Алаңдағы арпалыс. Ана қайғысы: Желтоқсан оқиғасының куәгерімен сұхбат

Алаңдағы арпалыс. Ана қайғысы: Желтоқсан оқиғасының куәгерімен сұхбат

ашық дереккөзі

 width= Желтоқсан желінің ызғарын сезген, арпалысты көрген көздерден қорқыныш сезімі әлі де тарқамаған. Желтоқсан жаңғырығы әлемді дүрсілкіндіріп, жантүршігердей әсер қалдырған еді. Жарияға жар сала Тәуелсіздігімізді алғанымызға шын жүректен қуанып, азат атқан ақ таңға шүкіршілікті жоғалтпаймыз. Дегенмен, еркін желбіреген көк туымыз бен қалықтай ұшқан қыран құстың артында тәуелсіздік жолында құрбан болған өрімдей жастардың өлім мен өмір жолында арпалысқан тағдыры, қапаста қамалып, ату жазасына кесілген балаларын жоқтаумен өткізген ананың ащы запыраны мен көлдей көз жасы жатыр. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн! Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн!» деп жырлаған Мағжан сенген жастар өз батылдықтарын танытып, арыстандай айбат шегіп алаңға жол тартқан сәт өмірлерін қыршыннан қиярын кім білген?! Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Айгүл Мұқанова алаңда болған азаматшаның бірі. Қазігі таңда тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Желтоқсаншы жастардың жан айқайымен бөлісіп, сол кездегі бойдағы үрей мен батылдықтың ұштасқан шағын күрсіне еске алды. Абылай хан атындағы шет тілдер институтының неміс-француз тілі факультетінің 3 курсында оқып жатқан кезім еді 15 желтоқсан күні сағат 17:20 шамасында кезектен тыс пленумы боп, елі үшін ерен еңбек еткен ер Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, қазақ қанынан шықпаған, Ресей азаматы Колбинді қойды. 16 желтоқсан күні 3 сағат қатарынан медицина сабағы боп, қан тапсырып кеп, жатақханада жатқанбыз. Бір топ қыздар келіп, алаңдағы жағдайды жеткізді. Үстімізге бар қалың киімді киіп біз де бардық. Есімнен кетпейді, сол кезде күн бір ерекше суық, ызғар еді, жер тайғақ... Сол кездегі Брежнева алаңына жеттік... Үкімет үйінің алды солдаттармен қоршаулы, студенттер өте көп. Тіпті, штаб құрайық деп те шуластық. Келесі күні тағы бір топ әскер келетінін де іштей сезіп тұрмыз. Бір кезде требуналға шығып қарт әжей сөз сөйледі. Есімнен кетпейді.

«Қыздар, жігіттер! Аянбаңдар! Немерем осы жерде жан тәсілім етті. Бірақ, тайынбаймын. Күресейік!»,- деп сөз сөйлегенде жүрек те бір рух пайда болды.
Келесі күні бар жігерді жинар, алаңға тағы бардық. Бұл жол басқа мақсатпен... Алаң тас жабық. Екі қатар әскер, қолдарында дубинка. Бір топ тағы әскер жиналған автобусты ашынған студенттер аударып тастауға да күші жеткен еді. Солдаттар студенттерді қуа бастады. Масанчи көшесі ойыс орналасқан. Қашқан кезімізде біріміздің үстімізге біріміз құлап, жанталасқан едік. Таяқ жедік, дубинкамен ұрды.
Біз шегінбедік. Алаңда «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. Кейін жатақханымызға қашып, жеттік. Келесі күні сабаққа да солдатпен барып, солдатпен келген едік. 25 желтоқсанға дейін жалғасты. Түсініктеме жазып, тергеуде болдық.
Алаңға шыққан адамдарды нашақор, ұлтшылдар деп айып тағылып, ұлт қамы үшін жан пида еткендерге жала жабылды. Мұхтар Шахановтың бастамасымен, комиссия құрылып, жастарды ақтау процесі жүрді. Тура бес жылдан кейін, ғасырлар бойы аңсаған еркіндікке қол жеткіздік. Біз куәгерміз...

Інжу ӨМІРЗАҚ

     

Жүктелуде...