Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
6 қыркүйек, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Ұлулар Есілді тазартады

Ұлулар Есілді тазартады

Ұлулар Есілді тазартады
ашық дереккөзі
10 сынып оқушысы  Есілдің суын жалғыз өзі тазартпақ. Ол үшін «Есіл маржаны» деп аталатын тың жоба ойлап тапқан. Төл технологиясын ұсынған талантқа тек Нұр-Сұлтан билігінен қолдау болса жеткілікті. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасында айтылды деп хабарлайды newsroom.kz. порталы. Тұмса табиғат аясында серуендеу, өзен-көлдің кереметіне куә болу  ғажап сезім. Ал оны сол әсем, мөлдір қалпында сақтау бөлек әлем.   Зерек ойымен,  ұшқыр қиялымен қиядағыны тапқан Нұртөре Арынұрұлы Есілдің айдынды арнасын балдырдан тазартудың жолын ұсынды. НҰРТӨРЕ АРЫНҰРҰЛЫ  «ЕСІЛ МАРЖАНЫ» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ: «Есіл өзені біздің қаламыздың көркі.  Меніңше қол астымызда тұрған Есіл өзенін толықтай қолдана алмау ұят. Яғни, Есіл өзенінің тазалығы ол халықтың тазалығы, халықтың айнасы болып табылады. Мен физика-математика мектебінде оқимын, алайда жоба үшін биология пәнін оқи бастадым. Қазақта айтады ғой мықты болсаң дәлелде деп, және де бұл жоба арқылы өз шамамды білейін дедім». Нұртөре  Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы. Бала күнінен биология пәнін сүйіп оқиды. Өнерден де алыс емес. Домбырада ойнайды. Мектеп қабырғасындағы түрлі іс-шараға да белсенді қатысады. «Есіл маржаны» деп аталатын жобаның идеясы 2 жыл бұрын туған екен. Үздіксіз ізденіп, зерттеген ол осы жылдың мамырында жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Жоба күрделі емес. Бар болғаны, қос жақтаулы ұлулардың санын көбейтіп, өзенге жіберсе жеткілікті. НҰРТӨРЕ АРЫНҰРҰЛЫ  «ЕСІЛ МАРЖАНЫ» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ: Бұл жақтаулы ұлулар. Бір ұлу сағатына 3 литр суды сүзгілейді. Бұл жерде ұлудың аузы, ол аузы арқылы судың бәрін сіңіріп, кейін оны шығаратын сифон. Яғни, екінші аузы арқылы таза суды шығарады. Ұлулардың бір жақсы қасиеті, сіңірген судан зиянды заттарды, әсіресе, бактерия жұқпалы таратушыларды өзіне сіңіріп, кейін жағымды суды шығарады».  Бір ұлу сағатына 3 литр суды сүзгілейді Ғаламшарда қосжақтаулы ұлулардың 20 мыңға жуық түрі бар Жас ғалымның айтуынша, 7-8 жылда өзенді 1 млн ұлудың көмегімен тазартуға болады. Бұл бос болжам емес. Нұртөре ұстазымен бірігіп,  қос жабықты ұлуларды сынақтан өткізуге кіріскен. Бұл ғылыми жұмысты мектеп басшылығы да қолдап отыр. АРДАҚ НҰРЫШЕВА  НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «Нұртөре мұны волонтерлер арқылы көптеген фейсбук, инстаграмға жазып, соған өзіне көмектесетін волонтерлардан көмек сұрады. Қалай істесем екен дегендей. Бірақ, бұл әлі зерттеу. Бізбен бірге Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің ғалымдары бірге жұмыс істеп, көмектесіп жатыр. Бұл кісілердің айтуы бойынша, оның басқа түрін қос жабықты моллюскалардың басқа түрін алып келіп, соларды адаптировать ету керек біздің өзендерде». Бір инкубатордың құны шамамен 8 млн теңге. Ірі жобаны жүзеге асыру үшін қаржылай көмек қажет. Бозбала өз идеясын әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін, әкімдік қызығушылық танытқан. САҒЫНЫШ САҒЫНТАЕВ  НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елорданың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған экологиялық жобаларға мүдделі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың функцияларына ғылыми зерттеу және техникалық конструкторлық жұмыстарды жүргізу, бюджеттік қаржыландыру кірмейді. Алайда, басқармамен аталмыш жобаны іске асыру мақсатында осы саланың құзыретті мамандарын тарта отырып, жан-жақты көмек көрсететін болады». Өзен суының сапасы 5-класс. Яғни, лас деген көрсеткіш. Деңгейді көтеру үшін оны тазарту қажет дейді экологтар. РАЙХАН БЕЙСЕНОВА  ЭКОЛОГ: « Негізінен ластаушы көз тұрмыстық қызмет. Өйткені қаланың ішінде өнеркәсіп орындары аз. Бірақ, біздің қала әркез өсіп жатқан қала. Бізде құрылыс көп. Ол бірінші кезекте тұрмыстық қалдықтар. Бірінші кезекте құрылыс қалдықтары болғандықтан, болдырмау үшін қалдықтарды, адамдардың жеке өзінің санасы керек. Экологиялық сана, экологиялық  тәрбие керек. Қоршаған ортаны қорғаудың озық үлгісін ұсына білген жастың жоспары көп. Мектепте және ЖОО-да ұлуларды зерттеудің әдіс-тәсілдерін үйретіп, зертханалық сабақ жүргізілсе деген арманы бар. Ал енді жобаны іске асыру үшін Нұртөреге білікті ғалымдардың қолдауы қажет.   https://www.youtube.com/watch?v=iZfKjBnW5aI&list=PL_blKZJ1z0cCjIX34-SJRAdE1RZHtm9z8&index=2&t=7s