Мемлекеттік мекемелердің көбі тендерді тыныш өткізіп, барлығын бір көзден сатып алуға бейім. 5 жыл ішінде осындай жолмен 7,7 трлн теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алыныпты. Мұндай бей-берекетке жол беретін негіздемелерді қысқартпақ болған арнайы агенттік тіпті мемлекеттік органдар тарапынан қарсылыққа тап болған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 52 негіздеменің санын 25-ке дейін қысқартып, 17-сін мүлде алып тастамақшы болған. Бірақ, іс жүзінде тек 3 келісімді жоя алған. Соның арқасында 50 миллиард теңге бәсекелестік ортаға шығарылды. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу конкурстарында бағаны келісіп белгілеу белең алған. Бүгінде осы бағытта сотқа тартылған мекемелердің арасында Ұлттық компаниялар да бар екен, деп хабарлайды
newsroom.kz. порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Мысалы, автомобиль жолдарын салу нарығы жергілікті әкімдік пен «ҚазАвтоЖол» компаниясының құзырына кіреді. Қазір бізде сот процестері жүріп жатыр. Екі компания 7,2 млрд теңгенің конкурсына қатысқан. Жеңімпаз компания конкурста ұту үшін сатып алу бағасын 0,004 пайызға арзандатқан. Екі компания да араға 14 минут салып бір мезетте өтінім берген, екеуі бір ІР-мекенжайды қолданған. Яғни екі өтінім де бір компьютерден жолданған. Компаниялар тіпті бір заңды мекенжайда орналасқан. Бір құрылыс консорциумына қарайды. Заттарды бір ғана орындау дайындаған, көрсетілген байланыс нөмірлері де ортақ"деп хабарлайды ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.