Айтуға ұят, айтпасаң қиянат

Айтуға ұят, айтпасаң қиянат

ашық дереккөзі

 width=

2006 жылы "пайда болған" N22 қаулы бүгінде Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай ауылының тұрғындарын әуре-сарсаңға салып отыр.
"Ақбай аулының тұрғындары" дегенмен, біз сөз еткелі отырған кеңістік мүлде елдімекен шегіне енгізілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап болып табылады. Яғни, тұрғын үй салынбайтын жер телімі.
Енді осы аумақта 5 үй салынып, тағы 30 шақты жер теліміне үйдің іргетасын қалап үлгергенде сот соңғы отырыста ақбайлықтардың меншіктеп отырған жерін негізгі иесіне қайтару туралы шешім шығарды. Ашынбай қайтсін? Жер иелері екі ортада сан соғып қалғаны анық.
Әуелі даудың қайдан басталғанына тоқтатайық, 2005 жылдардан "Озал-Агро" өндірістік кооперативіне тиесілі 50 гектар жердің орналасуын қолдан өзгертіп, оған тиесілі жерді меншіктейтін жалған қаулы жасалған.
2006 жылғы N22 қаулы - аудандық әкімдіктің қаулы тіркеу журналына да тіркелмеген, облыстық мұрағатқа да сақтауға түспеген. Сол қаулы негізінде Сапаров есімді азаматтың атына тұрғын үйге деп рәсімделеді. Назар аударыңыз, тұрғын үй салынатын жер ретінде бақандай 50 гектар жер бір адамның атына рәсімделген.
Сонымен қатар, қаулыда "10 млн 773 мың теңгеге сатылсын" деп нақты көрсетілгенімен, бұл қаржыдан мемлекет кірісіне аталған қаражат түспеген.
Сапаров 2014 жылы 50 га жер теліміне мемлекеттік акт алып, Мұсаев деген азаматқа 18 млн 300 мың теңгеге сатады.
Шиеленістің көкесі азамат Мұсаевтан шыққан. 2015 жылы ол өз иелігіне жалған құжат негізінде рәсімделген 50 гектар жерді 426 бөлшекке бөлшектеп, азаматтарға сата бастайды. Әрбір жер телімін 400-800 мың ₸ көлемінде саудалағанымен салық аз төлеу үшін сату-сатып алу шартына жер құнын шамамен 40 мың теңге деп көрсеткен.
Бұл кезде "Озал-Агро" ӨК де прокуратураға шағым түсіреді. Тексеру барысында облыстық жер инспекциясы қаулының жалған екенін анықтап, 2019 жылы қаулының күшін жою туралы сотқа талап-арыз береді.
Бірінші сатылы сот отырысында азаматтар қаулының жалған екенін білмегендіктен, Азаматтық кодекске сəйкес, сот оларды "Адал сатып алушы" ретінде танып, облыстық жер инспекциясының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырады.
Басқарма "шағым қанағаттандырылмады" деп қайта аппеляцияға береді. Дәлел ретінде жоғарыда аталған құжаттарды толық ұсынады.
Соңғы сот отырысы облыстық соттың аппеляциялық алқа судьяларының қатысуымен Сайрам аудандық сотында өткен. Онда сот шешіміне өзгеріс енгізіліп, "Адал сатып алушы" күші жойылып, аппеляциялық шағым қанағаттандырылған.
Ашық сот отырысына қатысқан тұрғындар сот шешіміне наразы. Себебі, қаулының жалған екенін білмей қалған. Ал жер орнына ақысын талап етейін десе, сату бағасын да тым арзан көрсеткен. Енді не істемек керек?
"Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң, өгіз өледі"-нің кері. Әрине, ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңының 1 бабына сәйкес, "Сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды".
Әкімдік сот қарауын бақылауға ала алмайды. Дегенмен, Қарасу ауыл округі, Ақбай елдімекенінен шарқ ұрып жеткен бір топ азаматты бүгін аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудандық жер бөлімінің басшысы Нұрбол Әбілғазиев, аудан әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы Қайрат Жаналиев және Қарасу ауылының әкімі Дамир Сыдықов қабылдады.
Қабылдауға БАҚ өкілдері де қатысты. Жер дауына байланысты арыз-шағымын жеткізген азаматтар соттың шешіміне наразылық білдіретінін жеткізді. Олардың тарапынан "Неге мемкелкеттік акт берілді?!" деген сұрақтың қойылары да заңдылық. Заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылуы әділ болмақ.
Қабылдау барысында Қарасу ауыл округі, Ақбай елді мекенінің бір топ тұрғындарына берілген жер телімдері бойынша тиісті құзырлы органдар тарапынан осыған қатысты лауазымды азаматтарға құқықтық баға берілетіндігі және аталған мәселеге сот нүкте қоятыны, сондықтан тұрғындар тарапынан сотқа талап-арыз жазу керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, 426 бөлшекке бөлінген алқапты бүгінде 247 азамат иеленіпті. Сотқа қатысқан 70 азаматтың 10-ғана Сайрам ауданының тұрғыны. Ал жер телімдерін сатып алғандардың басым бөлігі Шымкент қаласынан, Жетісай ауданынан және басқа да аудан-қала тұрғындары екені анықталып отыр.
Жауырды жаба тоқуға болмайтын тағы бір мәселе - бүгінгі жер иелерінің ішінде де бір адамның атына 8 соттықтан 4-5, келесі біреудің атына 20, тіпті кейбіреуінің атына 100 жер теліміне дейін рәсімделгені белгілі болды.
"Қарапайым халық ашынып отыр" дейін десең, Сайрам ауданының өзінде тұрғын үй салу үшін берілетін жер теліміне 19 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Бір адам ұлтарақтай жерге зәру. Нағыз мұқтаждық. Ал Ақбайдағы "жер дауы" бойынша бір азамат бірнше жер телімін даулап отыр. Шындап келгенде "заңсыздық" деген жауырды "шырылдаған халықтың" зарымен жаба тоқу іспетті.
Қайткен күнде де заң бұзушылыққа жол бергендердің барлығы жауапқа тартылып, жалған құжат жасаған азаматтар жазасыз қалмауы тиіс. Бұл тақырыптың түйінін алдағы уақыт да заң аясында құзырлы органдардың дерегімен тарқата түсетін боламыз.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Жүктелуде...