Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
15 қараша, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Сарапшы: «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру керек»

Сарапшы: «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру керек»

Сарапшы: «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру керек»
ашық дереккөзі
Биыл еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын тойлап жатыр. Өткен үш онжылдық халқымыз тарихындағы ең шешуші кезең болды десек, артық айтқандық емес. Бүгінге дейін біз табысты дамып келе жатқан экономиканы қалыптастырдық, саяси жаңғыртуды жүзеге асырып, әлеуметтік институттарды нығайттық. Әсіресе, біз ұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласында белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтай алдық. Осы орайда, 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратын елдің татулығы мен бірлігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы орасан зор екенін айтпай кету мүмкін емес. Мақалада Ассамблеяның құрылу тарихына қысқаша тоқталып, оның ел тыныштығына қосқан үлесі мен өңірлердегі қолға алынған шаралар туралы баяндаймыз. Жалпы, елдегі бейбітшілік пен келісім барша азаматтың күш-жігерінің жемісі. Сонымен қоса, мемлекеттегі тұрақтылық пен бірліктің салтанат құруына ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да еңбегі зор. Өткен ғасырдың соңындағы саяси жағдайлар, мәселен, кеңестік идеологияның ыдырап, этноұлтшылдық күшейген тұста қоғамның көпұлтты болуы жас мемлекеттердің тұрақтылығына қауіп төндіретіндей көрінген еді. Осы қиын кезеңде Елбасы жағдайға түбегейлі жаңа көзқарас ұсынып, қазақстандық қоғамның көпұлтты құрамы қауіп-қатер емес, орасан зор байлық пен артықшылық екенін ұғындыруға тырысты. Осылайша, 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы пайда болып, 1995 жылы 1 наурызда негізі қаланды. Кеңесші орган ретінде қалыптасқан Ассамблея өзінің 26 жыл ішінде конституциялық мәртебеге ие болып, парламенттен де орын алды.  ҚХА-ның қазіргі заманауи міндеттері мен қызметі бастапқыда белгіленген шеңберден әлдеқайда асып түсті. Философия ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің доценті, Шымкент қаласындағы ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Саипжамал Қорғанованың айтуынша, бүгінде Ассамблея тек кеңесші орган және этномәдени бірлестіктер ғана емес, ҚХА – бұл Достық үйлері, Қоғамдық келісім және ғылыми-сараптамалық кеңестер, аналар кеңестері мен жастар ұйымдары.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жалпы азаматтық сананың, дәстүрлі қазақ менталитетінің және басқа халықтардың ұлттық болмысының ерекшеліктерін біріктіретін этносаралық қатынастардың органикалық жүйесі құрылды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес барлық этностар өздерінің ана тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дамытуға тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болды. Бұл үдерісте Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Ассамблея өзінің басым бағыттарын анықтай отырып, мемлекеттіліктің нығаюына, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғауға үлес қосып келе жатыр. Қазақстандық патриотизмді, этномәдени білім беру жүйесін қалыптастыруға және ұлттық бірегейлік пен қоғамды топтастыруға қауіп төндіретін теріс ағымдарға қарсы іс-қимылдың алдын алуға ықпал етуде», - деп атап өтті Шымкент қаласы ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі.
Осы орайда, ол Қазақстан Республикасының оңтүстік өңіріндегі этносаясаттың басым бағыттарына толығырақ тоқталып өтті. Әсіресе, этносаралық саладағы ұлттық саясаттың қағидаларын жергілікті деңгейде азаматтық қоғам институттары мен басқа да қоғамдық құрылымдардың қалай жүзеге асырып жатқандығы жөнінде айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, ҚХА-ның кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысындағы 8 басымдықты атап өткен болатын. Атап айтқанда, этносаралық саладағы ғылыми негізделген тәсіл – мемлекеттік саясаттың бастауы болуы тиіс екендігін атап өтті. Сондықтан, мұнда тек білікті мамандар жұмыс істеуі керек. Біз еліміздің ішінде және сыртында туындайтын барлық сұрақтарға мүмкіндігінше мұқият, ғылыми фактілер мен дәлелденген деректермен жауап беруге тиіспіз», - деді Саипжамал Қорғанова.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру және Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси-азаматтық институт ретіндегі рөлін нығайтуға жәрдемдесу - Шымкенттік ғылыми-сараптамалық тобының басым міндеттерінің бірі. Ал, оның мақсаты - қазақстандық қоғамның бірлігі, этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіру, ұлттық бірлікке қол жеткізу.
«Қаланың ғылыми-сараптамалық тобы ҚХА жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-сараптамалық орган. Қаланың ҒСТ құрамында 11 адам бар, оның ішінде белгілі саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар мен философтар, мұғалімдер, сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар. Пандемия жағдайында қалалық ҒСТ онлайн-кеңестерге, семинарларға, тренингтерге қатысу, этносаралық келісімнің ең өзекті мәселелерін зерделеу арқылы өз қызметін жалғастыруда», - деді ол.
Сонымен қоса, 2021 жылы Шымкент қаласындағы ғылыми-сараптамалық топ жүзеге асырған жұмыстармен таныстырып өтті. Оның сөзінше, оның міндеттеріне қатарына ҒСТ отырыстарын өткізу, ҚХА-ның жыл сайынғы сессияларына делегация ретінде қатысу, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу бойынша семинар-тренингтер өткізу секілді жұмыстар кіреді. Сонымен қоса, Шымкент қаласы ҚХА II-сессиясын дайындау және өткізуге бағытталған жұмыстарға Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ мүшелерін тарту, ылыми-сараптамалық топ мүшелерінің этносаралық жағдай бойынша материалдарын жинау және сараптау кіреді. Бқдан бөлек, мониторинг, сараптамалық бағалау мақсатында облыстың этносаралық саласындағы ағымдағы жай-күйі мен динамикасына қатысты оқиғалар мен фактілерге сараптамалық шолу жүргізіледі, этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне арналған ғылыми кеңестер, Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен өткізілетін іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қоса, Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық байқауына қатысатын ғылыми жұмыстарға сараптамалық қорытындылар дайындайды.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында этносаясат пен мәдениетаралық диалогтың жетістіктерін жарыққа шығару мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтында, облыстық, республикалық газеттерде, ғылыми басылымдарда Шымкент қаласындағы этностардың әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастарының тарихына арналған материалдар жариялануда. ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша телерадио хабарлары жүргізіледі», - деді ол.
Сонымен қоса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасымен бірге ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізу жоспарланғанын да жеткізді. Сөз соңында Шымкент қаласындағы ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Саипжамал Қорғанова Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында барша отандастарды мерекемен құттықтап, қоғамда этносаралық және конфессияаралық келісімді, қазақстандық патриотизмді нығайтудағы Ассамблея жұмысына табыс тіледі.