Заңгер Айжан Тәшенова Жанболат Мамайдың «Жоғарғы сотқа сауал жолдадым» деген сылтауы оның әдеттегідей арсыз өтірігі, қоғамдық пікірді бұрмаламақшы болған кезекті қитұрқы әрекеті» дейді. Ол бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жария етті.
Заңгер Мамайдың кассациялық сатыда шағымданып-шағымданбағанын анықтау үшін Жоғарғы сотқа сауал жолдаған.
Осылайша, Тәшенова Мамайдың барша қазақстандықтарға ашықтық үлгісін көрсетіп, Жоғарғы сотқа жіберген өтінішін және оған берілген жауапты әлеуметтік желіде жария етуді, сөзбен емес іспен дәлелдеуді ұсынған. Алайда Мамай қандай да бір құжат ұсына алмады дейді.
«Мамайдың Жоғарғы сотқа жолдаған өтініші оның «журналистік зерттеу» деп атаған өтірігі іспетті кезекті «фейк». Жұма күні Жоғарғы соттан менің сауалыма жауап келді. Ол жерде былай делінген: «Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінің мәліметтеріне сәйкес Ж.Мамайдың сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарастыру туралы арызы түспеген». Хаттың толық мәтінін дәлел ретінде осы жерге қоса тіркеп отырмын», - деп жазды Тәшенова.
Заңгер Мамайдың «Тазшаның қырық өтірігіндей» сылтауы әдеттегідей арсыз өтірік, қоғамдық пікірді бұрмаламақшы болған кезекті қитұрқы әрекет екеніне назар аударады.
[caption id="attachment_63192" align="alignnone" width="1153"]
Фото: Айжан Ташенова (с) Facebook[/caption]
«Қазіргі қолда бар нақты деректерге назар аударсақ, Мамай жұбайын «отқа тастап» өзі шетте қалып отыр. Ал, Иманбаева өзін ғана емес, күйеуін де қорғауға мәжбүр болды. Мамайдың өз жақтастарын аяқтан шалуы таңсық емес. Жақында БАҚ-та тіркелмеген Қазақстан Демократиялық партиясының бірнеше белсендісінің ұсталғанын оқыдым. Алайда Мамай бұл жолы да ұсталмай, судан таза, сүттен ақ болып отыр», - деп атап өтеді заңгер.
Тәшенова егер Мамай мен Иманбаева арсыз өтірігін айтып, деструктивті әрекетін жалғастыратын болса, келесі жылдың наурыз айында сот орындаушысы Заңға сәйкес сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғау жөнінде бастама жасауға мәжбүр болатынын алға тартады. Заңгер «Бәлкім, сол кезде олар Заңның алдында барлығы бірдей екенін, талаптарды сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де сақтау қажеттігін түсінетін болар», - деген өз жазбасында.