Ол «Сабақтастық. Өрлеу. Әділдік» еді. Дәл осы асыл мұрат, ізгі қағидат бойынша өткен екі жылдағы еліміздің қол жеткізген қомақты табыстарын бағалап, саралауға болады. Шын мәнінде, Елбасының ел үшін небір тосын сыннан сүрінбей өткен текті тұлғаны таңдауын және Қазақстан халқының жоғары сенімі толығымен ақталғанын уақыт дәлелдеп отыр.
Әрине, өткен екі жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Арыс, Қордай және Мақтааралдағы қайғылы оқиғалар, бүкіл әлемді шарпыған СOVID-19 пандемиясы және соның салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс. Осындай күрмеуі қиын күрделі кезеңге қарамастан, Президент байсалды қалпымен баянды бастамаларды жүзеге асырды. Ұлттық кеңес құрылып, ел үшін өзекті мәселелер қолға алынды, Президенттік кадрлық резерв жасақталды, мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Президенттің кадрлық шешімдері меритократия қағидатының көрнекі үлгісі болды. Демократиялық процестердің дамуын жеделдетуге және Қазақстанның саяси жүйесін реформалауға бағытталған бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ретте, сайлау туралы және жер жөніндегі даулы мәселеге нүкте қойған тағдыршешті заңдарды айрықша атауға болады. Осылай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нақты жүзеге аса бастады.
Пандемияның нағыз қысып тұрған шағында дағдарыс жағдайына қарамастан, жаңа ауруханалардың құрылысын қамтамасыз етті. Халықтың аз қамтылған топтарын қолдау шаралары шұғыл жүзеге асырылды, осылайша мемлекет өз азаматтарын қиындықта қалдырмайтынын көрсетті. Сондай-ақ азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарын жылжымайтын мүлік сатып алу немесе емделу ақысын төлеу үшін пайдалануға мүмкіндік беру туралы шешім мемлекеттің адамдардың әл-ауқатына қамқорлықпен қарайтынының, халық үшін дағдарыстың салдарын барынша жеңілдетуге ұмтылысының айқын көрінісі болды. Әлемдегі жағдай баршаға белгілі және біздің салыстыруға тұрарлық жақтарымыз бар.
Гуманитарлық салада да маңызды бастамалар сәтті жүзеге асырылды. Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын, Абайдың 175 жылдық мерейтойын, сондай-ақ әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік. Бұл тойлар ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру мақсатында, ысыраптан ада, даңғазадан аулақ, рухани кемелдену бағытында, құндылықтарды жаңғырту райында ұйымдастырылды. Ел билігі жоғарыда аталған бастамаларды ауыр экономикалық жағдайларға қарамастан жүзеге асырды. Жалпы, Президенттің әдебиетке, өнерге, шығармашылықтың дамуына көңіл бөлетіні назарға алдымен ілінеді, онсыз ұлттың рухани дамуы мүмкін емес екені анық.
Түрлі болжамдарға қарамастан, сыртқы саясатта да іргетасын Елбасы қалаған көпвекторлы бағыттың сабақтастығы сақталды. Қазақстан өзінің стратегиялық серіктестерімен, әуелі өзінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, сындарлы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда. Қазақстанның халықаралық беделі ұдайы өсіп келеді. Бұл орайда 2021 жылдың 31 наурызында өткен Түркі Кеңесі мемлекеттері басшыларының Саммитін атап өткен жөн. Елбасының бастамасымен тарихи Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялау еліміздің халықаралық беделін одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Қ.Тоқаевтың ЕАЭО елдерінің көшбасшыларына үндеуі Еуразиялық ынтымақтастықтың таяудағы бес жылға арналған негізгі бағыттарын айқындап берді.
Елдің бірлігін сақтап, ізгілік пен рухани үндестікке серпін беру Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің екі жылындағы ең басты жетістік деп санаймыз. Аспай, саспай, «ақырын жүріп анық басқан», сенімге серт берген, байыпты байламмен, берік ұстаныммен болашаққа батыл бет түзеген Президенттің Елбасы жолын жарасыммен жалғастырып, сәтімен сабақтастырып, «саяси жаңғырудың қазақстандық моделін» сымбаттай түскені байқалады. Таяуда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының өкілеттігін Қ.Тоқаевқа тапсыруы да осы үйлесім мен үндестіктің үздік үлгісі іспетті. Сондықтан сабақтастық салтанатымен ұлтты ұйыстыра түскен ұлағатты жол елдің жарқын болашаққа деген сенімін де еселей түседі.