Президент Қ.-Ж. Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында «ғылымды дамыту біздің аса маңызды басымдығымыз» деген болатын. Сонымен қатар отандық ғылымның кейбір түйткілді мәселелерін ашып айтып, оның тиімді шешу жолдарын елге ұсынды.
Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді шешу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу керектігін де айтты. Осы орайда ғылыми мекеменің басшысы және тарихшы-ғалым ретінде Президенттің ғылым саласындағы ұсыныстарын толық қолдайтынымды айта отырып, осыған қатысты пікір білдіруді жөн көрдім. Мынау жәй ғана ФКтағы «кезекті» пост емес. Біз осы президентіміздің оң шешімін он жылдан астам күткен болатынбыз: сондықтан қуанышымыз – шексіз!
1. ЖЕТЕКШІ ҒАЛЫМДАРДЫ БАЗАЛЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЕСЕБІНЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТУРАЛЫ:
Ел президенті «Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға өз еңбегіне лайықты және тұрақты жалақы төлеу мәселесін шешуіміз керек» дей келе, бұны ғылымға бөлінетін базалық қаржыландыру есебінен шешу керектігін атап көрсетті.
Сөйтіп ғылымда шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірін дөп басып айта алды. Бұл күттірмейтін маңызды ұсыныстың бірі екенін біз түсінуіміз керек. Мысалы, қазіргі таңда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Досмұхамед Кшібеков, Оразақ Смағұлов, Болат Көмеков секілді елге, әлемге танымал 3 академик, сонымен қатар, Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов, Мұрат Жеткергенұлы Әбдіров, Серік Ескендірұлы Әжіғали, Жұлдызбек Бекмұхамедұлы Абылхожин, Саин Молдағалиұлы Борбасов, Ахмет Уалханұлы Тоқтабай, Гүлжаухар Кәкенқызы Көкебаева, Оразгүл Хасенқызы Мұхатова, Зәкіш Тлеуханқызы Садвакасова, Айжан Тоқанқызы Қапаева, Айжамал Ибрагимқызы Кудайбергенова, Ауезқан Қадыржанұлы Шашаев секілді тағы да басқа танымал тарихшы ғалымдар қызмет етеді. Зерттеуші-ғалымдарымыздың жобалары гранттық қаржыландыруға ілінбей қалып жатса, оларды басқа жобалар есебінен қаржыландыру мәселесі туындайды. Сөйтіп, ҒЗИ-ларда қызмет ететін ғалымдарды ұстап қалу үшін оларды өздерінің зерттеу тақырыбы аясынан тыс жобаларда жұмыс жасауына мәжбүр етеміз. Сондықтан ғалымдарды базалық қаржыландыру есебінен қамтамасыз ету өте дұрыс шешім деген ойдамыз. Енді біздерде тұрақтылық орнатылатына кепіл бере аламыз!
2.ІРГЕЛІ ҒЫЛЫММЕН АЙНАЛЫСАТЫН ҒЗИ-ЛАРДЫ ТІКЕЛЕЙ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТУРАЛЫ:
Жолдаудағы тағы бір қуантарлық мәселе Президенттің іргелі ғылыммен айналысатын ҒЗИ-ларды тікелей қаржыландыру туралы ұсынысы болды. «Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым» деп атап айтып, құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек деген тапсырма берді. ҒЗИ-ларды қаржыландыруды тікелей бюджеттен қамтамасыз етудің құптарлық шешім екені рас. Себебі идеологиялық бағыттағы кейбір ҒЗИ-ларға нарықтық заманда өзін өзі қамтамасыз ету үлкен мәселе болатындығы анық. Ғалымдардың институттың материалдық жағдайына алаңдамай жұмыс істеуі де қаржыландыруға тікелей байланысты. Сондықтан Президенттің іргелі ғылыммен айналысатын ҒЗИ-ларды тікелей қаржыландыру ұсынысын қуанышпен қабыл алғанымыз рас. Оныі ішінде тарих, тіл, әдебиет, философия, экономика т.б. бағыттағы гуманитарлық саладағы институттар осы тізімнің алғашқылары болу керек. Себебі олар идеология, патриотизм, үлт құндылықтарын зертейтін, қалыптастыратын, сақтайтын орталықтар. Оларды нарыққа ешқашан тастамау керек!!
3.ГРАНТТАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ МЕРЗІМІН 3 ЖЫЛДАН 5 ЖЫЛҒА ҰЗАРТУ ТУРАЛЫ:
Осы жылғы президенттің Жолдауда гранттық жобалардың орындалу мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту қажеттілігі туралы да керемет (!) сөз болды. «Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн» деп, грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отырғанын басып айтты. Шын мәнінде қысқа мерзімде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Мысалы, жаңа көптомдық академиялық Қазақстан тарихы басылымын әзірлеу үшін де 3 жыл мерзім беріліп отыр. 7 томдық бұл басылым жаңа тарихи көзқараспен, ұлттық ерекшеліктеріміз бен ұлттық мүддеміз тұрғысынан жазылуы тиіс. Отандық тарихшы ғалымдар 7 томдық академиялық басылымға беріліп отырған 3 жылдың аздық ететінін басынан айтып келе жатыр. Соның үстіне оны 3 тілде сапалы түрде әзірлеу керек. Осыған дейін жарық көрген Қазақстан тарихы академиялық басылымы 15 жылда әзірленсе, кеңестік дәуірде жарық көрген басылым 7 жылда дайындалды. Әрине, гранттардың орындалуы үшін 3 жыл аздық етеді. Сол үшін Президент Қ.-Ж. К. Тоқаевтың аталған ұсынысы да ғалымдардың ойында жүрген мәселенің позитивті қорытындысы болды десем артық айтқандық емес. Ғылымның бір үлкен проблемасы шешілді деп анық айталамыз!
4.ҰСЫНЫСТАР:
Президент жолдауында ғылымға байланысты өзгерістер жылдың аяғына дейін орын алатындығы аны0 жөнінде айтылды. Осы орайда ғылым саласында қордаланған басқа да мәселелер шешімін тапса деген тілегіміз бар. Атап айтсақ:
БІРІНШІДЕН, ҒЗИ директорлығы қызметіне 3 жыл мерзімге тағайындау тиімсіз екенін айтқымыз келеді. Директорлық қызметке де кем дегенде 5 жыл уақытқа тағайындалуы керек. Себебі, психологтардың зерттеуінше кез келген адам жаңа ұжымға 3 жылда ғана толығымен кірігіп кете алады. Сондай-ақ, ұжыммен істесіп, өзін танытқан уақытта орнынан алып тастау ұжымда үрей тудырады. Жаңа басшының ұжыммен жұмыс істеп кетуіне тағы сондай уақыттың кететіні бар. Сондықтан да ҒЗИ директорлығы қызметіне кемінде 5 жыл мерзімге тағайындауды туралы ұсыныс білдіргім келеді. Әрине, егерде бұрыңғы директордың жұмыс жақсы жүрсе, ұжым қолдайтын болса, аудиторлық тексерістерден аман шығым жатса...
Бір қызығы, кейбір директорлар гранттық немесе бағдарламалардың жетешісі болып бастап, оларды жоба аяқтағанша директорлық қызметке конкурстан өтпей жатқан жағдайларды да көріп жүрміз. Мысалы, біздің Институтты 26 жыл бойы Акай Нүсіпбеков деген мықты ағамыз басқарды. Сол жылдары мекеме ең үздік нәтижелерді көрсетті. Біз атап өткен бірінші бестомдыц академиялық басылым да сол жылдары сапалы түрде шықты. Бірәз ғалымдар мемлекеттік силықты да алды.
ЕКІНШІДЕН, ҒЗИ-лардағы директордың орынбасары лауазымына тағайындауды да Ғылым комитетіне жүктеп қойған. Біздің ойымызша бұл дұрыс емес сияқты. Директорлық лауазымға Ғылым комитетінің конкурс арқылы өзі бекіткен болса, орынбасарларын тағайындауды да Ғылым комитеті шешетін болса, онда директорға деген сенімнің жоқтығы деген пікір туындайды. Оны көп директорлар айтып жүр. Сол үшін директор орынбасарларын өзі тағайындауы дұрыстау сияқты. Бұл жұмыстың тиімділігіне де ықпал етеді. Бір-бірін бұрын жақсы танымайтын директор мен орынбасарының бірден істесіп кетуі де қиындық келтіреді...Кейбір кезде, диреткорлар айлап орынбасарларын бекіте алмай жүрген күндер де болады...
ҮШІНШІДЕН, ЖОО-ның ғылыми кадрларды даярлаудағы еңбегі өлшеусіз. Дегенмен академиялық ғылым ЖОО-да емес, ҒЗИ-ларда жасалады. ЖОО профессорлары көбінесе сабақпен араласып, ғылымға аса көңіл бөле алмайды. Мысалы, оқу кестесіне байланып қалып, басқа қалаға, мысалы; мұрағатқа бара ала алмайды. Сол үшін ҒЗИ-ларға диссертациялық кеңестер ашуға рұқсат берілгені дұрыс сияқты. Мысалы, тарих бағытында зерттеу жүргізетін 4 институт болғанымен оларда диссертациялық кеңестер жоқ. Соларға ортақ бір диссертациялық кеңестің ашылғаны абзал. Бұл посткеңестік республикаларда және дамыған көп елдерде де бар жақсы дәстүр... Әрине, осы мәселелер де оң шешімін табатына күмән жоқ!
5.ҚОРЫТЫНДЫ
немесе ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ МЕН БІЗДІҢ МИНИСТРЛІК ОСЫНДАЙ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЖЫЛДАМ ШЕШІП ЖАТЫР!
Соңғы жылдары Ғылым комитеті мен Білім және ғылым министрлігі ғылым саласындағы көптеген жылдар бойы қордаланған мәселерді шапшаң және жүйелі түрде шешіп жатыр. Мысалы, жылдан жылға ғылымға бөлінген қаражатта еселеп өсуде! Бұрын 3 жылда бір - ақ рет өтетін грант пен бағдарламаларға конкурс енді жыл сайын үймдастырылып жатыр. Жастарды қолдау да күшейді: оларға жеке де ғылыми сайыс өткізіліп тұрады! Жыл сайын 50 шақты дарынды отандық ғалым анықталып, оларға комақты ақшалай грантта берілетін болды! Жыл сайын 1000 жуық ғалым үкімет есебінен шетелге барып тәжірибе жинақтап, ғылыми зерттеу жұмысты жүргізетін болды. Докторантураға бөлінген орын жылдан жылға да өсуде!...
Бір сөзбен айтқанда, Ғылым комитеті, Білім және ғылым министрлігі Парламентпен ақылдаса отырып, Президентіміздің тапсырмаларын тиянақты орындап, ғалымдарға жақсы жағдай жасап жатыр. Одан басқа біздерге не керек?! Олай болатын болса, Қазақстанның барлық ғалымдары Ел үшін; отан үшін қажырлы еңбек ету керек...
Тәуелсіздігіміз - мәңгі болсын!
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
т.ғ.д., профессор
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры