Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 қыркүйек, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Мәмлүктер әлеміне саяхат: біреуге ор қазба, өзің түсесің

Мәмлүктер әлеміне саяхат: біреуге ор қазба, өзің түсесің

Мәмлүктер әлеміне саяхат: біреуге ор қазба, өзің түсесің
ашық дереккөзі
Күрдтердің Аюбиттер әулеті Мысыр мен Шам елін 1169 жылдан бастап 80 жыл бойы билейді. Әл-Мансур шайқасында күрдтердің соңғы Сұлтаны Салих Нажмиддин Аюб қаза тапқаннан кейін билік кімнің қолына өтеді деген дау-жанжал басталады. Алдымен Сұлтан Салихтің жесірі Шажар ад-Дүррді Мысырдың Сұлтаны деп жариялайды. Жас кезінде Сұлтан Салих Ливанда туып-өскен армян қызы Шажар ад-Дүррді (есімі «Маржан ағашы» деген мағына береді) күң ретінде сатып алады. Кейін Халил есімді ұлды тауып бергесін, көркі мен ақылдылығына сүйсініп үйленеді. Айлакерлігі де бар Шажара ад-Дүрр күйеуінің билігіне араласа бастайды. Алайда, Шам елінің ығай мен сығайлары әйел адам Шажар ад-Дүррдің Сұлтан болғанын мойындамайды. Сексен күн билікте болған Шажар ад-Дүррге қарсы наразылықтар күрт өседі. Мысыр мен Шам елінің әскери билігінің тізгіні Сұлтан Бейбарыс бастаған мәмлүктердің қолында болғандықтан, олар ақылдаса келе, жорықтарда ерлікпен көзге түскен, Каспий жағалауында туып-өскен түрікмен жігіт, «Әмір» деген әскери шені бар Айбек Шажар ад-Дүррді әмеңгерлікке алғаннан кейін оны Мәмлүктердің бірінші Сұлтаны деп жариялайды. Мысыр мен Шам елінің тұрғындары бұл шешімге мойын ұсынады. Осылайша, 1250 жылы Мысыр мен Шам елінде Мәмлүктер мемлекетінің құрылу үрдісі басталады. Жеті жыл билік басында болған бірінші сұлтанның атақ-даңқтарын қосқанда толық аты-жөні әл-Мәлик әл-Муғиз Иззаддин Айбек әл-Чашынкыр ат-Түркмәни ас-Салихи болады. Енді осы атауларды жік-жікке бөліп талдап көрейік: 1)- әл-Мәлик – Мысыр мен Шам елін Билеуші дегенді білдіреді. Билік басына келгесін Сұлтан өзіне ұнайтын биліктегі сипатын айқындайды, яғни Сұлтан Айбек өзін қарамағындағылар «әл-Мәлик әл-Муғиз» («Даңқты Билеуші») деп атағанын қалайды. 2)- Мәмлүктер мемлекетінде билік басында болған сұлтандар өздерінің Ислам дінін таратудағы үлестерін де ерекшелеп отырған. Сұлтан Айбек өзін мұсылмандарға «Иззаддин», яғни «Ислам дінін күшейтушімін» деп даттаған. 3)- Айбек – Сұлтанның азан шақырып қойған аты. Араб шежірешілері «Айбек» түркі сөзі екенін мойындайды. 4)- әл-Чашынкыр – Айбек Сұлтан Салих Нажмиддин Аюбтің оққағары ғана емес, сонымен қатар Сұлтанға ас тартқанда бірінші болып дәм тататын «Чашынкыр» да болған. 5)- ат-Түркмәни – ұлты түрікмен. 6)- ас-Салихи - Сұлтан Салих Нажмиддин Аюбтің жауынгері болғанын көрсетеді. Сұлтан Айбек билік басына келгесін өзінің іштарлығы мен өркөкіректігін көрсете бастайды. Мәмлүктердің жорықтағы жеңістерін иемденіп алып, даңғойлық танытады. Дарақы мақтаншақ Сұлтан Айбек қыпшақ мәмлүгі ержүрек Әмір Ақтайдың әскери танымалдығына қызғанышпен қарайды. Жорықтардың бірінде Сұлтан Айбек нөкерлеріне Әмір Ақтайды өлтіруге тапсырма береді. Ақтайдың қазасын естіген Бейбарыс пен жүздік атты әскердің басшысы Қалауын қастандық жасаған Сұлтан Айбектен теріс айналып кетеді. Шажар ад-Дүрр екінші күйеуі Сұлтан Айбектің де мемлекеттік істеріне араласа береді. Олардың Нураддин Али деген жалғыз ұлы болады. Ерлі-зайыптылардың арасында кикілжіңдер жиі болып тұрады. Шажара ад-Дүрр күйеуінің Ирақтағы Мосул Әмірінің қызы Лулуға үйленгенін естіп, ішқұса болады. Содан 1257 жылы Шажар ад-Дүррдің жансыздары Каирде моншаға түсіп жатқан Сұлтан Айбекті қылғындырып өлтіреді. Шажар ад-Дүрр де өлім жазасынан құтыла алмайды. Сұлтан Айбектің жақтастары Шажар ад-Дүррді қамауға алып, мұнарадан қазылған орға лақтырады. Кейін Шажар ад-Дүррдің денесі көзі тірісінде өзі тұрғызған мавзолейге жерленеді.  

ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

Қайрат Лама Шарифтің фейсбук парақшасынан алынды