Бейсен Құранбектің туған күні: 49 жасқа толар еді...

Бейсен Құранбектің туған күні: 49 жасқа толар еді...

ашық дереккөзі

 width= Бүгін белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек арамызда болғанда 49 жасқа толар еді. Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданында өмірге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы ретінде бастаған. Қалған ғұмырын қазақ телевизиясымен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарды. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды. Өмірден озған журналист туралы жолдастары, әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті. Қарындасы әрі «Айтуға оңай» тележобасында бірге жұмыс істеген Әлия Құдайберген:

«Сіздей адам жоқ екен, осыған күн өткен сайын көзім жете түсуде. Бірде, ағаның атын атап, қолайсыздау бір жазбалар жазып, сыртынан біраз сөз айтқан адамды жерден ап, жерге сап, шыр-пырымыз шығып отырғанбыз. Аға кіріп келді. «Туысқандар, қалайсыңдар!» деп. Арқасындағы зілдей (іші толы кітап) рюкзагын терезенің алдына қоя салды да, бұрыштағы диванға барып жайғасты. Айтқымыз келіп отыр, әлгі жазба жайлы. Айта алмаймыз. Бір кезде әйтеуір, ебін тауып айттым-ау. Және «Дәл қазір өзіне хабарласып айтыңыз, екіжүзділігін» деймін ғой, зілденіп. Аға түк таңғалмастан, тура сурет­те­гідей жымиып қана: «Өөй, Әлек-е-е, көр­дім оны. Ерунда. Жақсы жігіт ол, әлі-ақ тү­сінеді қатесін. Оған бола көңілдерің түс­песін» дей салды. Болды, тақырып жа­былды. Тағы бірде жап-жас боп ағаға неше­түр­ліні айтып, сыртынан біраз нәрсе ұйым­дастырмақ боп, көңілін ауыртқан адам­ға арада бірер жыл өткенде ақша беріп жүргенін байқадым. «Аға, бұл не сонда? Не деген ұяты жоқ адам анау?» дегеніме: «Әлеке, қиналып жүр екен. Жағдайын айтып, көмек сұрады. Жа­рай­ды, Әлеке, бақытты болсын» деген еді. «Ағаның алдында бір адамды жамандап, сыртынан сөз етудің қажеті жоқ. Бәрібір қосылмайды. Түк естімеген адамдай монтиып отыра береді» деп күлетінбіз. Рас! Адам деген солай да тәрбиелейді екен ғой, жан-жағын. Бір адам туралы бір ауыз жаман сөз айтпас­тан, ешкімді сөз етпестен өмір сүру мүм­кін бе, жалпы деп, таңғалам! Ағаға сырын айтпаған, мұңын шақпаған адам кемде-кем шығар?! Соның бірін де сыртқа шығармайтын. Айналасына кектену, тістену, біреуден қарымта қайтару, жөн-жосықсыз өкпе-реніш деген атымен жоқ еді ғой, ағада», - деп жазды әлеуметтік желіде.
 width= Өмірден өтер алдында журналист желіде жүрек тебірентерлік жазбалар жазып жүрді. Денсаулығының не себепті нашарлағанын:
«Соңғы бір жарым жылда екінші рет аман алып қалдым. Бұл жолы асқазан жарасы ашылып, гемоглобин 61-ге түсіп кетіпті (бәрін жүрекке жақын қабылдаудың нәтижесі...). Жан сақтау бөліміндегі жанталастан аман шықтық, бастысы. Енді палатада "постельный режимде" рақаттанып жатқан жай бар. Сәл демалып, ем алып шығайын, сосын, қарбалас тірлікке қайта кірісем. Тек енді денсаулықты шындап қолға алу керек. Әйтпесе, ақ xалатты абзал жандардан әбден ұят болды», - деп түсіндіргендей болды.
 
Тағы бір жазбасында: "Халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", -деп денсаулықты шынында да бірінші орынға қою керек екенін айтқан.
Бейсен Құранбек адал жар, қамқор әке болған еді. Әсіресе отбасыға байланысты ұстанған 7 қағидасы көпшілікке үлкен өнеге, үлгі болып қалды.
  • Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғанмын. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді;
  • Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады;
  • Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз;
  • Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз;
  • Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз;
  • Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын;
  • Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды.
Келмеске кетсе де, артынан өшпейтін із қалдырған Бейсен Құранбектің өмірі мен еңбек жолы көпке үлгі болып қалары сөзсіз. Ер есіме ел есінде мәңгі қалады.

Мәулен ЖЕКСЕНБІ

Жүктелуде...