Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Әй,қазақ, үйге жүр қонақ боласың»

«Әй,қазақ, үйге жүр қонақ боласың»

«Әй,қазақ, үйге жүр қонақ боласың»
ашық дереккөзі
 width= Бішкекке гострольдік сапармен келгенімізге де екі-үш күн болған-деп әңгімесін бастады ағам. Біз тоқтаған жатаханадан театрға дейін автобуспен алты аялдама. Автобусқа артқы есіктен мінгенім сол еді, артқы орындықтарға тауықтай қонақтап отырған өзіммен қатар төрт-бес жас жігіттердің әңгімесі ұнамады. Тиісерге қара таба алмай отыр екен. Автобустың ішінде таздың шашындай оншақты адам ғана отырмыз. “Байеке қайдансың?-деген дауысқа мойын бұрып, Алматыданмын!- дегенім сол еді басым бәлеге қалды. Ты что широкий что ли? Сюда иди-деп варенкасының жағасын жоғары көтеріп алған шашы ұзын, қара торы жігіт маған келе жатыр. Қара қаншықтың артынан ылығып еріп жүрген төбеттердей қасындағы төртеуі қатарласып еріп келеді. Бір бәленің болатынын ішім сезіп тұр. Екі адамға қарсы тұра алатындай күшім бар. Ал мына бесеуіне төтеп беру мүмкін емес. Себебі күш тең емес. Не де болса тәуекел жақсылап бір таяқ жермін. Көп болса қалтамдағы төрт сом елу екі тиынымды алып қояр-деп отырмын. Тек кастетпен ұрып, пышақ сұғып алмаса болғаны-деп қоямын ішімнен. Келіп әлгілер жағама жармаса бергені сол еді. “Тоқтаңдар” -деген ер адамның жуан дауыс арыстанның ақырғанындай болып естілді артымнан. Артыма қарасам жуан мойнына жабысқан тақыр басына, бүктетіліп қалған шойын құлағы жабысып тұрған еңгезердей біреуді көрдім. Көзі сілеусіннің көзіндей сығырайып тұрғанымен, өткір екен. Бойы ортадан жоғары, заманында боз кілемнің шаңын шығарған жігіт ағасы екені көрініп тұр. Жуан даусынан тұла бойың тітіркенеді. Қолына түссең қамырдай илейін-деп тұр. Әлгілер кәдімгідей сасып қалды. Осы балаға қолдарыңның ұштарын тигізіңдер, өңештеріңді жұлып алып, мойындарыңа іліп қоямын деді. Ана кісі айтса, істейтініне күмән жоқ. Әлгі бесеуі суға түсіп кеткен тауықтай сүмірейіп қалды. Алдыңғы аялдамада бәледен аулақ-деді ме екен? Олар түгел түсіп қалды. Келесі аялдамадан біз түстік. Түскеніміз сол еді: “Әй қазақ үйге жүр қонақ боласың”-деді. Театрда репетициам деп едім. Бастығыңа өзім айтам-деп қысқа қайырды. Үйіне кіргеніміз сол еді: “Әй бәйбіше қазанға ет сал Алматыдан қазақ бауырымыз келді”-деді. Бәйбішесі де жылы жүзді кісі екен елпілдеп жүгіріп жүр. Ет пісем дегенше ағам екеуміз шәй ішіп отырып ұзын сонар біраз әңгіме айттық. Ағам қомызын шертіп отырып, басынан өткен тағдырын айтты. Әскерде жүргенде абайсызда адам өлімі болып мені тоғыз жылға кесті-деп бастады әңгімесін қырғыз ағам. Дизбатқа жібермеді. Жазамды өтеуге қатаң режимдегі Магадандағы түрмеге айдады. Сексенінші жылдардың басы. Жиырмаға әлі толмаған жас баламын. Зектер жататын баракқа әкеп түсірді. Бұндағы зектердің басты жұмысы пиларамен орманнан ағаш кесу. Адамның құшағы жетпейтін жуан ағаштарды кесіп, сұлатуда оңай жұмыс емес екен. Мұндағы сотталған ағайындардың басым көпшілігі аққұлақтар. Бидай өңді, қаракөз қандастарды мүлде көрмейсің. Жаныңа жалау болатын жанды кездестірсең, құдайыңа қой айтасың. Түнде ұйықтап жатсам біреу оятады. Сені туалетке шақырып жатыр-деп. Барсам үсті бастарын наколка басқан, терісі сүйектеріне жабысқан, жүздерінде иман жоқ, өңкей ауыр қылмыс жасаған зектер. “Новичок танцуй”-дейді. Сынаған түрлері. Бір билесең, өмір бойы билетейін-деп тұр. “Не умею танцевать”-дегенім сол еді, жабылып көкала торғайдай қылып, итше тепкілеп тастады. “ Завтра в это же время мы ждем тебя узкоглазый. Научись танцевать”-деді. Жанымды қоярға жер таппадым. Жаныма жалау болатын жан іздедім. Адам жоқ. Түрменің өз заңдылығы бар. Кастаға бөлінеді. Түнгі тепкіден, таңертең тұла бойымды әрең көтердім. Тамақ ішуге зауқым жоқ. Сүлгімді мойныма асынып, жуынып келе жатыр едім, барактың түпкір жағынан қырғызға құсайтын біреу көзіме оттай басылды. Қасына барғанша асықтым: “Ассалаумағалейкум байеке”-десем. “Уағалейкумассалам бауырым”дейді. Сіз қырғызбедіңіз?- десем. Жоқ мен қазақпын-деді. Атыңыз кім десем? Қойшыбек болады-деді. Сенің атың ше?-деді. Қуанғанымнан Койчы-Бек-дедім. Ой аттас екенбіз ғой қырғызым-деді ағам арқамнан қағып тұрып. Үстіңнің бәрі синякқой, кеше не танцеда болдың ба?-деді. Үндеместен басымды шұлғыдым. Қалай екен-деді. Тағы үндемедім. Бүгін де барасың ба?-деп еді. Ия кешке олар мені шақырды- деп едім. Саспа бауырым-деді. Басқа ешнәрсе айтпады. Түнде көз ілмей күтіп жатырмын. Кешегі кісі келіп туалет жақты иегімен меңзеді. Бірден түсіндім. Денем кірпідей жиырылып баруға зауқым жоқ. Амал жоқ бардым. Кешегі көрініс. Будақтаған “Беламор” темекісінің түтінінің арасында бөрінің көтіндей шулаған өңкей қаныпезерлер отыр. Олар заңына бағынбасаң ешкімді аямайды. Баяғы тепкі қайтадан басталайын-деп жатқанда, орманға арыстан кіріп келгендей болды. Өңкей шибөрі күнге қатқан тулақтай тырысып қалды. Көгала көк түтіннің арасынан жақсылап қарасам, өзімнің қазақ Қойшыбек ағам. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңгезердей қазақ. Жұдырығының жуандығы менің басымдай. Көзінде қорқыныш, жүрегінде үрей-деген мүлдем жоқ. Анау өңкей шибөрі шакалдарды в упор көріп тұрған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын Алматыда болған бір дискотекада қызға таласып, абайсызда бір жігітті ұрып өлтіріп алады. Ол бір дөкейдің баласы екен. Әкесі Қойшыекеңді он екі жылға соттатады. Үш жылда Қойшыбек ағам Магаданға өзінің кім екенін дәлелдеп тастапты. Кірген бойда: “Мужики он мой братишка. Его зовут Койчы-Бек. Он новичок. Если кто небудь без причины его будет трогат парву”-демесі бар ма? Бағанағы қоқайып тұрғандар, найзадай кірпіктерін жерге қадап, жаңа түскен келіндей майысып қалды. Біреуі ағама бата алмайды екен. Содан кейін менің құдайым берді. Әуелі Ұлық Алла! Онан соң қазақ Қойшыбек ағамның арқасы. Көзім көрді, түрмеде жүргенде небір мықты ұрылар “Вор в законе” Қойшекеңді қылмыс әлеміне тартты. Тәуекелге бел байлайтын сенің мінезің бізден қазақ. Біздің қатарымызға қосыл алтынмен аптап, күміспен күптейміз-дегендеріне ағам көнбеді. Біреудікін алмады, өзінікін бермеді. Неге бармайсыз-деп сұрағанымда біреудің қанымен арамнан тапқаның, түбі жақсы болмайды. Бір үзім болса да нанымды адалдан табайын. Анамның ақ сүтін адалдан ақтайын. Бұлардың қорасына бір кірсең шығу қиын бауырым. Саған да айтарым арыңды арамдықпен былғама. Құт қонсын десең қолыңмен тапқаның адал болсын. Екеумізде ойнап жүріп от бастық. Тағдырымыз ұқсас. Өкінеміз. Себебі кісінің қаны мойнымызда. Қазақта: “ Жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен”-деген сөз бар. Түрменің нанын жеу маңдайымызда бар екен. Енді адам боламын десек арамдықтан аулақ жүрейік бауырым-деген Қошыбек ағамның сөздері әлі күнге дейін құлағымда. Кеше тоқсаныншы жылдардың басында түрмеден шығып келгенімде, қылмыс әлемінің серкелерінен біздің қатарымызға қосыл-деген талай ұсыныстар түсті. Өзім көнбедім. Қойшыбек ағамның айтқанын бір сәтте болса есімнен шығармадым. Одан жаман болмадым. Талай қырғыздың баласын бүгінде күрестен әлем чемпионы қылдым. Өмір бірде жетіп, бірде жетпегенімен де бағалы. Бүгін бақыттымын. Құдай пейіліңе береді-деген. Алла адал жар берді. Кіндігімнен тараған ұл-қыздарымның әкесімін. Бағана сені автобуста бес қорқау қоршағанда түрмедегі өмірім көз алдыма келді. Алматыданмын-дегенде. Мені де бір қазақ кезінде ажалдан алып қалып еді. Менің де бір қазаққа септігім тисін деп орнымнан атып тұрғаным да сол. Аман бол бауырым! “Қырғыз, қазақ бір туған”-дегенмен де, бүгін менің дастарханымның төрінде отырғаның қазақтың қайсар ұлы, менің өкіл ағам Қойшыбектің арқасы. Бүгінгі күнге-дейін Қойшекеңмен тонның ішкі бауындай араласамыз. Өткенде ғана Алматыдағы Қойшекеңнің құдалығынан келдім. “Ұлы қазақтың ұл-қыздары аман болсын”-дей бергенде, жеңешемде қазаннан жаңа түсіп, буы бұрқыраған семіз қазы-қартамен жал-жая толған ағаш табақты алдымызға тартты. Төсекте басы, төскейде малы бір жайылған қырғыз бауырыммен сол күні бір табақтан ас жеп күліп-ойнап тарқастық. Қолыңнан келсе кімнен болсын жақсылығыңды аяма, ұлыңа қайтпаса да, ұлтыңа қайтады-деген осы шығар шіркін.

Мақсат СҚАҚОВ