«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек облысқа сапарында жергілікті мәслихаттардағы фракция жұмысын күшейту, жандандыру және халыққа нақты қажетті мәселелерді шешу жолында тапсырма берген болатын. Бүгінде Түркістан өңірінде бұл бағытта жұмыстар жүйеленіп, депутаттар, фракциялар елдің сұранысына сәйкес іс атқарып жатыр.
Жұмыс барысында, қоғамдық қабылдауларда бізге тұрғындардан интернеттін нашарлығы туралы шағымдар жиі түседі. Пандемияға байланысты қашықтан оқыту, онлайн жұмыс істеу, жиналыстар өткізу мәселесі ғаламторға деген сұранысты еселеп арттырды. Біз Түркістанда мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевпен бірге «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның мәжілісін өткізіп, күн тәртібіне осы мәселені шығардық. Бұл салада атқарылған жұмыстармен қатар проблема да көп екенін нақтыладық. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев жергілікті басқару органдардың геопорталдарын ғаламтормен қамту, оны жүргізу бойынша Түркістан облысы үздік үштікте екенін, өзге де жұмыстар мен көрсеткіштерді баяндады. Дегенмен партияның Жол картасында бес жылда шалғай елді мекендердің өзін ғаламтормен, ұялы байланыспен толық қамту жоспарланған. Алайда ғаламторды пайлану үшін қырға, ағашқа, тауға шығуға мәжбүр болатын тұрғындар, елді мекендер бар екені ащы да болса, шындық. Облыста 838 елді мекен бар болса, 481-інде 3G және 4G мобильді интернеті жұмыс істейді. 206 ауыл 2G-ге қанағат білдірсе, 151 елді мекенде мобильді байланыс өте нашар және мүлдем жоқ. Облыс аумағындағы автожолдардың тең жартысында, яғни, 3400 шақырымында ұялы телефон арқылы ғаламторға кіре алмайсыз. Байланыс жоқтың қасы. Осы мәселеге келгенде жауапты басқарма мен осы саланы қадағалайтын инспекция мен «Кселл», «Билайн» байланыс операторлары өкілдері арасында бірлескен жұмыс кемшін екені аңғарылды. Фрацкия мүшелері өз округтері бойынша ғаламторға қатысты шағым көп екенін айтып, бұл мәселені жеке талқылауды, жұмысшы тобын құрып, терең зерттеп барып шешуді ұсынды. Байланыс, ғаламтор саласына тағы оралатын болдық. Сонымен бірге өңірімізде архивке арналған арнайы ғимараттың болмауы да – үлкен кемшілік. Депутаттар тарапынан бұл мәселе бойынша да тиісті сауал, ұсыныс жолданып, іс партия бақылауына алынатын болды. Күн тәртібінде өзендердің арнасын бұзып, тау-тасты, тарихи орындарды қопарып, заңсыз құм, тас және өзге де пайдалы қазба алып жатқан кәсіпкерлердің әрекеті де өткір сыналды. Бұл жөнінде облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілгенін мәлімдеді. Биыл облыс аумағында жалпы келісімшарт міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 18 келісімшарт және 4 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылғаны да айтылды. Фракция бұл мәселені де бақылауға алып, тексеру жүргізетін болды.
Бейсен Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары,
фракция жетекшісі