Азаматхан Әміртай: «ҚазАгроны» қорғап қалуымыз керек, кейін кеш болады

Азаматхан Әміртай: «ҚазАгроны» қорғап қалуымыз керек, кейін кеш болады

ашық дереккөзі

 width=
Биліктегілер "ҚазАгро"-ны Astana LRT жобасымен өзінің қандай екенін көрсеткен "Бәйтерек"-пен біріктірмекші, бұл туралы Азаматхан Әміртай өзінің facebook әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі. 
Не үшін? Себебі, қызметкерлер санын қысқартып, шығынды азайтпақшы-мыс. Қазірдің өзінде БАҚ біріккен холдингте ауыл шаруашылықты қаржыландыру қысқаруы мүмкін екенін жарыса жазып жатыр. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды. Әрі қарай не болмақ? Ауыл шаруашылығы құрдымға кетпейтініне кім кепіл?
Ауыл шаруашылығы кез келген мемлекеттің маңызды стратегиялық салаларының бірі саналады және оның субсидиялар мен дотацияларсыз дамуы туралы айту әбестік. Қаржы көзі болмай, ауыл шаруашылығының күні қараң екені бесенеден белгілі.
НЕ ҮШІН Қазақстанның ауыл шаруашылығын қаржыландыру «Бәйтеректің» қолына беріледі? Бұл ұйым қазақстандық сыбайлас жемқорлықтың ескерткіштеріне айналған Astana LRT жобасын әлі де аяғына дейін жеткізе алмай отыр. Өзінің шешілмеген мәселелері шаш етектен.
Ауыл шаруашылығы — ерекшелігі мен қажеттілігі көп сала. Бұл теміржол вокзалынан әуежайға дейін шеті көрінбейтін, ешқашан аяғына жетпейтін аспалы жол салу емес. Бұл сала бүкіл елді тамақтандырып отыр, оның маңызы зор. Сондай-ақ, біздің ата-бабамыздан қалған жеріміз жеткілікті екенін ескере отырып, әлеуеті де өте зор.
Біріктіру туралы шешім әлі қабылданған жоқ, талқыланып жатыр. Бірақ БАҚ агроөнеркәсіптік кешен «Бәйтерек» үшін маңызды болмайтынын қазірдің өзінде жазуда. ОНДА БҰЛ КІМГЕ МАҢЫЗДЫ? АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН, ФЕРМЕРЛЕРДІ, ХАЛЫҚТЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ КІМ ӨЗ МОЙНЫНА АЛАДЫ?
БІР АЙТАРЫМ: АРТЫҚ ҚЫЛАМЫН ДЕП ТЫРТЫҚ ҚЫЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ!
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру сақталуы мүмкін екені жазылып жатыр.
МҮМКІН??? САҚТАЛУЫ МҮМКІН??? ӨЗ КӨЗІМЕ ӨЗІМ СЕНЕР ЕМЕСПІН! Ауыл шаруашылығын қаржыландыру БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ҚАЖЕТ ЖӘНЕ МІНДЕТТІ БОЛУЫ ТИІС.
"ҚазАгро" - бұл қысқартатын немесе біріктіретін ұйым емес. Иә, олардың көптеген қателіктері бары белгілі, десе де осы уақытқа дейін олар ауыл шаруашылығымен қалай жұмыс істеу керектігі туралы белгілі бір жүйе қалыптастырып үлгерді. Осыны әрі қарай дамытып, жалғастырудың және нығайтудың орнына оны жоқ қылмақ (біріктірудің ар жағында сол жермен жексен қылу жатыр).
Қажетсіз шығындар мен қызметкерлер санын қысқартуға келетін болсақ, қысқарту ауадай қажет ұйымдар бізде жетерлік. Өйткені, аты шулы, түсініксіз функциялары және көрінбейтін нәтижелері бар көптеген ұйымдар жетіп артылады.
Мысалы, біз әкімдіктер жанынан Қоғамдық кеңестер құрдық. Олардың бір пайдасын көрген адамдар бар ма? Жоқ!
Біз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Одан халықтың өмір сапасы жақсарды ма? Өзгерістер бар ма? Жоқ!
Жастар кадрлық резервін құрды. Бұл кадрлар қазір қайда? Олардың барынан не өзгерді? Жаңашылдық әкелгендер бар ма? Жоқ!
Президент әкімшілігі жанынан әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және бақылау орталығы құрылды. Енді не болды? Елдегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды талқылаудан олар орындала бастады ма?
Жақында реформалардың жоғарғы кеңесі құрылды. Енді Жоғарғы Жоғары Кеңес құрылса да таң қалмаймын. Сонымен, штатты қысқарту және ысырапшыл шығындар туралы айту - бос әурешілік. Мәселе онда емес.
Тізіп шыққандардың арасында дәл осы «ҚазАгро»-ны қысқарту - үлкен қателік. Мен холдингтің ешқандай ұйымның бір бөлігі емес, дербес ұйым ретінде жұмыс істегені дұрыс деген пікірдемін. Менің ойымша, көпшілік менің ойымды қолдайды! Дәл қазір «ҚазАгро»-ны қорғап қалуымыз керек. Әйтпесе, кейін кеш болады.

Жүктелуде...