Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 қыркүйек, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Азық-түлік бағасы қашан тұрақталатыны анық болды

Азық-түлік бағасы қашан тұрақталатыны анық болды

Азық-түлік бағасы қашан тұрақталатыны анық болды
ашық дереккөзі
Көктемнің кезінде құны құтырынып, Үкіметті ұятқа қалдырған картоп пен сәбіз ерекше назарда болады. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тұрақтандыру қорларында сақталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында көтерілген азық-түліктің бағасы бүгін Үкіметте де талқыланды. Өйткені биыл азаматтардың ас-пұлы былтырғыдан екі есе артып кетті. Шенеуніктердің баға деген бұзықты бұғаулау үшін барын салып жатқаны жайлы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеп, newsroom.kz. порталы хабарлайды. ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ: "Биылғы жазда көкөніс бағасы басқа шауып, төске өрледі. Халық көп тұтынатын картоп пен сәбіздің құны бірнеше есеге шарықтап кеткенін әлі жұрт ұмыта қойған жоқ. Қажет болғасын жұрт бұларды келілеп емес, тіпті екі-үш талдап алған кездері де болды. Осылайша ырыққа көнбей тұрған азық-түлік бағасы үкіметтегілердің бас ауруына айналғанына біраз болды. Он ойланып, жүз толғанған жауаптылар ақыры әлеуметтік тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеудің амалын тауыпты. Енді, маусымаралық кезеңде бағаның өсуін тоқтату үшін тұрақтандыру қорларына картоп, сәбіз, қырыққабат, пияздың 5 айға жететін мөлшері сақталады. Бұл алыпсатарлардың да қолын байлауға себеп болмақ. АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: "Маусымаралық кезеңде өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы қажеттілігін, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің 30% көлемінде бес айлық қорын қалыптастыру ұсынылады". Бағаның шарықтап кетуіне "жұмыртқадан жүн қырққан" кәсіпкерлер себеп көрінеді. Олар әлеуметтік азық-түлікті артығымен сатып алып, қолдан тауар тапшылығын жасапты.  Сондай-ақ, ірі 10 сауда желілері бір-бірімен бағаны өсіруге уағдаласып, тауарды нарықтағы бағадан 15% қымбат сатып келген. Бәсекелестікті қорғау агенттігі заңсыз әрекетке барған 25 кәсіпкерді анықтапты. Жиналған материалдар құзырлы органға жолданған. Енді, олар лайықты жазасын алатын болады. СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарына тоқталсақ, бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер және үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша бағаларды төмендету туралы 60 хабарлама шығарылды. Оның ішінде, 50-і азық-түлік тауарларына бағаларды 5 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетті. 8 тергеп-тексеру жұмыстары басталды". Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың сөзінше, биыл жыл басынан бері азық-түлік бағасы 11,4% шарықтаған. Бұл өз кезегінде инфляцияның жеделдеуіне жол ашыпты. Сондай-ақ, бас банкир 2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден босатып, әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауыстыруды бастау саясатын қолдап отыр. Осы арқылы инфляцияны 2022-24 жылдары 4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік ашылады екен. ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ: "Үкімет тауарлар өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді". ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ: "Қорыта айтқанда, бұдан былай бағаны негізсіз өсіріп, азық-түлік тапшылығын тудыратын кәсіпкерлер қатаң жазаланады. Бәсекелестікті қорғау агенттігі енді бензин, дәрі-дәрмек бағасын тексереді. Сондай-ақ, құрылыс материалдары, теміржол және қоғамдық көлік, білім беру, ұялы байланыс, интернет-қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қызметтер тексеріліп, бағаларды төмендетуүшін тиісті шаралар қабылданбақ". https://www.youtube.com/watch?v=xb2V2R2t9r8