Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 қазан, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияда балаларын ұрып-соққан әкенің ісі қаралды

Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияда балаларын ұрып-соққан әкенің ісі қаралды

Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияда балаларын ұрып-соққан әкенің ісі қаралды
ашық дереккөзі
 width= Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы балаларды ұрып-соғу жағдайы Ләззат Рамазанованың басшылығымен өткен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жедел онлайн-кеңесінде қаралды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 2020 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанованың басшылығымен Түркістан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелерінің және өңірлік үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жедел онлайн-кеңес өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің 2019 жылы 29,6% - ға, балаларға қатысты 7,4% - ға төмендегенін атап өтті. Қазығұрт ауданындағы соңғы оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында ғана анықталды, дегенмен бұрын әйел полицияға агрессивті жұбайына шағымданған болатын. «Ер адам ұсталып, қамауда, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер әйелмен және балалармен жұмыс істеуде. Сонымен қатар, учаскелік инспектордың өтініш бойынша уақытылы жұмыс жүргізбеуі бойынша тексеру тағайындалды», - деп атап өтті Сәкен Қалқаманов. Ләззат Рамазанова қазіргі уақытта көпшілік алдында мұндай фактілердің жариялануы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін мәселені шешудің соңғы мүмкіндігі және қоғамда осындай фактілерге «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мемлекеттік органдардың міндеті - алдын-ала жұмыс істеу. Ол үшін Ұлттық комиссия Түркістан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын іске асыруды бастаған еді. Жоба аясында облыста Отбасы істері жөніндегі басқарма және 15 ауданда Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі құрылды. Бірақ әкімдік өз шешімімен облыста бұл жобаны жүзеге асыруды тоқтатып, басқарманы жауып тастады. Сондай-ақ, пилоттық жоба бойынша әр ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін «дағдарыс орындары» құрылады деп жоспарланған болатын, бірақ бұл мәселе де шешімін тапқан жоқ. «Бүгін біз әйелдер мен балалар құқығын қорғау мәселесін шешуде барлық құзырлы органдардың өзара үйлестіру жұмысының қажеттілігін айтып отырмыз. Көпбалалы аналар мен зорлық-зомбылық құрбандары мемлекеттік қызметшілер мен полицияның артынан жүгірмеуі, түрлі құрылымдардан қолдау іздемеуі тиіс. Мәселеге жедел жауап бере алатын, ең бастысы алдын алу үшін жұмыс жүргізе алатын бірыңғай жүйе қажет. Бұл мәселе шешілмесе, біз осындай фактілер туралы тек әлеуметтік желілерден білетін боламыз», - деп атап өтті Ләззат Рамазанова. Қазіргі кезде Парламент депутаттары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобаларына бастама жасады, олардың негізіне Ұлттық комиссия іске асырып отырған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының тетіктері салынған. Сондай-ақ, жедел отырыста Түркістан облысындағы отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру мәселелері, тұжырымдамада бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша нәтижелер, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері қаралды. Түркістан облысында биліктің атқарушы және өкілді органдарында шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі - 22,5%. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының праймеризіне облыстан 353 әйел қатысты. Ләззат Рамазанова түрлі салаларда еңбек ететін әйелдерге, оның ішінде праймеризге қатысқан әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, осы жұмыстың үйлестірушілері болатын өңірлік комиссиялардың қызметін жандандыру қажеттілігі атап өтілді. Отырыс соңында Түркістан облысының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиясына бірқатар нақты ұсыныстар берілді.