәубе" дегенге келтіріп отыр отырғандар. Қайтыс болған адам қарт кісі болғансоң ба, қалжың айтып күлдіріп, күліп отырғандары да бар. Біздің "күлкі арсыз" дегенімізге кеп тұр. "Көріспегелі көп болды" деп көрісіп жатқандары бар арасында бір-бірінің жағдайын сұрап...
"Ана кісі келді ме?", "Анау неге келмеді?", "Ана жақ түгел келді ме?", "Шешемнің құрбылары бар еді, олар қайда?, "Ана кісінің анасы қайтқанда бара алмап ем, маған да келмейді-ау?"... Деп, келген, келмегендерді түгендеп отыр. Тілі басқа, діні басқа демесең, бізге кеп тұр бұл жері де. Келгендердің тізімін жасап, аты-жөнін жазып жүрген арнайы адам бар (есіктен кіргенде өзіңе аты-жөніңді жазғызып алады, беретініңді сол адамға бересің). "Келгеніңе, осындайда қасымда болғаныңа рахмет" дейді жапон досым кетерімде. - "Елшінің де анасы қайтыс болды, жұмыста уақытша мен сол кісінің орнында қалдым, ертең анаңның "кокубецу" рәсіміне (біздіңше жаназасын шығарып, қош айтысу) қатыса алмайтын сияқтымын" дегеніме - "Екі күн қатарынан келетін адам аз, ертең тек мына туған-туыс боп жиналамыз", - дейді, - "Ертең соңғы окёусын оқып, анамды өртеуге апарам" деп күрсініп... Анадан айырылу деген...
 

Белгілі шығыстанушы-дипломат

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТТІҢ әлеуметтік желідегі жазбасынан алынды