Қызылордада қуаңшылық төңірегіндегі дау тыйылар емес. Бұл жолы Арал әкімдігі жұрттың ашуын туғызды. Болат Өтемұратовтың қорынан жем-шөпке деп бөлінген 200 миллион теңге басқа мақсатқа жұмсалып кетіпті. Онсыз да 600 - ға жуық ірі қара малынан айырылған жандар атқамінерлердің бұл әрекетін түсінбей әлек. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды деп жазады newsroom.kz порталы. "Міне, мыналардың барлығы өлудің аза-ақ алдында тұр. Жүдеу, өлейін деп тұр. Шөп болмағасын, жем болмағасын қай жақтан не істейді. Қызыл шақа болып терісі ғана тұр,оның ішінде еті қайда несі қайда дам білмейді. Мынау екі бастан".
Мария Есекеева төтенше жағдай енгізілгеннен бері оншақты уақ малын осылай қораға қамап қойған. Себебі, қуаңшылық басталғалы жеті қой-ешкісі өліпті. Амалсыздан есік алдында өсіп тұрған арам шөпті орып малға азық қып беріп отыр екен.
МАРИЯ ЕСЕКЕЕВА, АРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Анау-мынау үйден жуынды әкелемін. Қазір жуындының өзіне талас. Әркім өз танысына береді. Шөп жемегеніне де 10 күн болды. Үйдегі инвалид інім әр жерден арам шөптерді беріп жүр. Шетінен өліп жатыр, 15 бас еді 7-уі өлді. . Келіп жатқан шөпті де көрмейміз, машинамен келіп жатқандарды білмеймін қайда кіріп кетіп оптом алып жатыр дейді".
Арал қаласында төрт түлікке азық іздеп жүрген жандар көп екен. Жеке қордан 200 млн-нан астам көмек бөлінді дегенді естіген аралдықтардың қуанышында шек болмапты.
РОЗА СМАҒҰЛОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: "Біз бұл ақшаға водовоз алып береміз, бұл ақшаға косилға алып береміз, бұл ақшаға мына Аманөткелге насос құрамыз деп айтыпты. Ал негізі бұрында оған бөлінген ақша бар. Неге бұлар мұны "Өтемұратовтың қорына" кіргізіп отыр. Бірінші топ мүгедектері қазір шөп шаба алмайды, шабатын шөбі де жоқ. Мал асырап отырған мүгедектер бар, ең бірінші соларды қамтамасыз етсін!".
Арал ауданының әкімдігі жеке қордан көмек ретінде берілген қаржыға жем-шөп алмай, басқа қажеттілікке жұмсауды жоспарлағаны тұрғындардың ашуын келтірген.
АНАР ӘБІЛДАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Қазіргі комиссия мүшесінде міне Арал халқы айтып отыр 90, 80-дегі кісілер дейді. Құлағы естімейді, көзі көрмейді. Сондай кісілерді сайлап қойған, ол кісілер халықтың мұқтажын қалай біледі? Қай жақтан табады кім мұқтаж болып отырғанын? Қағаз жүзінде ғана емес, көріп барып мұқтаж адамдарға сол кісіге ғана беруі керек".
Төтенше жағдай жарияланған соң облыс пен республикадан 2 миллиард теңгеге жуық қаржы аудан бюджетіне кіріс болып кіруі керек болған екен. Алайда әзірге тек облыстан 247 миллион теңге қаралыпты.
ЕРКІН ӘБІШЕВ, АРАЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Алдағы уақытта сервистік шөп орталықтарын құру мақсатында 2 трактор өзінің косилкасымен және престеуші апаратымен және жер жырту осындай құралдарға беріп отырымыз. Ең шалғай орналасқан 65 шақырымнан су тасып ішіп отырған Құланды елді мекеніне Камаз су тасығыш автокөлігін алып беруді жоспарлап отырмыз. Және сол ауылдық окургтІң Жыңғыл аймағынан қазір малдарды барлығын сол жаққа айдап жатыр, сол жақтан бір скважина қазып береміз деп жоспарлап отырмыз".
Осылайша шенділер жеке қордан көмек болып бөлінген қаржыға шөп-жем емес, ұңғыма қазу мен техника алуды жөн көріпті. Алайда, бұл шешімді аралдықтар қолдамай отыр. Ал республикалық бюджеттен бөлінуге тиіс 1 млрд 600 млн-нан әзірге хабар жоқ. Бұл қаражатқа 15 су ұңғымасын қазу, 8 каналды тазалау және жанар жағар май шығының өтеу сияқты жұмыстар жоспарланған еді.