Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
5 қазан, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Махамбеттің кегін қайтарған кім?

Махамбеттің кегін қайтарған кім?

Махамбеттің кегін қайтарған кім?
ашық дереккөзі
 width= Кешегі заман келбеті көк мұнар тұман тарих қойнауындағы арпалыс жылдардың айшықты кейіпкерінің бірі Махамбет батыр. Батырлығымен де, жауынгер ақындығымен де, шешендік ділмәрлығымен де, орыс-татар, көршілес орта азия елдерінің тілін жетік меңгерген білім-білік әлеуеті өз қоғамынан сүйем қарыс болсада озық қабілетімен қалған кесек тұлға. Патша отаршылары мен қазақтың қайсар мінезі алысып-жұлысқан уақыттарда семсер болып суырылып, қылыш болып қыннан шыққан сом бейнелер аз болмады. Солардың бірі де, бірегейі де осы Махамбет батыр. Өтемістен туған онның атқа қонып, өз атамекенінде тұлпарынан тақымы ажырамай, үзенгіге үміті қоса мінгенін уақыт таразысы толық анықтап, бағасын тірі ұрпаққа әлі де толық тармақтап берген жоқ. «Кілең кесек тұлғалардың дәуірінде оқшау көзге түсу де оңай болмас. Ондай перенді жендет көзінен қымтап ұстау да қиынның қиыны шығар. Тағдыр мен тарихта сын жүрмейді» деп абыз жазушы Әбіш Кекілбаев Махамбет жөнінде ең бір ақиқат пікір қалдырған. 1846 жылдың күз айларында Махамбетті тұтқындау жайында тағы да әңгімелер жүре бастайды. Бұл іске патшалық үкіметтің сойылын соғып жүрген Айшуақ баласы Баймағанбеттің өзі кірісіп кете алмай, өз жекжаттарын жұмсайды. Жайықтың шығыс жағындағы Индер тауының Қаройда оңаша отырған жалғыз үйге 19 қазан күні сәске түсте Баймағанбет Айшуақовтың жұмсауымен 20 шақты жігіт келеді. Ошақ басында жүрген Махамбеттің әйелі Типан үйдегі еркектерге хабар береді. Оны естіп Махамбет пен Хасен, Бітімай Шөкеұлы мен Меңдібай Еспембетұлы есік алдына шығыды. Суыт жүргендерін сезіп батыр інісіне үйдегі мылтықты алдырып, құдық басындағы атына беттейді. Жүргіншілерден бөлініп шыққан 3 адам атты босатып жібермек болады. Махамбет оларды тоқтатпақ болып, төбесінен от атады. Бірақ, әлгі үшеу атты босатып үлгереді. Олар – Ықылас Төлеұлы, Жүсіп Өтеуліұлы, Мұса Нұралыұлы екен. Сол арада Жәнібек Бодақұлы мен Төрежан Тұрымұлы бастаған тағы бір топ келіп жетеді. Төрежан Адай Мұраттың жоғалған малын іздеп келе жатқанын, басқа шаруалары жоқ екенін айтады. Махамбет олай болса деп, жасы үлкен Ықыласты үйге шақырады. Үйде Махамбет Мұратты білмейтінін, малын алмағанын айтады. Ықылас Баймағамбеттің бұйрығымен ұстауға келгендерін білдіреді. Махамбет тірілей берілмейтінін айтып, қанжарға жармасады. Типан Ықыласқа қылыш ала ұмтылады. Есіктен Жүсіп Өтеуұлы кіріп келіп, Мұсаны итеріп тастап, Махамбетті қақ шекесінен екі рет шабады. Бірақ батыр құламайды. Шалғайына жармасқан Мұсаға бұрыла берген кезде Жүсіп бар пәрменімен қара құстан қылышпен тартып қалады. Махамбет сұлап түседі. Жүсіп сұлап жатқан Махамбеттің басынан тағы бір рет шабады. Мұса да көк желкеден үш рет шауып, батырдың басын кесіп алады. Жендеттер онымен қоймай, сандықты ашып, ішіндегі ақша дүние-мүліктерді алып, батырдың басын қанжығаға байлап, 8 жылқы, 7 түйені қуып кетеді. Махамбет батырдың бажасы әрі туысы болып келетін Беріш Асаубай Құдайкелов Баймағамбет сұлтанның соңына түсіп, «Бір кісіні екі бөлек қоймақ жоқ»-деп ақынның кесілген басын Баймағамбеттен алып, шын жендеттің кім екенін елге дәлелдеген. Оған қоса Петерборға барып, патшадан шен мен шекпен алып келе жатқан Баймағамбетті көктемнің асау толқынымен арпалысып тасып жатқан Елек өзенінен өте берісте, салға мініп өткізетін өткелшінің аузын алып, арқа үзілді деген желеумен жанындағы серіктерімен бірге ақ көбік ағысқа салып жібереді. Бұл деректер Әбіш Кекілбаевтың 20 томдық шығармалар жинағынығ 7-томы «Шандоз» тарихи-баяндар еңбегіне енген.

Б. Нұр-Мұхаммед