Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
23 шілде, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Білімділігіне біліктілігі сай

Білімділігіне біліктілігі сай

Білімділігіне біліктілігі сай
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы егемендігін алып, Тәуелсіз ел болып қарыштап дамып келе жатқанда, аспаннан жай түскендей оқыс оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап жатқанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан суық хабар келіп жетті, 5-6 ай бойы жұмыссыз отырған мұнайшылар және оларға қосылған жұмыссыздықтың зардабын шеккен көпшілік, билікке деген наразылықтарын әкімшілік орталыққа шабуыл жасап, талқандап, қоғамдық тәртіпті талап еткен билік органының өкілдеріне бағынбай,  ғимараттарды қиратып,  дүкендерді тонап жатыр деген хабарды естіп және оларды тәртіпке шақыру үшін құқық қорғау органдарының  қызметкерлері жұмылдырылып, қару қолдану нәтижесінде бірнеше адам ажал құшып,  көптеген адамдардың жарақат алғаны қайғылы оқиға болып  қалың елге тарап кетті. Үкімет тарапынан комиссия құрылып, болған жағдайды  екжей-текжей тексеріп, заңсыздыққа жол бергендерді жауапқа тарту, жазықсыз жапа шеккендерге жәрдем беру, оқиғаның болған себептерін тексеріп, анықтап, мұндай жағдайдың орын алмауына кең көлемді Үкімет тарапынан жұмыстар жүргізілуге шешімдер қабылданды. Көп ұзамай облыс әкімі, оның орынбасарлары, Жаңаөзен қаласының әкімі қызметтерінен босатылып, жаңа басшылар тағайындалды. Маңғыстау облысының әкімі болып Президент Жарлығымен бұрын әділет және ішкі істер министрі болған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Әлімұлы Мұхамеджанов тағайындалды, ол  бір ай көлемінде  оқиғаның болу себептерімен, оны жою жолдарын және халықтың талап тілегін тыңдай келіп, бірнеше кадрлық шешімдер қабылдады. Сол кезде Астана қаласында қоғамдық жұмыспен айналысып жүрген маған телефон шалып, өзіне кеңесші болуға арнайы шақырды, мені шақыру себебі, әділет министрлігінде бірге қызмет істеген жылдары таныс-біліс болғандығымыз және заң саласында ұзақ жылғы тәжірибемнің барлығы себеп болса керек. Мен әкімнің шақыруын қабыл алып, ел үшін көмегім қажет болса көмектесейін деп, шешім қабылдадым, облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалдым, бұл 2012 жылғы ақпан айы болатын. Менің міндетім елмен етене араласып, халықтың көңіл-күйін, арыз-шағымына құлақ асып, әкімшілік тарапынан көрсетілетін көмектерді анықтау, жылдар бойы қолға алынбай жатқан күрделі мәселелерге қозғау салып, оның дұрыс шешілу жолдарын қарастыру болатын. Атап айтқанда ардагерлер арасында жұмыс жүргізу,  елдің рухани тыныс-тіршілігіне қолдау көсету, мәдени іс-шаралар мен спортқа және де түйіні көп түйіткүлді мәселелерді облыс әкіміне баяндай отырып, оның тиісті шешімдер қабылдауына ықпал ету болды. Осындай жауапкершілікті мойныма алғандықтан ел ағаларымен етене араласуға тура келді, солардың ақыл кеңесіне сүйене отырып, көптеген игілікті істерге  ықпал етудің сәті түсті. Осы кезде облыс әкімшілігі ғимаратының екінші қабатында орналасқан облыстық «Огни Мангистау» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет істейтін, бұрынғы комсомол, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтерде болып, өмірлік мол тәжірибе жинаған Ғани Меңтайұлы Каринмен таныстым. Ол кезінде жол транспорт оқиғасынан ауыр жарақат алып, жүріп-тұруының қиындығына қарамай еңбек етіп, елден қол үзбей жүргені мені қатты қызықтырды, сөйлесе келе жан-жақты білімді, әділ, парасатты, оқыған-тоқығаны көп, облыс, республика деңгейіндегі түрлі сала жұмыстарынан хабары мол, елдің жақсы-жаман жағдайын толық білетін азамат болып шықты, таныстығымыз бара-бара жолдастыққа, сыр мінез сыйлас достыққа айналып кетті. Маңғыстауда осындай айтулы азаматпен таныс болып, достық көңілмен осы күнге дейін қол үзбей келе жатқаныма ризашылық білдіріп, жақсымен жақындатқан жанастырушыға  ризашылдығымды білдіремін. Сол жылы Маңғыстау өңірінің дәтүрлі көрісу мерекесі Отпан тауда 14- -ші наурызда өтуі тиіс болатын, бірақ ол кезде халықтың толқуы, жәбір көрген жандардың ашу-ызасы басыла қоймаған кез еді, мұндай жағдайда көпшілік болып жиналудың орынды болмайтынын, тағы да күтпеген дау-жанжалдың қаупі тууы мүмкін еді. Сол кезде Ғани Меңтайұлы маған берген кеңесі «халықпен кездескеніңізде биылғы көрісуді, Отпан таудағы кездесуді мамыр айында, жастарды әскер қатарына шақыру күнімен бірге атап өтуді елге жеткізіп, халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, Отпан таудағы кездесуге жаңа әкімнің де баратынын айтып, елді тыныштандыруға әрекеттенген дұрыс»-деді, Ғанидің елдің тыныс тіршілігін дөп басқан тамыршыдай айтқаны дәл келді, халық түсіністікпен қарап, мамыр айының 6-7 де Отпан тауға жиналып көрісу кәдесін өткізді. Облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов Отпан тауға барып, халық арасында болып, дәстүрлі мерекені бірге қарсы алды, қарапайым халық әкімнің ел ортасында болып, сәлем-сауқатын алып, кісілігін кішілікпен жеңдірген қарапайым азамат екенін көріп, риза болды, халықпен биліктің арасы жақындасып, жанасып, көп мәселені бірлесіп шешуге жұрттың көзін жеткізді, бұл да болса Ғани достың өмірлік тәжірибесінен туындаған ақыл кеңесі еді. Ғанекеңнің тағы бір іске асқан кеңесі Маңғыстау облысының  40 жылдығы, Ақтау қаласының 50 жылдығы мерекелерін атап өтерде «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» деген сериямен ақын жазушылардың көп томдық шығармаларын шығару керектігіне көңіл бөлу мен облыстың білікті деген ақын-жазушыларынан комиссия құрып, ертеден келе жатқан ақындар еңбегін бүгінгі ақын-жазушылардың шығармашылығының басын қосып 50 томдық жинақ шығаруға тапсырыс бердім, оның қаражатын әкімдіктің шешетініне кәміл сендім, солай болды да. Сол жылы әкімдіктің қол ұшын беруінің арқасында «Бекет ата 260 жыл» деген Ұлы Бабаның ұлан асыр жиынынан  жинақталған материалдарды біріктіріп, кітап шығаруға қол жеткіздік, ол кітаптар аудандық әкімдіктер арқылы облыстың барлық мектептерінің кітапханаларына және мәдени ошақтарына тугелдей таратылды, бұлда болса облыс көлеміндегі атқарылған ізгілікті іс-шараның бірі болды. Облыстық ардаргерлер ұйымына қамқорлық көрсетіліп, екі қабатты ғимаратқа көшіріп, олардың демалыс уақытын көңілді өткізулеріне жағдай жасап, кітапханасын байытып, шахмат, бильярд тақталарын тарту етіп, көңілдерінен шықтық. Облыс әкімдігі мен мәслихаты бірлесіп шешетін «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» деген атақты қалпына келтіріп, елге еңбегі сіңген азаматтарға  Тәуелсіздік күні қарсаңында беріп тұруды қалыптастырдық, көп балалы аналарға материалдық жағынан, аз қамтылған отбасыларға  «Асарлатып» үй салып беруді де, естен шығармадық. Жаңаөзен қаласындағы және Шетпе ауылындағы жәбір көрген отбасылардың үйінде болып, материалдық, моральдық көмек көрсетуде  сол кезеңдегі біздің атқарған жұмысымыз болды. Спортқа да көңіл бөлу нәтижесінде Лондонда өткен  Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған Әділбек Ниязымбетов табысы елді қуанышқа бөледі. Сондай-ақ атақты «Адай» тұлпарларының республикалық, әлемдік жарыстарда жүлделі орындарды алуы да халық қуанышына ұласты. Сол кезде республикалық «Егемен Қазақстан»  газетінде, облыстағы меншікті тілші Гүлайым Шынтемірқызының  «Азаматымен тұлпары қатар озған Маңғыстау» деген көлемді мақаласы жарияланып, елдің еңсесін көтерген, қуанышқа бөлеген, жариялықпен қалың елге хабар жеткізген құнды материал жарияланды. Жаңаөзен оқиғасын тергеп, тексерген материалдар сотқа түскенде, жауапқа тартылған 49 сотталушының 37-нің ақталып, жеңіл-желпі жаза алуы да, халықтың ашу-ызасын сейілтіп, қалыпты жұмыс істеуіне әсер етті. Мемлекет тарапынан Жаңаөзен қаласын экономикалық, мәдени, рухани жұмыстарына кең көлемде   көмек көрсетіліп, жаңаөзендіктердің күрделенген мәселелерін шешу дұрыс жолға қойылды, осы бір атқарылған жұмыстар, билікпен халықтың ынтымағын жарастыруға көп септігін тигізді. Осындай елдік жұмыстарды атқаруда Дүйсембі Әріп, Сәбит Әбіш, Ғани Карин, тағы басқа ақсақал абыздарының ынтымақ бірлікті орнықтыруға орасан зор көмектері тиді. Өмір өткелдерінде қызмет бабында жүріп көптеген азаматтармен сыйлас, көңілдес болдық, солардың арасында рухани жағынан маған ең жақын болған Ғани Меңтайұлы болды, оның шығармашылық табысы өз алдына, ылғида адам тәрбиесіне, адамды танып білуге жұмсалған еңбегі,  ел аузындағы даналық сөздерді жинақтап, баспадан шығаруыда бойындағы  даналық қасиетке тән болса керек. Ғанидің пайым-парасаты жөнінде ел ішінде аз айтылып, аз жазылмаған. Мен соның тек бір қырын ғана әңгімеге арқау қылғалы отырмын.  Ол оның кеңпейілдігі, кім-кімге де қамқорлық көрсету сияқты асыл қасиеті. Бір кездерде қызметтес, дос-жолдас адамдардың ешқайсысын да естен шығармайды. Өзі ұстаз тұтатын белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Закаш Камалиденов пен Тұтқабай Әшімбаев жөнінде әдейі естеліктер жинағын шығарды, басқа да біршама белгілі тұлғалар туралы көлемді мақалалар жазып, олар әртүрлі республикалық және жергілікті газет-журналдарда жарияланып, кейін кітаптарына енді. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген ұғым бұл кісіге жат. Ел ішіндегі түгілі бүгінде шет елдерде жүрген азаматтармен де ара қатынастары еш үзілмеген. Мысалы, кезінде Маңғыстауда аудан, облыс басқарып, қазір Мәскеуде тұрып жатырған, қызметтес болған 86 жастағы ел ағасы Юрий Георгиевич Казаченкомен жиі хабарласып, азды-көпті көмегін беріп тұрады. Сол кісінің құрдасы, ширек ғасырдан астам уақыт бұрын ата жұрты Германияға көшіп кеткен, 70 жылдардың басында Ақтауда көрші тұрған Владимир Александрович Броттпен де осындай достық, сыйластық қатынаста. Мұндай мысалдар баршылық. Ғани достарымен бірлесе отырып өз жеке қаражаттарына Қазақстан тарихында ойып орын алатын тұғырлы тұлғаларға ескерткіштер орнатып, мұражай ашып, кезінде тұрған үйлері қабырғаларына естелік тақталар орнатқан. Бүгінде ел басына төнген қиын кезеңде Ақтаудағы ең ірі жеке клиника басшыларының бірі  ретінде саулығы сыр берген адамдарға, оларды танып-танымасына қарамастан көмегін аямауда. Сырқаттанып, басына бұлт үйірілген адамдардан алған алғыстың шегі жоқ. Тоқсары бабамыз «Табын-табын малыңмен емес, қатар-қатар қосыңмен емес – ақ адал досыңмен мақтан» - деген екен. Олай болса әулиелер мекені Маңғыстауда тапқан досым Ғанимен мен марқаямын және мақтанамын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ел ағасы Ғани Кариннің 75 жылдық мерейтойы құтты болсын, шаңырағынан шаттық тарқамасын, жаны жайсаң жақсы дос, өмірің ұзақ болсын деп тілеймін.  

 Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері және Қазақстанның  еңбек сіңірген заңгері