Бүгінгі қала (урбанизация талқысы)

Бүгінгі қала (урбанизация талқысы)

ашық дереккөзі

"Ауыл жайлы болса, жұрттың қалаға көшіп несі бар?..". Осы қысқа сауал қазіргі күрделі мәселенің негізгі себебін анық айтып тұрғандай. Ал, шын мәнінде, бұл - қоғамды сынап отырған әлеуметтік әрі экономикалық проблема. Соңғы ондаған жылдар бедерінде халықтың ауылдан қалаға көшу үрдісі тоқтаусыз жалғасып келеді. Бұл - біздің елге ғана емес, дүние жүзіне ортақ құбылыс. Тіпті ХХІ ғасыр - "урбанистика ғасыры", шаһарлар, кенттер алға шығып, бәсекелесетін ғасыр деп айдарланғаны да бекер емес. Қазірдің өзінде әлем халқының 50 пайыздан астамы қалаларға шоғырланған. Олардың саны, ғалымдар болжамына сенсек, ендігі 25 жылдан кейін 75 пайызға өсетін көрінеді. Расында, жұрттың бәрі жерұйық іздеп кетпесе де, жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы мекенді қалайтыны ақиқат. Бұл бағытта жаһан ғалымдары мен мамандары зерттеу жүргізіп, түрлі ұсыныс әзірлегені де мәлім. Дәл осы жағдай көп елдерде жаңа көзқарас қалыптастыруға түрткі болды. Тіпті жаңа заңдардың тууына, жаңа мамандықтардың өмірге келуін тездетті. Айталық, бүгінде “урбанист”, “сити-менеджмент” т.б. терминдер бұрын қолданыстағы қала жоспарлау, қала құрылысы деген ұғымдарды он орап алатын деңгейге көтерілді. Өйткені, үлкен сұранысқа ие бұл мамандық әр түрлі кәсіп иелерін бір мақсатқа тоғыстырады. Мақсаты - экологиялық үйлесімді сақтай отырып, қала кеңістігі мен ортасын, архитектурасын тұрғылықты қауымның қалауына қарай дамыту, адамдардың психологиясын өзгерту. Бұрынғы инфрақұрылымды заманауи технологиялармен байыту, халық тұрмысын одан әрі жақсарту. Қаладағы құрылыс аумақтарын, көлік қозғалысын, қарым-қатынас түрлерін реттеу, ғимараттардың кескін-келбетін үйлестіру ғана емес, тұрғындардың жүріп-тұруын, мәдениетін, көңіл-күйін, құлығын қалыптастыруға, сырттан көшіп келетіндердің шаһар тіршілігіне бейімделіп, жаңа өмірге, қауымдастыққа тезірек кірігуіне ықпал ететін тетіктерді қосу - урбанистердің жатса да, тұрса да ойынан бір кетпейтін істер. Әрине, бұл салада да ең бірінші кезекте менеджментке мән беріледі. Урбанистиканы ескерген дизайнер, ресторатор, програмшы, құрылысшы, саясаттанушы, психолог, социолог т.б. кәсіп иелері өз міндеттерін қала табиғаты, құрылысы мен құрылымы тұрғысынан қарап, шешетін болады. Олар қажетіне қарай әртүрлі білім мен машықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, қаланың игілігіне жұмсауға тиіс. Болашаққа бағытталған, күн сайын құны артып келе жатқан мамандық иелері біздің елімізде жеткілікті ме? Өкінішке қарай, бұған тұшымды жауап бере алмаймыз. Өркениетті елдер бұған күні бұрын қамданып, мәселені ертеден күйттеген және оны күн тәртібінен түсірген емес. Біздегі жағдайға келсек, Almaty Management University алғаш 2019 жылы ғана “Урбанистика и сити-менеджмент” мамандығына талапкер қабылдай бастапты. Бізде "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ деген құрылым бар. Ол әлемдегі ең үздік тәжірибе мен әдістерге сүйене отырып, қаланы тұрақты дамыту, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуды мақсат тұтады. Осы құрылым ұйымдастырған Urban Talks және Urban Forum Kazakhstan сияқты тәуелсіз диалог алаңдарының тиімді болғанын атап айтамыз.

Жүктелуде...