Дүниені дүр сілкіндірген жауынгер жұрттың қазыналы керуенінің қатепті қара нарының қоңырау үнін жаңа заманға кемеңгерлікпен жалғастырған жасампаз тұлғалар Алаштың рухани жаңғыруына тосын бетбұрыс жасап, пассионарлық қуатымен ел жадын серпілтіп оятып, сұңқар дабысымен, тұлпар шабысымен бодандықтан бостандыққа қарай жігер беріп келген.
Кешегі кіреуке тоң мұзы сірескен тар қапас заманда ағынға қарсы жүзген, жұртын шуақты болашаққа шақырған тарлан ақынның таңғажайып өр үні қазақ қана емес, түгел түркі әлемінің санасында саңқылдап жалғасып жатты. Ол – Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропа өркениетінің тоғысқан түйілісінен ғарыштық жазира толғаммен жаһандық өркениетке тіл қатқан, ұшқыр қаламына мәдениетаралық үндестіктен қуат алған қазақ халқының дарабоз перзенті, Қазақстанның Еңбек Ері, Түркі дүниесіне қызмет сыйлығының лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті түрколог, айбоз ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов.
Арқалы ақынның өнернамалық кеңістігінде Ұлы даланың дүбірлі байтақ тарихы, құман-қыпшақтың бекзат ар-намыс қағидаты, ғұндар мен түркілердің жыраулық жорық сарыны, Білге Тоныкөк пен Гилгамештің, Қорқыт пен Хорхттың, Тұран мен Шумердің, Мысыр мен Бабылдың, славян мен печенегтердің көне мәдениетінің ұшқыны, өткеннің інжу-маржан дәстүрін бойына жинақтаған қаһарман қазақ халқының ерлік шежіресі таңғажайып өрнектермен өріліп, оқырманның түйсігіне сүйіспеншілік пен парасаттың ұясын салып жатты. Түгел түркінің айбынды рухын шын мәнінде киелі рәмізге айналдырып, жырымен тұңғыш асқақтатқан Алаштың ақтангер ақыны Мағжан Жұмабаев болса, бодандық түнекте үзіліске ұшыраған сол игі дәстүрді отты жырымен лапылдатып жалғаған ақын Олжас Сүлейменовті қаймана халқы қадір тұтады. Адуынды ақын жырлары ақ қағазға бәдізделген Йолығтегін, Тоныкөк дастанының жарасымды жалғасындай. Айталық, ақын әйгілі «Бөлтіріктер» өлеңінде қансырап жығылған шуланның қан аралас уызын еміп, көзін кекпен ашатын көкжалдары туралы айту арқылы қайсар түркінің бөрі тотемін санада жаңғыртады. «Құман жырында» «Балатонға барар жолды сілтесең, о, аруақ айғырымды ерттер ем», деп Аттиланың рухына тұспал жасап, ағайын жұрт мажар мен қыпшақтың түмен ғасырлық тамырлы байланысына сәуле түсіреді. «Арғымақ» өлеңінде «ойхой, қыпшақ даласының» шашасына шаң жұқпас арғымағы мен сайыпқыран ерлерінің сертін буырқанған сезіммен суреттейді. Оның әр өлеңінде, дастандары мен толғауларында түркі халықтарының көне ерлік тарихы, Жібек жолы бойындағы құмға батқан ежелгі шаһарлар, ғұндар мен үйсіндердің, шумер мен қыпшақтардың қышқа қашалған шежіре-бітіктері, ежелгі Русь пен Ұлы дала жұртының байырғы байланыстары көркемдікпен мүсінделеді. Осылайша, түгел түркіге олжа салған Олжас ақын өлеңдерінде қазіргі заманғы ұрпақтардың бабалардың батырлық дәуіріне деген іңкәр сағыныш-аңсары романтикалық сарында айшықты көрініс табады.
Түмен жұртқа түнек болған тар заманда тыйым салынған түркітануға түрен тарту үшін кенен білім нұрлы ақылмен бірге жылы жүрек пен ыстық қайрат керек екені белгілі. Жойқын жырларымен жанартаудай жарқ еткен текті тұлпардың, ойшыл ақынның бойынан соның бәрі табылды. Сондықтан Түркі рухын жырмен түлеткен, көкірегіне «күннен туған, гуннен туған» жыраулардың шұғылалы шапағын түнеткен жампоз ақынның «Аз и Я» кітабы әлемдік түркологияда төңкеріс жасап, сананы сілкіндіріп, жас буынның өткеніне деген құрметі мен құштарлығын оятты. Өктем империя тарапынан қапасқа қамалып, тыйым салынғанымен, даңқы дүниені дүр сілкіндірген аса сирек кітаптардың қатарынан орын алды. Жапон мен мажар тіліне алдымен аударылып, кейіннен дүйім түркі халықтарының тілдеріне тәржімаланған еңбек нақақ қиянатқа ұшырағанымен, әйгілі Баку конгресінен кейін жаппай репрессияға ұшырап ауыр жазаланып, саяси қуғын-сүргіннен көз ашпай, тіліне тұсау, қолына бұғау түсіп, әбден мұқалып, жасып қалған түркология ғылымының үміт алауын жақты, жаңа кезеңін бастап берді. Ақын бұл кітабында тек түркі әлемінің ғана емес, тұтас Азия құрлығының атынан жалпақ жаһанға жар салады. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деп гуманистік асқақ ұранды айтып қана қоймай, бұл қағидатын әрбір ісі арқылы дәлелдеген сөз зергері әділеттің ақ таңы болып атып, ақиқаттың жалған өтірікті жеңуі үшін толағай қажыр-қайратын арнай білді. Адамзаттың түбірлі баба тілі мен өркениеттің түпкі өзегі тамырлас құбылыстарға ие екенін дәйектегенімен, империялық астам пейіл иелері шамшылдықпен қаламгерге жала жауып, «Аз и Я» кітабын кітап сөрелерінен түгел жинап тәркіледі. Еңбек сол тұста үстемдік құрған еуроцентристік сыңаржақ көзқарасқа қатты соққы беруімен де оқырманды елең еткізді. Әйгілі кітапқа қарсы өре түрегеліп, жазалау науқанын ұйымдастырған дүрбелең оқиға халықтың өктем биліктің шын әлпетін тануына көзін айқара ашты, ақынның күрескерлік жігерін шарболаттай шыңдап, қайсар келбетінің қалыптасуына серпінді баспалдақ болды. Олжабай батырдың жетінші ұрпағы, Жаяу Мұсаның жалғасы болған Олжас Омарұлының есімі осылайша түркінің ту ұстар рәмізіне айналды.
Кеңес Одағы дәуірінде қуғын мен айдаудан, нақақ жаладан әбден зәресі ұшып, зәтте болғаны сондай, зиялы қауым Отан тарихы, этнология, түркологиямен шұғылданудан жасқанып тайсақтайтын еді. Ресми тарих көшпенділерді қараңғы, сауатсыз, жабайы, хандық билігі ыдыраңқы, мәдениетті жасап-жаратушы емес, күйретуші шапқыншы күш ретінде дәлелдеуге нұсқаулық беретін. Бүгінде ізі де қалмай көмескіленгенімен, бұл еліміз бастан кешкен тұтас бір дәуірінің шынайы кескін-келбеті, кешегі күннің шындығы еді. Шын мәнінде, «Аз и Я» кітабында ежелгі Русь пен Ұлы дала тек жауласушы емес, өзара мәдениеттерді жалғап, алмасушы арнада жасап келгендігі туралы деректер талданған болатын. Түркі тілдерін тарихи салыстырмалы тұрғыдан пайымдап, үнді-еуропалық және басқа да тілдермен арабайланыстарын анықтауға ерекше назар аударып, түркі тілдерінің этимологиясының арғы тегіне барлау жасаған. Мұның өзі кеңестік билік пен әсірешовинистерге «қауіпті ұлтшылдық», «алматылық автордың орыс халқына қарсы бағыттаған ең қатерлі зиянды кітабы» деген үрейлі сын-пікір туғызған. Осындай империялық өктем қысастыққа азаматтық көзқарасынан айнымай қасқайып қарсы тұруы Олжас Омарұлын күрескерлік тегеурінді жолға түбегейлі түсуге алғышарт жасаған. Қанатын қомдаған қыран ақын ақыры бодандық құлдық пен таптаурын қалыпты күл талқан етіп, ұлттың болашақ бақыты үшін қалтқысыз қызмет ететін марғасқа қайраткерге айналып, елінің өткен заманға кеткен есесін еселеп қайтарды.
Түркологияға, түркі ынтымақтастығына қаламымен ғана емес, әрбір ойлы қадамымен үлес қосқан Олжас Омарұлын Байқалдан Балқанға дейінгі, Алтайдан Анадолыға дейінгі ағайын жұрт өзінің жан бауыры, арқасүйер абызы санайды. Ол – туған жұртының даңқын күллі адамзат алдында асқақтатқан планетарлық масштабта ой толғайтын дарабоз тұлға. Олжас Омарұлының шығармашылық мұраты мен өмірлік жолының алтын өзегі түркі жұртының тарихи тамырымен, талайлы тағдырымен терең қабысып, бірегей бітімге айналғаны асыл құндылық деуге болады. Ол – түркі халықтарының саяси-әлеуметтік өмірінің небір қысылтаяң сын-сағатында сергек үн қатып, шұғыл қимылдап, ақиқатқа араша түсетін өр мінезді қайраткер. Әсіресе, 1990 жылы қаңтарда Қарабақ оқиғасы тұтанғанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде соғыс өрті өршіген алаңға тікұшақпен барып, арағайындық жасауы, жуықта орын алған қанды қақтығыста Қарабақтың аумағы Әзербайжан Республикасына түбегейлі қайтарылып, БҰҰ қарарына сай әділет орнауы керектігі туралы батыл мәлімдеме жасауы ізгі ниетті бейбітсүйгіш адамзаттың ризашылығын тудырды. Сондықтан әзербайжандық ағайындар бүгін Олжас Омарұлын өздерінің батыр бауыры, арқатірек азаматы санайды. Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің таяуда арқалы ақынды жоғары мемлекеттік наградамен марапаттауы сөзіміздің айғағы бола алады. Ал Анадолыдағы түрік оқырмандарының Сүлейменов шығармаларына деген шексіз құрметіне талай мәрте куә болғанбыз.
Олжас ақын – кеңестік дәуірде Моңғолияға ат басын тіреп, қасиетті Өтүкен топырағында Білге Тоныкөк ескерткішіне тәу етіп, осы бітіктасты қорғау, сақтау, насихаттау туралы бағалы ой-пікірін құзырлы мекемелерге жеткізіп, «Курьер ЮНЕСКО» журналы бетінде дабыл қаққан санаткер. Бүгіндері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бас ғимараты атриумында орналасқан Күлтегін ескерткіші көзсүйінерлік әдепкі көрініс болса, сол мәрмәр бітіктастың көшірмесін Қазақстанға алғызу туралы алғаш рет бастама көтерген де Білге ақын – Олжас Сүлейменов еді.
Бүгіндері ақынның аңсаған армандары шындыққа айналып, Олжас Омарұлының өміршең идеялары тәуелсіз түркі мемлекеттерінде қанат жайып, жас буын ғалымдардың ізденісіне ұдайы дем беріп, өз кезегінде түркі ынтымақтастық құрылымдарына сәуле түсіріп келеді.
Халықаралық Түркі академиясы 2016 жылы 18 мамырда Түркі жазуы күніне орай I Ұлы дала гуманитарлық форумын өткізіп, сол күні мерейлі 80 жасқа толған абыз ақынды алтын медалімен марапаттап, оның ғылыми шығармашылығын секциялық мәжілісте арнайы сараптап, тағылымды іс-шара өткізіп, әлемнің түпкір-түпкірінен келген білікті мамандардың ризашылығына бөленген болатын. Сонда түгел түркінің тегеурінді тұлғасы академия ұжымына ақ батасын беріп, жас мамандардың қалыптасуына ізгі тілегін білдірген еді.
Олжас Сүлейменовтің 1980 жылдары ащы күн мен аңызақ желдің өтінде, ашық аспан астында тұрған Тоныкөк кешенін қорғауға алу, сақтау, жаңғырту туралы жария еткен бағалы ой-пікірлері бүгіндері де өз маңызын жойған жоқ. Бұл орайда Халықаралық Түркі академиясы өткен жылы ЮНЕСКО аясында Моңғолия Ұлттық музейі, Моңғолия ҰҒА-мен ынтымақтастықта Білге Тоныкөк кешенінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде салтанатпен атап өтіп, ескерткішті өркениет талаптарына сай қорғауға алуға тараптармен пікір алмасты. Осы шараның жемісті жалғасы ретінде Анкарада Білге Тоныкөк паркінің ашылу салтанатын өткізіп, кешеннің ғылыми жаңғыртпасын көрерменнің көзайымы етті. Алдағы уақытта да академия абыз ақынның құнарлы ғибрат тәлімін жүзеге асырып, буын аралық сабақтастықты жалғастыра береді.
Дарабоз дарын иесінің ұшқыр қаламы қашаннан тарихымыз бен тіліміздің, көне әдебиетіміз бен мәдениетіміздің кенішін ақтарып жазудан тыным тапқан емес. Олжас Омарұлы – жауапкершілігі аса жоғары қыруар мемлекеттік әрі қоғамдық шаруаларға жегіліп жүргенімен түркологияның тауқыметті, жүгін толағайдай арқалап келе жатқан халқының дара туған данагөй ұлы. Ол – Қазақстан Республикасының Италиядағы (Рим) Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметтерін атқарып, дипломатиялық қатынастарға өлшеусіз үлес қосуымен бірге әлемдік мәдениетаралық байланыстарға қаламымен алтын дәнекер болған дәуір перзенті. Оған сол кезеңдерде тудырған, тарихтың терең қатпарынан сөз құдіретін сүзіп алатын «Таңбалар тілі», «Тарихқа дейінгі түркілер», «Құдайдың күлімсіреуі», «Қиылысқан параллельдер», «Сөз коды» секілді біртуар еңбектері куә. Келесі кезекте оқырман қауым баба түркілердің байырғы сөздерінің сырын шешетін «1001 сөз» этимологиялық сөздігін ықыласпен күтіп отыр.
Құман-қыпшақтың жусан иісі жұпардай аңқыған дешті даласынан асау арғымақтай арынымен, тарпаң мінез, бекзат болмысымен, ғарыштық салқар танымымен жалпақ жаһанға саңқылдап үн қатқан тұлпар ақынның даңғайыр даңғыл жолы – жас ұрпаққа мәңгі өнеге, Алашқа абырой, ізгі ниетті адамзатқа ортақ игіліктің тұма көзі. Жасай беріңіз, түгел түркінің Білге ақыны!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Дереккөз: Egemen Qazaqstan