Қаңтардың қар суырған таңдарының бірінде скрипкалы бір кісі Вашингтон метросының қалтарыстау жеріне тұра қалып, аспабын құйқылжытып ойнай бастайды. Ол Бахтың алты пьесасын 45 минут бойы тоқтаусыз орындап шықты. Осы уақыт аралығында оның жанынан 1100 адам әрі-бері сапырылысып, өте шықты.
Музыка ойнай бастаған алғашқы үшінші минутта өтіп бара жатқан егде кісі қалт тұра қалып, музыкантқа едәуір назар салып тұрды. Сосын, есіне шұғыл шаруасы түскендей, асыға басып жөніне кетті. Енді бірер минуттан кейін жедел басып кетіп бара жатқан бір әйел тоқтамастан скрипкашының алдына бірер долларды тастап өтті. Одан кейін бір кісі қабырғаға сүйеніп, музыка тыңдағысы келгендей кейіп танытты да.., сағатына қарағаны сол екен, ол да жүгіре басып жөніне кетті.
Сананы солқылдата ойнаған скрипканың сиқырлы үніне ұзағырақ аялдаған жасы үштер шамасындағы балақай болды. Алайда оның анасы сүйрелеп, ол жерден тез ұзай берді. Бұл маңнан өткен балақайлардың барлығы дерлік музыка үніне елітіп, ұзағырақ тыңдағысы келді. Бірақ барлығының ата-анасы оларды сүйрелеумен болды.
Музыкант мүдірместен 45 минут күй тартқанда, небары 6 адам ғана кішкене ұзағырақ аялдаған. Өткіншілердің 20 шақтысы ғана тиын-тебен тастап, барлығы 32 доллар жиылған. Ақша тастауын тастаса да, бірде-бір адам тұшынып музыка тыңдамаған. Музыкант әйгілі туындыларын нәшініне келтіріп орындап болғаннан кейін, оған ешкім қол соғып, қошуақ та алмаған. Тіпті, ол сағатқа жуық скрипкада жанын салып ойнамағандай, ешбір жан елең де қылмапты...
Мыңнан аса адам мән бермей өте шыққанына қарамастан, әйгілі Бахтың туындыларының ең күрделілерін асқан шеберлікпен орындап шыққан әлемдік дәрежедегі дәулескер скрипкашылардың бірі Джошуа Белл еді. Оның қолындағы музыка аспабының өзі 3,5 миллион доллар тұратын. Соның алдында ғана Бостон театрында өтетін оның концертінің билеттері пышақ үстінен сатылып кеткен болатын. Джошуаның концерті үшін билеттердің ең арзаны 100 доллар екені және бар...
Washington Post газеті еңбек адамдарының талғамын, кездейсоқ тап болған шынайы өнер туындысын қалай қабылдайтынын анықтамақ боп "Джошуа Белл метрода жарнамасыз күй тартады" деп аталатын әлеуметтік жоба ұйымдастырған екен. Аталмыш тәжірибеден кейін жобаның ұйымдастырушылары "Әлемдік музыканың хас шебері орындаған өнердің озық туындысына бірер минутымызды арнай алмасақ, өмірде сәт сайын жанымызда болып жатқан маңызды оқиғаларға мән беруіміз неғайбыл!" деген тұжырымға келіпті...
Кигіз кітап парақшасынан