Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 шілде, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қытайға аудармашы болған қазақтың әңгімесі

Қытайға аудармашы болған қазақтың әңгімесі

Қытайға аудармашы болған қазақтың әңгімесі
ашық дереккөзі
Мен бұл жігіт ағасымен кездейсоқ танысып қалдым. Қытайдан келген қандас бауырымыз екен. Қытайшаға судай. Екеуміз оны-мұны жағдайды әңгіме қылдық. Бір кезде ол өзінің қайда жұмыс істегені туралы айтып қалды. Біраз уақыт Қазақстанның батысындағы облыстардың бірінде қытайдың мұнай компаниясында аудармашы болыпты.
Жұмыстың қиындығын айтты. Үй-күйіңді көрмей, алыс далада еңбек етесің деді. Сосын, қытайлардың қазаққа қалай мәміле жасап, қалай жұмыс істететінін айта бастады. Енді соған кезек берелік:
Бір күні мұнай бұрғылап жатқан 60 шақырым жерден қалаға келдік, көлікті мен жүргіздім. Қасымда бір жас қытай бастық бар. Содан ол дүкенге кіріп бірдеңелер алатын болды да, мәгезінге кіріп кетті. Күн бұлтты еді. Ол шығамын дегенше жаңбыр жауып, қытай бастық машинаға жеткенше үсті аздап су болды. Кіре сала ол әй-шайға қарамай «иттің баласы, көлікті неге тура дүкеннің аузына тақап апармайсың, менің үстім су болды» деп кіжіне жөнелгені. Мен үндемедім, алайда ашудан жарылардай болып отырған соң бірер ауыз қатқыл жауап берген болуым керек. Жыл соңында сыйлық ақша берген кезде әрбір қытай 10 мың АҚШ жолларын алды да, маған 3 мың доллардай ғана берді. Міне, теңсіздік. Бұл секілді мысалдар көп...
Бәрінен қорлығы тағы бір қытайдың маған қазақтардың бәрі "анаусыңдар"(.......) деп қойып қалғаны болды. Мен бар қазақты бұлай атағанына намысым келіп тұрса да себебін білейін деп, «неге олай айтасың?» дедім. Сонда ол қытай маған былай әңгіме айтты:
Мен екі жыл Араб елдерінің біріндегі қытай компаниясында өзімше үлкен бастықтардың бірі болып жұмыс істедім. Сол кезде біз мұнайға жауапты арабтардың кеңселеріне кіре алмай зар болатынбыз. Сондықтан оларға кезігудің ең бір сәтті уақыты арабтардың жұмыстан шығып көлігіне отыратын кезі болатын.
Егер сол кезде де көлігіне отырғанша үлгеріп барып, айтатын шаруаңды айтсаң жолың болғаны. Олай болмағанда оларды машинамен қууға тура келеді. Тіпті, 70-80 шақырымға дейін ілесіп отырып, үйлерінің, не басқа демалыс орындарының қасына барғанда сөйлесіп қалатынбыз. Сол кезде олар келген бізді көріп көліктерінен түсіп те қоймайды. Терезесінен көз салып, «не жұмысың бар?» деп иек қағады. Бізді инвестор екен, шетелдік, басқа елдің адамы деп елет те қоймайтындай. Біз олардың артынан осылай жүіріп жүріп шаруаларымызды реттеуге тырысамыз. Мен сол үшін оларды құрметтеймін, олар өзін сыйлата біледі, басқалардың алдында өздерін өр ұстайды.
Ал, Қазақстанда мені және мен секілді бастықты көрсе керісінше осы жердегі мұнайдың иесі, соның айналасындағы бастықтар жалбаң қағып, қаумалап жүріп, кәукелектеп қалады. Сол кезде біз жаңағы арабтар құсап өзімізді керемет сезінеміз. Ал, жалпақтап жүрген қазақтардың құны жоқ, қадыры аз, өзін сыйлата да, бағалата да алмайтын халық секілді көремін. Сол үшін осы сөзді айтамын деді. Мен бұған қарсы дау көтере алмадым, өйткені, оның менің бетіме басып отырғаны өзім де көріп жүрген жайт еді... Жер болып, өтірік намыстанғаннан басқа амалың не?..
Міне, аудармашы жігіт осылай деді. Қазақтың қадірі неге қашты, ақша мен мәнсапқа құлдықтан ба, әлде жаншылған рухын оята алмай, рухани, сана құлдығына тәуелсіздіктен кейін де әлі ойсыздықпен бас иіп отыруынан ба? Неге әлі басқалардың табанында таптала береміз?!………
Мақсат ҚОБДАБАЕВ
(Facebook әлеуметтік желісіндегі QAZAQ ELI тобынан алынды)
Фото: regnum.ru 
Ескерту: аталмыш жазба редакция саясатын білдірмейді және материал ашық дереккөзден алынғандықтан орфографиялық түпнұсқа сақталады. Порталда жарияланған авторлық материалдар мен түрлі көшірме мақалаларға автор жауапты.