Рүстембек Омаров 5-6 жастан домбыраға үйір болыпты. Әкесі Бейсен күй шертетін, ән салатын, сол баласына үлкен әсер етті. Өсе келе, жасөспірім шағында қолы домбырада тым жүйріктігімен көзге түскен.
Соны естіген ұлы Ахаң – Ахмет Жұбанов оны Павлодар жағынан әдейі алдырып, жаңадан құрылып жатқан оркестріне қосады. Сонда ол тек қана он бес жаста еді. Үш-төрт жылдан кейін оның музыкалық сауатын дамыту үшін Ленинград музыкалық училищесіне түсіреді.
Училищені бітірер шақта сұрапыл соғыс басталып, майдан даласынан бір-ақ шығады. Немістердің бастапқыда ентелеп, ілгері өршіп келе жатқан кезі. Қызыл Армия шегініп келеді. Сол шегіністің кезінде Рүстембектің ротасы қоршауда қалған.
Жақып қасына түскен бомбадан ес-түссіз қалып, біраздан кейін көзін ашса, «Хенде хох!» деп тұрған немісті көріп, тағдырының талқыға түскенін сезіп, қапаланды. «Құдай-ай, жар бола көр!» деп мұңайды. Істерге амал жоқ, фрицтің алдына түсіп кете барды.
Рүстембек бір күні концлагерьдің бір бұрышындағы қоқыстардың ішінен домбыраның шанағына ұқсайтын бір домалақты көріп қалды. Жүгіріп барып әлгіні қолына алып еді, құдды шанаққа ұқсайды, қуанып кетті.
Концлагерьде қатаң бақылауда жұмыс істейтін ағаш шеберханасы бар еді, сондағы мұңдас тағдырластарымен келісіп, домбыраға сап жасатып алды. Әлгі шанаққа ұқсас домалақты да сүргілетіп, жондырып, нағыз домбыра түріне келтірді.
Оған желіммен сапты жалғатып еді, о, құдырет, қазақтың кәдімгі қасиетті де қастерлі аспабы шыға келді! Енді ішек керек. Құдай оңдап, оның да сәті түсті. Сыртпен байланысы барлардан жалынып-жалпайып, қармақтың жібі – белгілі өлшемді леска алдырды.
Қуанышында шек жоқ, домбыраның пернелерін байлап, қос ішекті тағып, тиектерін қойып, бұрауын түсірді. Көптен бері сағынып, аңсап жүрген арманы қолына түскендей қуанғаннан көзіне жас қорғалады. Сөйтті де, домбырасын шалып-шалып жіберіп еді, еңсені басып тұрған қайғы-мұң қақ айырылып, күмбірлеп қоя берді.
Айналасындағы тұтқындар селт етіп бұған қарай қалды. Олардың жүздерінде таңданумен қатар бір үміт ұшқыны жылт етті. Ұлы Даланың үнін сағынған салалы саусақтар сайрай жөнелді, пай-пай! Құрманғазының «Адайы» арқырап кетті.
Қазақ батырлары ентелеп, осы лагерьдің тас қамалын бұзып, тікенді құрсауын үзіп, атой салып кіріп жатқандай. Мына атаңа нәлет қасіретті қапасты күй жаңғыртып, бір жылы леп соққандай. Байғұс тұтқындар, түрлі ұлттардың өкілдері қорқа соғып, жан-жақтарына жалақтаса да, кенеттен көрінген музыкантқа қошеметі, ілтипаты керемет.
Мына бұғауға түскелі музыка атаулыдан мақұрым қалған қасқалар қазір бір жасап қалды.
Өйбуй, содан кейін-ақ неміс, полицайлардың күндегі үйреншікті ойраны басталды. Тұтқындарды ұрып-соғып, тепкілеп, қуып жатыр. Рүстембекке жетіп келіп:
– Ә-ә! Бәрін бастап тұрған сен екен ғой! Мә, саған! – деп дүренің астына алды.
Ол әйтеуір домбырам аман болсын деп, бауырына қысып, оны көлегейлей берді. Сол кезде түрменің комендантынан «маған алып келіңдер!» деген бұйрық жетті. Дедектетіп соған апарды. Дәу фашист отыр екен. Жан-жағында жиырма шақты фриц.
– Ти ктө-ө?
– Я казах.
– Не рюсски, знәчит. Чө ти делал?
– Я играл музыку.
– А-а, нюка, игрәй ечө.
Рүстембек домбырасының бұрауын түзетті де, не тартам деп ойланды.
Ленинград училищесінде талай классикалық шығармалардан хабары бар ол «Огинскийдің полонезін» бастап кетті. Отанды сағынудың шедеврі. Немістердің көздері атыздай болды. Бастарын шайқап бір-біріне қарайды.
– Вөт этө дә-ә!
– Хәрөший мөзикантен!
– Дәвәй, ичо-ичо – тағы да деп сұрап жатыр. Ол енді неміс мелодияларынан, композиторларынан фрагмент үзінділерді сылқытты. (Не орындағанын кім білсін?) Немістер таңданғаннан талуға айналған.
Содан кейін таланты өрекпіп, делебесі қозған Рүстембек Құрманғазының «Сарыарқасын» салып қоя берді! Сахараның сарқыраған дүлей сазы сатырлай жөнелгенде немістер орындарынан ұшып тұрғандарын өздері байқамады.
Оларды күй сиқыры билеп, жауыздықтарын ұмыттырып, тылсым әруақтың арбауына тап болғандай.
– Уф! Ти Рюстимбек Умәрөфф хәрөши мөзикәнтен!
Бұларды естерінен тандырып, шынымен тәубеге келтірейін деп күйші Моцарттың «Түрік маршын» дөңгелетіп жіберіп еді, фрицтер мәңгіріп қалды.
Әлгінде таяқ жегенде беті домбығып, қабағы қанталап кеткен еді. Соны байқаған комендант оны ертіп келген екі-үш полицайға айғай салды:
– Осындай адамды сабап жүрсіңдер ме, иттер! Екіншілей саусақтарыңды тигізбеңдер! – деп оларды қуып шықты.
Енді фрицтер домбыраға көз салды.
– Кәкөй инструментен?! Цвай струн (екі ішек дегендері) Ух, кәкөй звюк! Әткудә өн? Ктө сделәл?
Рүстембек өзі жасап алғанын түсіндірді.
Осыдан кейін-ақ оның бағы ашылғандай болды. Қағып-соғып сабаудан құтылды. Осында бірге түскен, келгелі бірге жүріп, бірге жатқан Жақып деген досы бар еді. Сол «саған қару ұстаушы (оруженосец) болайыншы» деп, домбырасын ұстап, қасынан қалмайтын болды.
Енді бұларды қит етсе шақырады. Өздерінің бір отырыстарында, жиындарында күй тартқызады. Кейде үлкен басшылары келіп, олар да тыңдап, «о-о!» десіп әсерленіп кететін.
Немістердің көбісі, ішінде бірен-сараны болмаса, құлақтарын аю басқан, музыкаға жоқ мылқаулар. Сезімдері өлген, зорлық-зомбылық, ұрыс-шабыс қатыгездік, қараулыққа үйренген топастар. Бірақ, құдайдың құдіреті, бұл әулекілерді домбыра иліктірді.
Ертедегі аңызда айтылғандай, емшегі шерменде шандыр болып қатып қалған нар маяны идірген бұл домбыра тағы қасиетін көрсетті! Агрессор айуандардың тас бауырын жібітті. Рүстембек пен домбырасының жауларға ұнағаны сондай, олар күйшіге бостандық берді!
Домбыраның осындай құдіретінің мысалдары көп. Мәселен, түрікмендер мен адайлар жерге таласып, дүрдараз болып жүргенде Абыл күйшіні (жайына жүрген) тұтқындап алады. Ол өзінің «Абыл» күйін тартқаннан кейін оны сыйлап, қонақ етіп, босатып жіберген.
Ал Жошы хан Кербұға күйшіні «баламның өлген хабарын домбырамен айтты» деп үңгірдегі айдаһарға апарып тастатады. Сонда Кербұға көкелеп, жалбарыну күйін («Айдаһармен арбасу») тартқанда оны жұтпақ түгілі, күйге рахаттанып, тіпті ат басындай алтын сыйлап, қоя береді. Пай, шіркін, бұл домбыра замандарда қандай болған десеңізші!
Енді, міне, Рүстембек концлагерьден шығатын болды. Ол немістерге: «Жалғыз өзім қалай жүрем, жан досым Жақыпқа да бостандық беріңдер», – деп жалынады. Оны да босатады.
Олар құтылдық деп қуанғанмен алдарында, НКВД күтіп тұр еді:
– Ә-ә, предательдер, пленниктер, жеттіңдер ме?! Қош келдіңіздер! – деп екеуін кісендеп, түрмеге тоғытып кеп жіберді.
Жақып байғұс зар еңіреп жылады.
– Қимас досым Рүстембегім-ау! Сенің арқаңда фашистерден құтылып едім, енді мына қасқыр-иттерге тұтылдым-ау! Қоршауда қалып, тұтқынға түстік, онда тұрған не бар, – деп еңіреп, итжеккенге кете барды.
Рүстембек барлық жағдайын сүйікті ағасы Ахмет Жұбановқа айтып үлгерді. Ол шыбындай жаны шырқырап, араға түсті, ақтап алуға тырысты. Бармаған жері жоқ, көрмеген ері жоқ, ешқайсысы да селт етпеді.
Ақырында ол сол кездегі Қазақстанның Орталық партия Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке барды. Бәрін түсіндіріп айтты, Рүстембектің контузия болып, пленге түскенін, сонда өзі домбыра жасап алғанын, күйлерімен немістерді таңғалдырып, босап шыққанын айтып берді.
Жұмекең жайраңдап «Ой, қандай тамаша!», – деді де, НКВД басшысын шақыртты. Мипаздап жай сөйлейтін хатшы оған:
– Сіз домбыраға қалай қарайсыз? – деп сұрақ қойды.
Орган басшысы:
– Өте жақсы қараймын, – деп жауап берді, оны неге сұрап тұрғанын түсінбей.
– Менің соған күмәнім бар. Сіз қазақтың домбырасын сыйламайды екенсіз.
Комитет басшысы сасып қалды.
– Үйбәй, о не дегеніңіз, Жұмеке? Мен домбыраны өте жақсы көремін.
– Онда домбырасын, өнерін сыйлап, тіпті немістер пленнен босатып жіберген Рүстембек Омаровты неге қорлап отырсыз? Сол жау фашистер құрлы болмағаныңыз ба?! Домбырашы халықтың адамы, ол өнерімен немісті де жеңіп келді.
Ал сіз оны сыйлаудың орнына жазалап отырсыз, осы дұрыстыққа жата ма?! Немістердің түйсігіндей түйсік жоқ па, сіздерде?! – деп нық сөйледі.
Жазалау басшысы құлағына дейін қызарып кетті.
– Ой, жолдас хатшы, кешіріңіз. Біздің жігіттерден бір білместік кеткен екен. Ол домбырашыны енді еш мазаламаймыз, – деп, қолын көтеріп, бәйек болды.
Міне, осылайша асыл ағасы Рүстембекті «тұзақты төрт әріптің
қармағынан құтқарып алды. Енді алдынан ақ күн туғандай еді. Консерваторияны оқып бітірді. Халық аспаптар оркестріне жеке солист және концертмейстр болды.
Оркестр ел-елді, қалаларды аралап, концерттер береді. Содан бір күні, апыр-ай, қай қала екенін әңгіме айтушы есіне түсіре алмайды, Шымкент пе, әлде Қарағанды ма, біреуінде концертті төпеп жатыр. Кезегінде Рүстембек жеке күй тартады деп хабарланды.
– Динаның күйі «Бұлбұл»!
О, ғаламат, форточкіден бе, әлде басқа тесіктен бе, осында сандуғаш кіріп кетіп, сайрай жөнелгендей. Жұрттың риза кошеметінде сөз жоқ. Шапалақтар шартылдап, залды жарып жібере жаздады.
– Екінші күй – «Ақсақ құлан»!
Дүлдүл күйші домбырасын дүңгірлете жөнелді. Осы кезде тыңдаушылар тыныштығын бұзып, жылаған дыбыс естілді. Залдың қақ ортасында бір егде тартқан кісі солқылдап, көз жасын ағызып отыр.
Жұрт аң-таң. Мұнысы несі? Концерт өте қызық, көңілді өтіп жатыр. Бұл неге жылайды? Күй аяқтала бергенде ол орнынан ұшып тұрды да, сахнаға қарай жүгірді. Рүстембекті бас салып, құшақтап, аңырап боздамасын ба?!
Бұл тұтқында бірге болып, бірге шыққан жан жолдасы Жақып еді. Ұстаудан шыққан шағы екен. Екеуі сезімдерін баса алмай, аймаласып, дуэтпен жылады. Жақып өксігін баса алмай, өңкілдеп тұрып былай деді:
– Уа, халайық, жамағат! Кешіріңіздер! Біз Рүстембек екеуміз өткен соғыста тұтқында болғанбыз. Содан құтқарған мына қасиетті домбыра және оның иесі – құдіретті күйші мына Рүстембек! Бұл – үлкен тарих!
Халық аһ ұрып, орындарынан ду көтерілді, сахнаға қарай лап қойды. Екеуін қоршап, қолдары жеткендері құшып сүйіп жатыр, кезекпен келіп аймалап жатыр.
Соның арасында Жақып жұрттан сәл тыныштық сұрады да, былай деді:
– Мен концлагерьде жүргенде Рүстембектің домбыра ұстаушысы, яғни «оруженосеці» болғанмын, – деді де, Рүстембектің домбырасын алып, қос қолдап аспанға көтеріп, дауыстады:
– Ұлтымыздың баға жетпес бір құндылығы домбыраға сөз жоқ! Жасасын домбыра! Жасасын!
Бүкіл жұртшылық әупірімдеп қостап жатыр.
Әрине, біз де қостаймыз, қостаймыз да қоштаймыз:
Халық айтса – қол ұра,
Жасасын осы Домбыра!
Жасайды бұл мол мұра,
Рүстембектей көп жүйрік
Ұстаған нық қолына!
Мәңгіліктің жолында!
Сержан Шакрат.