Сондай-ақ қалада ұстаздарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де мән беріліп отыр. Мысалы, мұғалімдер күні қарсаңында 1880-нен аса тұрғынға пәтер кілті берілді. Олардың арасында педагогтер де бар. Елорда әкімдігінің дерегінше, қалада осы жылы 10 000 әлеуметтік пәтер салынады. Соңғы 3 жылда мұндай үйлердің саны шамамен 6 есе өскен.2018 жылы Hұр-Сұлтанда мың сегіз жүз әлеуметтік пәтер, 2019 жылы екі мың тоғыз жүз әлеуметтік пәтер, өткен жылы жеті мыңнан аса әлеуметтік пәтер пайдалануға берілген. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің еңбекақысын көтеруді тапсырған болатын. Нәтижесінде 2020 жылы олардың жалақысы 25% өсті. Енді 2021-2023 жылдары олардың жалақысы 25% артып отырады. Сонымен қатар ағылшын тілін білетін мұғалімдерге қосымша ақы төлеу көзделген. Бұл жаратылыстану пәндеріне байланысты: информатика, химия, физика, биология пәндері. Ұстаздар бұл ақыны алу үшін оқу бағдарламасына сәйкес аталған пәндерді ішінара ағылшын тілінде оқытуы тиіс. Бұл 7-9 сыныптың оқыту бағдарламасына қатысты. Қазіргі таңда Қазақстанда 500 мыңнан аса педагог бар. Оның 370 мыңға жуығы мектепте жұмыс істейді: 81% әйелдер (300 мыңға жуығы), 19% ерлер (70 мыңға жуығы). Олардың орташа жасы: 30-44. Осы жас аралығында 135 мыңнан аса мұғалім бар. Бүгін саладағы жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің орташа айлығы шамамен 234 мың теңге. Түркістан облысы (59 мыңға жуық), Алматы облысы (45 мыңға жуық), Жамбыл облысы (28 мыңға жуық), Шығыс Қазақстан облысында (25 мыңға жуық) мұғалімдер көп, ал елордада (12 мыңға жуық), Ақмола облысы (11 мыңға жуық), Солтүстік Қазақстан облысында (12 мыңға жуық) олардың саны аз.
Айғаным ЕСБЕРГЕН