Қытай мемлекеттік басқару тәсілі әрқашан да бір тұлғамен байланысты болып келген. Бұл азиялық басқару тәсілінің бір көрінісі болар. Қазір де қытайлық бюрократиялық машинаның басшысы ҚКП бас хатшысы Си Цзиньпин билікті өз қолына шоғырландырумен қатар, Қытайдағы бүкіл басқару жүйесін реформалау үрдісін бастағандай. Сыртқы саясатта мұны «Си дипломатиясы» деп атап үлгерді. Бірақ Си Цзиньпин кезіндегі Қытайдың сыртқы саясаты шынымен-ақ сапалы жаңа қасиеттерге ие болды және айтарлықтай өзгерді деп айтуға бола ма?
Бұл сұраққа жауап беру үшін қытайдың әлемдік саясатқа әсерін тым жеңіл және бірбеткейлі қарастырудан бас тартуымыз қажет. Соңғы 20 жыл аралығында Қытай экономикасы «сызықтық өсуі» (linear development) инерциялық өсумен ауысты, ал халықаралық аренада Қытайдың рөлі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, 2012 жылы Қытайдың сыртқы саясатта бастаған белсенділігі әу баста тұрақсыз және бұлыңғыр болды. Оған сол кезеңгі Қытайдың стратегиялық құжаттарындағы анықтықтың болмауы дәлел. Мұның барлығы Қытайдың сыртқы саясатын зерттеуде экономиканың өсу көрсеткіштері емес, мемлекеттік аппарат құрылымына, саяси шешімдер қабылдау тетіктеріне, ҚХР сыртқы саяси мүдделерін ілгерілетуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралардың тиімділігіне сүйену керек деп тұжырымдауға мүмкіндік береді.
ҚХР басшылығының шешім қабылдау процессінің болжамсыздығы мен ресми құжаттардағы анықтықтың жетіспеушілігі Қытай дипломатиясының тиімділігін бағалауды қиындатады. 2012 жылдан бастап Қытайдың әлеммен қарым қатынасында жаңа моделді іздеу күшейді және дипломатияда жаңа әрі белсенді болу қажеттілігі айқын байқалады. Қытайдың ресми позициясы шетелдік зерттеушілерді ҚХР әлемдік тәртіпті өзгерту немесе белсенді экспансиялық саясатты жүзеге асырады деген қате тұжырымдарға итермелейді. Алайда Қытайдың сыртқы саясатын бүкіл әлемге өзінің тәртібін тықпыштауда деп түсіну дұрыс емес. Қытай билігінің саясаты әлдеқайда күрделі және «нәзік» деп айтуға болады. Біздің көршіміз әлемдік тәртіпті өзгертуге талпынуда дегеннен қарағанда сол әлемнің айырылмас бір бөлігі болуды көздеп отырғандай. Кезінде Дэн Сяопиннің «мүмкіндіктерді жасырып, көлеңкеде қалу» тұжырымдамасынан кенеттен бас тартудың орнына, әлемдік қауымдастыққа толыққанды интеграцияның бір бөлшегі болу Қытайдың қазіргі басшылығының ресми сыртқы саясатындағы басты өзгерісі.
Сонымен бірге, реформашыл Қытай үшін іскі саясаттың сыртқы саясаттан басымдығы «дәстүрлі» болып қала береді деп айтуға болады. Бұл мәселеге байланысты ҚХР билігінің позициясы өзгерген жоқ және қытайлық шенеуніктер ешқашан ішкі тұрақтылықты сыртқы саясаттағы қандай да бір дипломатиялық жетістік үшін құрбан етпейді. Қытайдың ішкі саяси өмірі - экономикалық өсудің баяулауымен күрес, ішкі элиталарды тазарту, жаңа цифралық қоғамның қатерлерінің алдын алу секілді мәселелер әлі де сыртқы саясаттың күн тәртібін анықтайды.
Кезінде Си Цзиньпин ҚКП бас хатшысы лауазымына отырғанда Қытай мемлекетінің жан-жақты дамуын болжап «Қытай ұлтының қайта жаңғыруы» ұранын көтерген болатын. Яғни, Қытайдың әлемдік үстемдігі емес, ірі державалар арасында өзіне лайықты орын алуын айтқан. Және де, Қытай басшылығы ресми түрде сыртқы саяси мақсаттарға жетуде агрессия мен гегемонияға ұмтылысты пайдалануды қолдамайды. Дәл қазір Қытай басшылығы кез келген елмен «Чжунго фанань» (қытай жоспары) негізінде бейбіт және өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылысын көрсетуге тырысуда.
«Қытай жоспары» - американдық немесе батыстық модельдермен тікелей қақтығысқа жол бермейтін әлемдік бейбіт басқаруда теңдікті насихаттайтын реформалар. Сыртқы саясатта ресми позициясының түсініксіздігі Қытай басшылығына белгілі уәделер мен мақсаттармен байланып қалмай, саяси маневр жасауына кең мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге экономикалық байланыстарды саяси жаңарумен қосқысы келмейтін бірталай елдерге Қытай ынтымақтастық үшін тартымды болып қала бермек.
Сондай-ақ Қытай басшылығы үшін экономикалық даму ішкі және сыртқы қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Қауіпсіздік- Қытай үкіметінің отырыстарының негізгі тақырыптарының бірі болып қала бермек. Бұл ҚХР билігінің сыртқы саяси және экономикалық әрекеттеріндегі қатерліктерге деген үлкен алаңдауышылыңын көрсетеді. Бұл алаңдаушылық көрші елдегі биліктің орталықтандырылуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күресінің себептерін айқындайды.
Қорытындылай келе, ҚХР әлі күнге дейін аймақтық держава мәртебесін сақтауда, алайда оның ары қарай эфолюциялық мүмкіндіктерін жоққа шығара алмаймыз. Қытай біртіндеп ескірген қағидалар мен тұжырымдамалардан бас тартып, «сыртқы әлеммен» өзара әрекеттесуді күшейтіп, әлемдік аренадағы өзіндік позициясын нығайта түсуде. Ғаламдық маңызды мәселелерді шешуден шеттетілгісі келмеуі ҚХР билігінің әлемдік қауымдастық алдында Қытайдың саяси салмағын арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар Қытай өзінің стратегиялық еркіндігін шектейтін ірі саяси блоктарға қосылмау принципін одан әрі ұстанады деп болжауға болады. Ал сыртқы саясатта, әсіресе іргелес аймақтарда, алдағы уақытта Қытай басшылығы аймақтық ынтымақтастық және экономикалық дамуға кең назар аударады. «Одақтастық емес, серіктестік» (jie ban bu jie meng) принципі бұдан бұлайда Қытайдың шетелдермен қарым-қатынасында басты және әмбебап ұстаным болып қала бермек.
Амангелді ҚАЛЫБЕК