Баспана бағасы өсті

Баспана бағасы өсті

ашық дереккөзі

 width= Зейнетақы қорынан қаражат алуға мүмкіндік беретін механизмнің қосылуы мұң екен, жұрт жапа тармағай ақша алуға кірісті. Әлбетте қолға қаражат берілмейді, бірақ 761 мың ақша алуға мүмкіндігі бар салымшының 80 пайызы жинағын баспанаға бағыттаған. Бүгінде жарты трлнға жуық сома рәсімделіп отыр. Нәтижесінде бұл ажиотаж туғызып, мамандар пәтер бағасы өсе бастады дегенді де айтып жатыр. Баспана онсыз да қымбат емес пе еді, үй салушылар, дүрбелеңді пайдаланып не күн туды бастарыңа деп базына айтушылар да бар. Сұрақ туындайды. Расымен баспана неге қымбат? Себептері бар ма? Болса қандай? Бұл туралы Newsroom+ ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Әр қазақ баспаналы болуы тиіс. Осынау бір тіркес ұлттың ұлы мұратына айналғандай ма? Баспана қымбат. Халықтың қолы жетсін деп бағдарламалардың қабылданғанын қайдам, баға жарықтық жеткізер емес. Жыл ішінде тағы да өсіп отыр. Бауыржан Ысқақ, экономист: «Қазіргі уақытта 17-18 пайызға қымбаттап кетуінің негізгі себебі, бұл мына зейнетақы қорындағы қаражаттардың алынуы деп айтуға болады». Апта ортасы мәжілісте осы мәселе көтерілді. Баспана неге қымбат? Депутат Аманжан Жамалов Нұрлы жер, 7-20-25, 5-10-20 тағы сол сияқты көптеген ипотекалық бағдарламаларға мемлекеттің қолдау жасап, ставкаларын субсидиялау кей пысықайларға қол боп тұр деп мәлімдеді. Аманжан Жамалов, КР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Әлбетте біздегі құрылыс компаниялары бұл жағдайды пайдаланып қалуға тырысады. Жұрт күткендей баспананың сапасымен емес, онсыз да қымбат пәтердің бағасын  одан сайын көтеру арқылы жауап беруде. 2020 жылы жаңа баспананың құны 5 пайызға, екінші нарықтағысы 13.2 пайызға қымбаттады. Бұл ресми статистика. Ал Крыша кз порталының мәліметінше елде баспананың орташа бағасы 17.2 пайызға қымбаттап кеткен. Құрылыс компаниялары қазір тәбеттері ашылып, осы мүмкіндікті  барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Енді ше, ипотекаға мемлекеттік субсидия көбеюде,  халық зейнетақы қорынан ақша ала бастады. Мемлекеттік бағдарламалардың ставкасын субсидиялау сатып алушылар емес, салушылардың пайдасына кетіп жатыр. Коронадағдарыс басталғалы 1 жыл. Экономиканың дамуы бәсеңдеп, халықтың төлем қабілеттілігі төмендеген соң баспана арзандауы керек еді ғой? Бірақ олай болмады дейді экономист Бауыржан Ысқақ. Айтуынша 3 себеп бар. Себеп үшеу, мүдде біреу.  Пайдаға кенелу. Сатып алушыдан да, сатушыдан да пайда көретін делдалдар мүддесі. Екінші нарықтағы, қолданыстағы пәтерлерін сатып пайдаға жарату үшін барынша қымбат сатуға тырысатын жеке тұлғалар. Үшіншісі  құрылыс компаниялары және олардың сыртында тұрған дөкей ағатайлар және солардың лоббиі. Өз пәтерін қымбатқа сататын жеке тұлғалар туралы Зейнетақы қорының ақшасымен жұмыс істеп жатқан отбасы банкінің төрайымы да қуатты осы аптада. Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрайымы: «Бұл базардағы сатушының жайы сияқты, қазіргі ажиотаж кезінде адамдар өз пәтерін барынша қымбатқа сатуға тырысады. Меніңше мамыр-маусым айларында дүрбелең бәсеңдеп, баға сәл төмендеп, былтырғы мөлшерде тұрақтайды. Сондықтан сәл сабырлық танытып, асықпаңыздар». Алайда сарапшылар баспана құны төмендейді дегенге қырын қарайды. Мәселен Крыша Кз порталының мамнадары жыл басында қымбат үйлерден басқасының бәрі шамамен бір жарым екі пайызға қымбаттайтынын көрсеткен. Енді жаңағы тәбеті жоғары құрылыс компанияларына келсек. Депутат Жамаловтың уәжімен отандық құрылысшылар одағы келіспейді. Былай дейді: Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы: «Құрылыс саласының өз заңы бар. Мысалға құрылыс заттары қымбаттағаннан кейін, 3-7 айдан кейін ғана шаршы метрге әсер береді. Жаңа жылдың алдында құрылыс заттарының қымбаттағанына байланысты. Қазір ғана міне әсер беріп жатыр». Ал құрылыс материалдары неге қымбаттайды? Себебі олардың дені шетелден және көрші елдерден келеді. Бұл сөзден бірден келесі жайды аңдаймыз. Үйдің бағасын қалыптастыратын ең басты фактор құрылыс материалдары. Қазақстандағы нысандардың дені сырттан келетін материалдардан салынады. Әр түрлі сандар айтылады. Мәселен эконом класстағы баспананың 90 пайызына дейінгі материалы Ресейлік өнімдер делініп жүр. 70-80 пайыз дегенді де естиміз. Ал бизнес класс пен элиталық үйлерді өзіңіз бағамдай беріңіз. Мөлдір Меңсұлу, Құрылыс компаниясының басшысы: «Мәселен мынау ғимараттың сыртын қаптайтын күйдірілген сырлы кірпіш. Біздегі құрылысшылардың дені осыны алады. Бұл Ресейден келеді. Бізде кірпіш жоқ емес, бар. Силикат та, қызыл кірпіш те, бәрі бар. Бірақ үлкен сұранысты, үлкен көлемді өтей алмайды. Бір тұрғын үй салуға там-тұмдап жетеді. Ал ал тұтас кешендерге қайдам. Сұраныс болса, әркезде жоғары. Себебі құрылыс саласы ешқашан тоқтаған емес. Керек десең мына Ресейлік кірпіштің өзі тапшы кездер болған». Сонда біздің ел цемент пен кірпіш, арматура мен металлопрофиль өндіре алмай ма? Өндіре алады. Мөлдір Меңсұлу, Құрылыс компаниясының басшысы: «Мәселен мына есік біздің Алматыдағы зауыттан шығады. Сапасы Ресейден және басқа елден келетіндерден бірде кем емес. Және бағасы қол жетімді. Себебі тасымал шығыны мен салық жоқ. Маған осылардан алған анағұрлым тиімді. Сол себепті отандық өнім шығарушыларға мемлекеттен қолдау керек». Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы: «Көмек керек үкімет жағынан. Ол мен өзім ойымнан шығарып атқан пікір емес, ол әлемдік тәжірбие. мамандар керек. жай жұмыскерлер керек. технологиялар керек.  сонда ғана біз жаңа өндірістерді ашып, өз өзімізді жаңа айтқандай құрылыс заттарын шығара аламыз. Өз елімізде. Бауыржан ысқақ мырза елдің әр өңірінде, әсіресе Астана, Шымкент Алматы шаһарларында құрылыс комбинаттарын ашып, елде құрылыс материалдары мен шикізат өндіруді арттырып,  соларда шоғырландыру керек деп ұсыныс айтуда». Бауыржан Ысқақ, экономист: «Яғни қазіргі уақытта мынау халыққа үлкен тиімділігі жоқ, немесе үлкен бір пайдасы жоқ инвестициялық жобалардың көп екенін көріп жатырмыз. Міне осыларды мемлекет негізгі халыққа да тиімді болатындай екіншіден ішкі өзіміздің ресурстарымызды да тиімді пайдаланатындай құрылыс комбинаттарын неғұрлым көп ашатын болсақ онда біз құрылыс компанияларының да бізге осындай бір уәж айтуының алдын аламыз. Ал құрылысшылар болса ең бірінші қадамды саналық өзгерістен бастау керек деп пайымдайды». Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы: «Осы құрылыс саласы 20 жылдан бері дамып келе жатыр. Құрылыс саласы үйлер, ғимараттар салынып келе жатыр. Бірақ кәсіпкерлікке қазірге дейін көзқарасымыз өзгермеген. Біз қазір кәсіпкерлікке ертедегідей мынау спекулянт ретінде совет өкіметінің кезіндегі оймен пікірмен қараймыз. Оны өзгертпей біз өзіміздің елімізді дамыта алмаймыз». Құрылыс қауымдастығына серіктес ретінде қарайтын заман келер әлі. Бірақ мәселенің екінші қырын қайтейік? Экономистердің айтуларынша қол жетімді баспананы қамтамасыз ету үшін сөз жоқ шетелге тәуелділіктен арылу қажет, бірақ одан да маңызды нәрсе бар. Ол экономиканы әр тараптандырып, бірінші кезекте халықтың әл ауқатын көтеру. Себебі нарық өзінікін істейді. Баға шамамен сол ресей немесе кейбір еуропалық елдердің деңгейінде қалыптасады. Ал олардағыдай табыс халықта болса кәні? Бұл енді басқа тақырып.

Жүктелуде...