Жаңалықтарымызды экономикалық қылмыстардан бастаймыз. Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 500 миллион теңгені талан-таражға салды деп күдіктелуде. Еліміздің Қаржы министрлігінің Қаржы комитетіндегілердің мәліметінше, ол ведомстводағы ақпараттық жүйе жаңарту кезінде бітпеген жұмысты "бітті" деп танып, қасақана қыруар қаржыны өзгеге аударып жіберген. Экс-министр Елжан Біртановтың орынбасарының қолына тамыз айының басында кісен тағылған еді. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұрынғы министр Елжан Біртановтың орынбасары Олжас Әбішевті Экономикалық тергеу қызметі тамыз айының басында ұстаған еді. Сол кезде әлемжеліде бейнежазба да тараған болатын.
Видеода қолын кісендеп, екі адам жетектеп бара жатқан адамның Олжас Әбішев екені айтылғантұғын. Бірақ, содан бері құзырлы органдар оның қандай күдікке ілінгені жайлы тіс жармады. Тек бүгін ғана
жай-жапсарын айтып берді.
Жанат ЭЛИМАНОВ, ҚР Қаржы Министрлігі қаржы мониторингі комитетінің Төрағасы: "Ақпараттық жүйе құру үшін бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаражатты талан-таражға салу күдігіне ілінген бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сот санкциясымен ол тұтқынға алынды, тергеу жалғасып жатыр".
Олжас Әбішев 2018 жылдан бері министрлікте цифрландыру мен ақпараттық қауіпсіздікке жауап берген. Осы қызметін теріс пиғылда пайдаланыпты. Жұмыс істемейтін ақпараттық жүйені «істейді» деп қабылдаған. Сөйтіп, еш сескенбестен қасақана 500 миллион теңгені өзгенің есеп-шотына аударып жіберген.
Тағы бір мәлімет күдікті бұл әрекетіне пандемияға дейін, яғни ескі басшылық кезінде барған. Брифингте Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік филармония, яғни бұрынғы Конгресс-Холлдың директорына қатысты тың деректер айтылды. Ол құрған қылмыстық топ қазына қаржысына аямай салыпты.
Жанат ЭЛИМАНОВ, "Елорда сотында Мемлекеттік академиялық филармонияның, яғни бұрынғы Конгресс-Холлдың экс-директоры Сәкен Әбдірахмановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзінің бағынышты қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ ұйымдастырған. Олар 1,8 миллиард теңгеден астам ақшаны ұрлаған".
Бұған дейін мемлекеттік филармонияның басшылығы 2012 жылдан бері миллиардтаған соманы екі жолмен жымқырғаны анықталған еді. Біріншісінде, мамандар ресми түрде жұмыс істемеген 140 адамның жалақысын жылдар бойы қалталарына басып отырған.
Бірақ оны аз көрген кезде, концерттер мен филармонияда жалға берілген нысандардан түскен соманы қолды еткен. Қордаланған қаржыға мекемедегілер мен олардың туыстары шетел аралаған.