«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК-ның жылдық қорытындысы

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК-ның жылдық қорытындысы

ашық дереккөзі

 width= «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК 2020 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік материалдарының 27,4 мыңнан астам сынамасы сыналғанын хабарлады. Нормалар бойынша 6 мыңнан аса талапқа сәйкес еместік анықталып, 9,6 мың кемшіліктер (бұзушылықтар) анықталды. Орындалған жұмыстарды 2,5 млрд. теңгеге қайта орналастыруға ұсынылды, оның 95% - ы ескертулер, яғни 2,4 млрд.теңге, кемшіліктер жойылды. Бүгінгі күнге дейін күрделі күйінде қалып келе жатқан маңызды проблемалардың бірі – жол саласындағы қызметтердің қай-қайсысына да мамандар жетіспейді. Бұл бағытта биылдан бастап біз оқушылар арасында жол мамандығының артықшылықтарын насихаттап, кәсіби бағдар беру жұмыстарын қолға алдық. Қазір біз «1000 мектеп» науқанын аяқтадық. Төтенше жағдай кезінде де осынау маңызды шарамызды тоқтатпай, біз оны онлайн режимде жалғастырдық. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 7 391 мектептің 1153 мектебі қамтылып (15,6%) немесе шамамен 115 000 оқушы осындай игі шараға қамтылған. Сондай-ақ мұндай игі шараны біз жоғары оқу орындарында да үйлесімді жалғастырып, жаз айларында 45 студентті ақылы тәжірибеге тарттық, олардың кейбірі осы күнге дейін бізбен тығыз бірлестіктегі жұмыстарын одан әрі жалғастырып келеді. Оның сыртында осы автомобиль жолдарына қатысты салалық жоғарғы оқу орындарымен байланысты да нығайта түсудеміз. Мысалы, Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университет және Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясымен әріптестік қатынасымыз көңілден шығуда. Студенттердің білімін арттыру үшін, «Ұлттық сапа орталығы» мамандары оларға онлайн режимде сабақ өткізуді жолға қойды. Қоғамды ерекше мазалайтын мәселе – жол-көлік оқиғасынан қаза табатын адам санының азаймауы. Ішкі Істер Министрлігі мәліметтеріне сәйкес, соңғы 5 жылда 86 мың жол-көлік оқиғасы орын алған, 11 мың адам қайтыс болып, 100 мың адам жарақат алған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша қайтыс болған адамдар көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 10,4 екен, ал Европа елдерінде бұл көрсеткіш  5,5. Жол-көлік оқиғалары болуының бірнеше себептері бар. Ең негізгілері – адами фактор әрине. Жылдамдықты асырып жіберу, бағдаршамға бағынбау, ішімдік ішіп алып рульге жармасатындар да бар. Соңғы уақытта телефон салдарынан орын алатын жол апаттарының да саны артып келеді.  width= Тағы бір қызықты дерекке тоқтала кетейін. 2014 жылы Азия даму банкі Ұлтық экономика министрлігінің тапсырмасы бойынша зерттеу жүргізген екен. Олар жол көлік оқиғасының Қазақстан экономикасына әкелер шығынын есептеп шығыпты. Бір сәби дүниеге келісімен ол үшін мемлекет анасына ақша төлейді ғой? Төлейді. Кейінірек ол бала-бақшаға барады, мектепке, жоғарғы оқу орынына түседі мұның барлығын мемлекет қаржыландырып келеді. Ұл бала болса, кейін әскерде болған уақыты үшін де ақша бөледі. Мысалы, жатағы бар, тамағы бар. Анау бала-бақшадағы тәрбиешіден бастап, мектепте оқытқан ұстаздары, университеттегі профессорлары барлығының еңбек ақыларын мемлекет төлеп келеді. Үкімет оған қыруар қаржы бөлді. Ал ол 25-ке келген шағында жол апатына түсіп қаза болады. Яғни, мемлекет осы кезге дейін бөліп келген ақшасы қайтарымсыз шығынға айналады емес пе?  Азия даму банкі осы экономикалық шығынның 5 факторын атап көрсетіпті.

  1. Медициналық – дәрігерлер, дәрі-дәрмек, ауруханалар т,б.
  2. Өндірістік – жұмыс істейтін мекеме қызметкерінен айрылса.
  3. Адами – жақындары, туыстары. Мүгедек болса, өліп қалса.
  4. Материалдық – көлік шығыны.
  5. Әкімшілік – полиция келуі, түрмеге біреу отырса, сақтандыру.
Осы 5 жағдайды жан-жақты зерттей келе, Азия даму банкі бір адамның экономикалық шығынын 500 миллиард теңгеге бағалап отыр, оның 460 миллиарды өндіріс және адам шығыны деседі. Ал біздің елімізде – қайтыс болғандардың 50%-ы жастар, олар қоғамға қыруар пайдасын тигізетін еді. Ең өкініштісі де осы емес пе? Біздің салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өте жоғары екенін мойындауымыз керек.Орын алып отырған жемқорлық фактілері сапасыз жолдар салдарынан екені де жасырын емес. Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша жолдың өмірлік циклінің 40%-ы материалдар мен жасалар жұмыс сапасына байланысты болып табылады. Яғни, сапалы жұмыс жасалса, қоспа материалдар бар талапқа сай болса, өміршеңдігі екі есе жуық артады деген сөз. Өздеріңізге белгілі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі меморандумға қол қойды. Соның аясында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды. Жобалық кеңсе жұмысының барлық кезеңінде (2019 жылдың маусымынан бастап) 809 шығу жүзеге асырылды және 1500 бұзушылық анықталды. Ішкі тәуекелдерге келетін болсақ, кәсіпорын құрамында Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаумен және алдын алумен айналысатын «комплаенс офицер» жұмыс істеуде. Жол саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі деп айтып жатады. Мақсатымыз – осы жол саласы мен жемқорлықтың арасын алшақтату. Мен біздің мекемеде орын алған бір екі фактілерге тоқтала кетейін. Сыр өңіріндегі филиалда біздің мекеменің инженері бір нысанға тексеру жүргізген. Сапасыздықты анықтаған. Алайда, араға аз уақыт салып, өз ойын өзгертіп, мердігердің жұмысы сапалы деген шешім шығарғанын зертхана меңгерушісі байқап қалады. Осындай факті анықталған соң, біз бір сәт те мүдірместен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мәлімет бердік. Құқық қорғау қызметі де бұл жайында хабардар. Алматы облысы филиалының бұрынғы басшысы да жемқорлық фактісімен қызметтен кетті. Осы сияқты жайттар орын алмауы үшін «KAZ ROAD LAB»/Қазақ жол зертханасы/ жүйесін енгізіп жатырмыз. Яғни инженер көшеден материалға сынама алған кезден бастап: оның қай жерде тұрып, жұмыс жасап жатқанынан бастап, жазбалары толықтай планшетке түседі. Ол цифрлы код арқылы Орталыққа нақты мәлімет болып келеді. Бұл сынама үлгілері қай облыстан, қай жолдан екенін ешкім білмейді. Яғни, зертхана қортындыларына адам әсер етпеуін барынша қарастырып жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар мәреге жақын. Болашақта мердігер сапалы жұмыс жасаса, зертхана көрсеткіші де дұрыс болады деген сөз. Тағы бір маңызды мәселе – қай жұмыстың болмасын халыққа ашық болуы. Ал, біз әрқашан халыққа ашықпыз. SAPAORTALYGҮ.KZ ресми сайтымыз жұмыс істеп тұр. Таяуда ғана You Tube видеохостингта JOL.KZ арнасын аштық. Біздің өкілдеріміз барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда бар. Фейсбук, инстаграмм, телеграмм сияқты әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар, ондағы жаңалықтар жедел әрі тұрақты түрде жаңартылып тұрады. Тың бастама ретінде тағы бір айта кетерлік жайт, еліміздің барлық өңірлерінде «Халықтық бақылау» мониторингтік тобын құрдық. Оның құрамына қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының, прокуратура мен жергілікті әкімдік мүшелері, журналистер және блогерлер кірді. Барлығы 104 адам. Олар халықты толғандырған жол сапасы бойынша әлеуметтік желідегі мәселелерді жан-жақты талқылайды. Кейбір фактілерге дәлел керек болса, біздің жылжымалы зертхана көмегіне жүгіне алады. Мониторингтік топ мүшелері де біздің қызметкерлермен бірге тексеруге шығады. «Халықтық бақылау» қоғамдық мониторинг топтарымен жұмыс барысында Орталық атына 102 арыз түскен, кемшіліктерді жою мақсатында 31 бірлескен тексеру жүргізілген. Мұның бәрін, әрине, жұмыстарымыздың ашықтығын қамтамасыз етуде қоғамдық ұйымдар мен қарапайым адамдардың өз тарапынан Ұлттық сапа орталығы басшылығымен құрған әлеуетті күш деп есептейміз. Мысалы, биыл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 23 өтініш түсірдік, нәтижесінде 3 ұйым жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі және аттестаттары тоқтатылды. Осы сапасыз салынған жолдар бойынша 3 факті сол қоғам белсенділерінің арқасында анықталып, тексерілді. Бұл бағытта біз жұмысты белсенді түрде жалғастыратын боламыз және халықты белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз. Біздің Орталық журналистер арасында «Жол сапасына байланысты» жазылған үздік материалдарға 2-інші жыл қатарынан байқау жариялады. Биыл байқауға 110 материал келіп түскен болатын. Байқауда негізінен 4 жарияланым бойынша жеңімпаздар жарияланды (ең үздік ТВ, газет, радио және интернет жарияланымдары). Атап айтқанда, 50 телеарналар, 41 ақпараттық порталдар, 14 газет-журналдар жарияланымдары мен 5 радио хабары әділқазылар алқасы талқысына ұсынылды. Ұлттық сапа орталығы Баспасөз қызметі осы жылдың қорытындысына сәйкес арнайы есеп беріп, атқарылған жұмыстарын Орталық басшылығы алдында және әлеуметтік желілерде жан-жақты жария етті. Жарияланған мақалалардың жалпы санының ішінде 55%-ы жолдардың сапасына қатысты болса, 20%-ы – кәсіптік бағдар беру жұмысы жайлы, ал 15%-ы – жолдағы қауіпсіздік мәселелерін қозғаса, 10%-ы – ауыр жүк көліктерінің зияны туралы тақырыптарды көтерген. Баспасөз қызметінің белсенді іс-қимылын Орталық жұмысын әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттауы да айғақтайды. Көпке танымал сол желілерде 21 000-нан астам жазылушы мен оқырман бары да дәлелдесе керек. Бір ғана Instagram желісінде 2000-нан астам жарияланымдар жайғасқан. Күн сайын Орталықтың әлеуметтік желілердегі ресми беттерінде тың жаңалықтар мен фотолар жарияланып, сондай-ақ видеотүсірілімдермен толықтырылып отырады. Тамыз айынан бастап «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Орталық аппарат және барлық филиалдары Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларында тікелей эфирлерді белсенді түрде өткізе бастады. Атап айтқанда, тамызда Бас директор орынбасарлары, филиал директорлары қыркүйекте, зертхана меңгерушілері қазан айында атқарып жатқан жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, көпшілік талқысына ұсынды. Мұны алдағы жылы да жақсы дәстүрге айналдыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ «Халықтық бақылау» жобамыз аясында облыстық филиалдар баспасөз хатшылары қатысуымен қараша айында тікелей эфирлер ұйымдастырылып, өңірлердегі аса маңызды мәселелер ашық әңгіме болды. Шынтуайтына келгенде, тікелей эфирлер біздің халық алдындағы ашықтығымызды көрсетеді, өйткені, оған кез-келген адам қатыса алады және тікелей эфир барысында өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алады. COVID-19 пандемиясына байланысты «Біз Біргеміз» челленджіне қолдау көрсетілді және Орталықтың ресми беттерінде, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі филиалдардың беттерінде 34 толыққанды #bizbirgemiz бейнеролигі жарияланды. «ЖАҰСО» РМК-ның әрбір филиалы әлеуметтік желілерде «Мен болашақ жолшымын», «Мамандық – мақтаныш» («Менің мамандығым – менің мақтанышым») атты бейне-челлендждерді дайындап, жариялады. Осы ретте 32 бейнеролик дайындалып, эфирден өткізілгенін айта кеткен орынды. 2020 жылы 29 қазанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жол активтері ұлттық сапа орталығының Бас директоры Замир Сағынов Қазақстанда жол жүру мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне қатысты баяндама жасады. Республикалық және өңірлік БАҚ-да брифинг туралы 61  жарияланым шықты. Сондай-ақ брифинг жарияланымы әлеуметтік желілерде 6000 реттен астам қаралған.  width= Материалдармен жұмыс сапасына сараптама жүргізу бойынша ЖАҰСО-ның әр филиалы 10 бейнеролик дайындады. Ал, түптеп келгенде, бұл 170 ролик жол мамандарының оқу құралы ретінде пайдаланылып, саладағы кәсіби мамандар тапшылығы кезінде таптырмас методикалық видео оқулық деп қабылдаса да болғандай.  width= Қазан айының соңында Орталық коммуникациялар қызметінде таныстырылған «Жол қателігіңді кешірмейді» бейнероликтері үлкен қызығушылық туғызды. Олардың мұндай тартымды болуына «ХАБАР» және «Қазақстан» республикалық телеарналарында өте қолайлы эфир уақыты себеп болды. Сондай-ақ бұл роликтер күніне 4 реттен  көрсетіліп, нәтижесінде екі беделді арналардан олар айына 240 рет көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпорын ғана емес, бағынышты министрлік – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Автомобиль жолдары комитеті тарапынан болған маңызды ақпараттарды және әріптес компаниялармен бірлескен шараларды да уақтылы әрі жедел жариялап отыру жұмысында да Баспасөз қызметі өзін жақсы қырынан таныта алды. Жаңа, 2021 жылы Орталықтың Баспасөз қызметі өз алдына ауқымды міндеттер қойып, оны табысты іске асыруға шағын ұжым қызметкерлерінің барлық күш-жігерін жұмылдыруды мақсат етіп отыр. Бұдан өзге жақын келешекке нақты шаралар да белгілеп, алдағы наурызда «Жол саласы: бүгіні мен болашағы» кітабын шығаруды, «Жол қауіпсіздігі – ортақ міндет» ток-шоуын ұйымдастырып, өткізуді жоспарлаған.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» 

Баспасөз қызметінің жетекшісі:   Н.Алманов

Жүктелуде...