Бірлігі жарасқан ел...

Бірлігі жарасқан ел...

ашық дереккөзі

 width= Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Егемен Қазақстан газетіне берген “ Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында көптен көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді нақты тарқатыпты. Мақаланы бір ауыз сөзбен айшықтар болсақ: “Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жадынан түңілсін”. “Отызында орда бұзбаған, қырықында қамал алмайды”-демекші. Тәуелсіздіктің отыз жылында орда бұзған Қазақстан өзінің іргетасын қалап, құрлықтағы да, теңіздегі де шекарасын шегендеді, халықаралық аренада өзінің қарым-қатынасын қалыптастырды. Енді қырықында қамал алу үшін, алдағы төртінші онжылдықта жаңа заман талабына бейімделген кемел халық болудағы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда жұмыла қызмет етуіміз керек-деді Президентіміз. Әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру дегеніміз, кез-келген істе әділетті болу деген сөз. Әділеттің тізгінін әділ ұстасаң, Тәуелсіздіктің тұлпары талайды шаң қаптырары анық. “Тар жол, тайғақ кешкен” кешегі қыйлы замандарда да талай нәубетті көрген ата-бабаларымыз болашақ ұрпағы үшін еш нәрсеге мойымады. Сонда да болса тілін, дінін, ділін сақтап қалды. Ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін де бүгінгі және болашақ ұрпақтың жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керектігін ескертті. Кешегі “Балапан басында, тұрымтай тұсындағы” заманның өзінде де біз өз тамырымыздан ажырамаған халықпыз. Мынау жаһандану заманында жат жұрттың жетегінде кетпеу үшін де өз құндылықтарымызға бекем болуымыз керек. Талайларға тәлім болатындай тамыры тереңде жатқан тарихымыз бар. Оны жаңғыртсақ болашақ ұрпақтың санасына сәуле болып құйылары анық. Бүгінде әлем киноиндустриясы Азияға бет бұрды. Оларды қызықтыра алатын біздің шежірелі тарихымыздың шегі жоқ. Кешегі өткен “Алтын Ордадан” бастап “Желтоқсан оқиғасына” дейінгі тарихымыздың ақтаңдақ тұстары толық зерттеліп, жоспарлы түрде насихатталса нұр үстіне нұр болар еді. Өз тарихымызды өз қолымызбен жазбасақ, өзгенің жазғанын оқуға тура келеді. “Ошақтың бұты үшеу болғанымен, оты біреу” Ол жеріміз, тіліміз, береке бірлігіміз. Оны сақтап қалатын жалындаған оты-адал ниетіміз. Құнанбай қажы айтпақшы: “Халықтың саны өседі, жер өспейді”. Осыны білген біздің бабаларымыз “Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен” қорғаған ұлан байтақ даланы ұрпағына аманат етіп қалдырды. Халқымыз айтпақшы: “Жесір қатын дау шақырады, бос жатқан жер жау шақырады”-демекші. Өз жерімізге өзгелер көз алартпау үшін, бос жатқан жерлерімізге көшіп барып қоныстанып, жерді игеруіміз керек. Қазақтың жерінің ешкімге сатылмайтынын, ешқандай шетелдіктің меншігіне берілмейтіндігін Президентіміз ашық әрі нақты айтты. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет-деді. Енді тіл мәселесіне ойыссақ. Үш құндылықтың ортасында ойып тұрып орын алып тұрған мемлекеттік тіл. Қазақ тілі маған - ауыздығымен алысып тұрған туған жерімізбен, береке бірлік-деген ақ боз аттың тізгінін ұстап тұрған атбегіге ұқсайды. Атбегі азулы, абыройлы болған сайын ақ боз аттың да алысқа шабатыны белгілі. Отаншылдық дегеніміздің өзі, өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізге құрметпен қарау. Керек болғаны үшін ғана өзге тілді алты айда үйреніп, отыз жылда өз тілімізде сөйлей алмау азаматтығымызға сын. “Әлемде жетпіс екі тіл бар. Әуелгісі қасиетті Құран түскен араб тілі. Онан соң қасиетті қазақ тілі. Білімде, ғылымда, арда, иманда, мінезде осы қазақтың тілінде”- деп әулие Мәшһүр Жүсіп бабамыз бекер айтпаса керек. Айдай әлемнің өзі алақандай болып қалған мына Жаһандану заманында білім іздеу, жаңа кәсіп ашу, қызмет атқарудың өзі оңай емес. Ол үшін күнде жетіліп отыруың керек. Бәсекелестік қабілетіңді арттырмасаң, көштен қалып қоятының сөзсіз. Бірақ кім болсаң да, қайда жүрсең де, қандай қызмет атқарсаңда тарихи тамырыңнан ажырама. Шынында адам патриот болып тумайды. Отанға деген махаббат сезімін әуелі ата-анаң, онан соң өскен ортаң қалыптастырады. Өсе келе өзіңде өз отбасыңның ұйытқысы боласың. Себебі Отан деген ұғым өз отбасыңнан басталады. Данышпандар айтпақшы: “Балаңды тәрбиелеп әуре болма, өзіңді тәрбиеле. Бәрібір балаң саған қарап бой түзейді”. Жер көлемі жағынан әлемде ойып тұрып тоғызыншы орын алатын жерді қорғап тұру сенің ата-бабаң үшін оңай болды дейсің бе? Әрине оңай болған жоқ. Ата-бабаңның қолынан келген дүние. Демек сенің де қолыңнан келетіні сөзсіз. Береке бірлігі жарасқан тәуелсіз халықтың басшылары әділ, байлары жомарт, халқы сабырлы, ғалымдары қарапайым, жастары тәубешіл, әйелдері ұятты келеді. Дүниеде не қымбат? Бүгінде біз үшін Тәуелсіздіктен асқан қымбат нәрсе жоқ. “Адам баласы басына қонған бақтың бағасын қонғанда емес, ұшқанда біледі”-деген бекер әңгіме емес. Басымызға қонған Тәуелсіздік деген бақ пен бақыттың бағасын білейік бауырлар. Береке бірлігі жарасқан Егеменді ел болып өмір сүрейік.

МАҚСАТ СҚАҚОВ

 

Жүктелуде...