Жалпы сізге тосыннан «кітап оқисың ба?» деп сұраса, не деп жауап берер едіңіз? Сөзсіз, біріміз жұмыстың көптігін, біріміз, уақыттың тапшылығын айтып сылтаурататынымыз рас. Кейбіріреулер заманның талабына сай, техника дамыған заманда, керегін компьютерден-ақ тауып аламын деуі де мүмкін. Және ондайлар ескірген том-том кітап оқушы жандарға күле қарауы ғажап емес. Ақпараттық тасқын дәуіріне тап болған біз, кітап туралы әңгіме айтылса, күле қарайтын жағдайға қалай жеткенімізді де байқамай қалдық десек те болады.
Шекспир «Маған кітап тақтан да қымбат» деп өз заманында айтқан екен. Шекспирдің түрін кітаптан да көрмеген жастар бүгінге бұл сөзге күлетін шығар, кім білсін?! Ал ата-аналырымыз ше? Олардың Карл Маркстың «Капиталын» оқып, дүниежүзі әдебиетін жатқа білетін бұрынғы буынның қателескені ме? Олардың бір-бірімен кітапты жарыса оқығанын естіген балалары таңдай қағып, аңыз тыңдаған кейіп танытып жүргендері де баршылық. Дәл сол бұрын кітап оқитын қартың да, бесіктегі балаң да телефонға телмірген заманға келіп тірелгеніміз шындық.
Жуырда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ата-аналар арасында өздері үшін кітап оқиды ма, жоқ па деген сұрақ бойынша сауалнама нәтижесін жариялады.
Елімізде бүгінгі таңда 11 мыңға жуық кітапхана бар екен. 2021 жыл-Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды, оның шеңберінде бүкіл ел бойынша бірқатар тиісті іс-шаралар жоспарланған. Дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар, Қазақстанда Ұлттық электронды кітапхананың жұмысы жетілдірілуде.
Қазіргі кезде ата-аналардың мектептерге, мұғалімдерге деген наразылығы туралы үнемі естуге тура келеді. Алайда барлығы отбасынан басталатынын жадымыздан шығармаған жөн. Білім берудің ең жақсы тәсілі-ол жеке мысал көрсету екені бұрыннан белгілі. Кітап оқу тұрғысынан ата-аналар балаларына қандай үлгі көрсетіп жатыр?
Республикалық әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, некеде тұрған әр екінші респондент ешқашан кітап оқымайды. Үйленген респонденттердің тек 5,0%-ы күн сайын кітап оқитыны анықталған. Ал кішкентай және ересек балалары бар, ешқашан кітап оқымайтындардың санын көбейтіпті. Олар: отбасыларында 4 және одан көп баласы барлардың – 43,7%; бір баласы барлардың – 53,7%; ал кәмелетке толған балалары бар респонденттердің 56,3%-ы кітап оқымайтыны белгілі болыпты.
Өркениетті ел болып, техника қанша дамығанмен, кітап құнсызданбайтыны сөзсіз. Ең ақылды ұлт саналатын жапондықтар әлемдегі ең көп кітап оқитын ұлттардың көшбасшысы екен. Жаңа заманның жаңалығын ашу үшін де, кітап оқу керектігін ұққанымыз жөн болар. Меруерт АМАНГЕЛДІ