Жылдың аяқталуына небары 3 ай қалғанда әкімдер мен министрлер қазынаның қаражатын игере алмай әлек. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі баяндады. Бюджетті берекелі жұмсай алмай отырған ведомстволардың «қара» тізімін Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Төтенше жағдай министрліктері бастап тұр екен. Бұдан бөлек, бірқатар аймақтың әкімдері қомақты сомаларды уақытылы жаратып үлгере алмауда, деп хабарлайды
newsroom.kz порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
АЙҒАНЫМ ДОСТАНБАЙ, ТІЛШІ: "Әдеттегідей сейсенбі Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтетін күн. Министрлер кабинеті қаузаған бірқатар мәселенің негізгілеріне тоқталып өтсем. Қаржы Министрі Ерұлан Жамаубаев өңірлерге бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілу барысы жөнінде есеп берді. Ведомства басшысының сөзінше, 9 айда 24 млрд теңге тиісті бағыттарға жұмсалмаған".
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:"Жергілікті бюджет шығыстары 5,2 трлн теңгені құрады. Мұнда 64 млрд теңге игерілмеген. Биыл жалпы өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферт көзделген. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, оларға 1 трлн 358 млрд теңге бөлінген. Оның 98% игерілді. Игерілмеген 26,5 млрд теңгенің 3 млрд теңгесі үнемделді".
АЙҒАНЫМ ДОСТАНБАЙ, ТІЛШІ: Ең қызығы уақытылы игерілмей жатқан осынша миллиардтарды әкімдер мен министрлер Үкіметке неше түрлі жоспар ұсынып, өздері сұрап алған көрінеді. Қаржы министрі атап көрсеткендей, мұндай салғырттық Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарының әкімдіктеріне қатысты болып отыр. Аймақтардан бөлек, бірқатар министрлік те бюджеттен бөлінген қаржыны нәтижелі жұмсай алмауда.
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:"Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Денсаулық сақтау, ішкі істер, Мәдениет және спорт, Әділет, Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты. Негізгі себептері: нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу, орындалған жұмыстардың актілерін, уақтылы ұсынбау және басқалар".
Сонымен қатар, Үкімет отырысында белгілі болғандай, тамыз айында инфляция өскен. Осыған сәйкес, азық-түлік бағасы тағы қымбаттауы бек мүмкін. Асқар Мамин әкімдер мен министрлерге жағдайды алдын алып, халық жиі тұтынатын тауарлар құнын тежеуді тапсырды.
АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: "Бағаның ең үлкен өсімі Түркістанда, Нұр-Сұлтанда және Қызылордада байқалған. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер бағаны тежеу жұмысын күшейтуге тиіс. «Инфляция мен азық-түліктің бағасын тежейтін нақты шаралар ұсынуы керек".
Бұдан бөлек, Үкіметте елдегі вирустық ахуалдың аяқ алысы мен алдағы жылыту маусымына дайындықтар пысықталды.
https://www.youtube.com/watch?v=Rc-DaJQSVCU