Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры ауысуы мүмкін бе?

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры ауысуы мүмкін бе?

ашық дереккөзі

 width= Еліміздің көшбасшы жоғары оқу орнына айналған, әр түлектің арманы болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті айналасындағы даудың нүктесі қойылған жоқ. БАҚ пен әлеуметтік желіде белсенділер мен журналистер түрлі ақпарат таратып, мәселенің өзекті екенін жеткізді. Оқу орнының аумағы 800 шаршы метрге кішірейіп, жер жекенің қолына өтіп кеткені туралы ақпарат тарады. Аталған мәселенің ыстығы басылмай жатып, қара шаңырақтың аумағындағы жер телімі тағы да бірнеше мекемеге берілген деген дау шықты. Алайда оқу орнының басшылығы бұл мәселеге қатысымыз жоқ, сондықтан полицияға шағым түсіргендерін жеткізген. Заңгер Бақытжан Базарбектің жариялаған құжатында кездесетін бірінші проректор Бүркітбаевтың қолы 4 жыл бұрын «Қоршаусыз қала» бағдарламасына қатысты қойылған дейді. Ал «Қоршаусыз қала» бағдарламасын өз кезінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ұсынып, жүзеге асырған болатын. Қала тұрғындарына есеп беру кезінде әкім бұл бағдарлама туралы да айтқан: «Біз «Қоршаусыз қала» бағдарламасын қолға алғымыз келеді. Өйткені, 90-шы жылдары, қылмыстар өршіген ауыр жылдарда қалада дуалдар, қоршаулар көбейіп кетті ғой. Әркім өз ауласынан шықпайтын болды. Қазір де ұсқыны адам шошырлық ескі қоршаулар өте көп. Оның үстіне бізде кеңес заманында салынған көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері аулаға қараған. Бұл да адамдардың бір-бірімен аз қарым-қатынас жасауына әкеп соғады. Әркім өзімен-өзі. Ал Еуропа елдерінде көпқабатты тұрғын үйлерлің кіреберістері аулаға емес, керісінше жол жаққа қараған. Сондықтан, керексіз қоршаулар алынып тасталуы керек. Қала ашық болғаны жөн».  width= ҚазҰУ ректоры 10 жылдан астам уақыт университетті басқарды ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов 2010 жылдың 7 қазанынан бастап аталған жоғары оқу орнының ректоры ретінде тағайындалған болатын. 2013 жылы ректордың монографиясынан дау шығып, аталмыш оқу орнының профессорлары Ерлан Нұрсұлтан мен Махмұд Садыбеков Мұтановтың 2011 жылы жарық көрген «Экономико-математические методы и модели» атты монографиясының 39 бетінде өзге ғалымдардың жұмысын көшіріп жазған, ал дерек көздерге сілтеме бермеген деген болатын. Ал қазіргі даудың салмағы басым. Қоғам белсенділерінің күн сайын жердің сатылып кеткені туралы дау көтеруі Ғалымқайыр Мұтановтың ректорлықтан кетуіне әсер ете ме? Дәл осы мәселеде шиеленіс көп. Алайда жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды деген бар. Ректордың алдағы уақытта кетуі мүмкін деген сыбыс та шықты. Редакция егер ҚазҰУ ректоры кеткен жағдайда орнына кім келуі мүмкін деген болжам жасады: Жансейіт Түймебаев Қазақстан халықтар ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Президенті әкімшілігінің ҚХА хатшылығының басшысы. Әрі ҚазҰУ-дың түлегі. Бүгін ғана дәл осы болжам бойынша, телеграм мессенджеріндегі Uzyn Qulaq каналында да Ж.Түймебаевтың ректор болып келуі мүмкін деген ақпарат тарады. Бақытжан Жұмағұлов Мемлекет және қоғам қайраткері. 2008-2010 жылдары ҚазҰУ ректоры, кейін Білім және ғылым министрі болған. Қайта келуі мүмкін бе? Ерлан Сыдықов Тарих ғылымдарының докторы, профессор. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры. Айта кету керек, осы жылдың 15 қаңтарында университет сайтында  ««Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі, 010008, Hұр-Султан қаласы, «Алматы» ауданы, Қаныш Сәтбаев көшесі, 2, Hұр-Султан қаласы, Қаныш Сәтбаев көшесі, 2 орналасқан «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы – Ректордың бос лауазымдық орнына орналасуға конкурс жариялаған болатын. Дәл осы мәселе бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне хабарластық. Алайда нақты жауап ала алмадық. ҚазҰУ баспасөз қызметкерінің бізге берген жауабында бұл мәселеде тек басшылық жауап береді деп, өзге нөмірді сілтеді. Бізге берілген нөмір бойынша хабарластық. Жауап ала алмадық. 

Жүктелуде...