45 миллиард теңгеге қатысым жоқ деп шырылдаған Алматы тұрғыны ақыры жеңіске жетті. Келісім-шартта қолы болмаса да судьялар төлеуге міндеттісің деп шешім шығарғаннан кейін, өзін ақтау үшін бірталай есікті қағып, құжаттар жинап сегіз айға жуық әуремен жүрген. Тіпті, есеп-шоттарының барлығы бұғатталып, ипотекаға алған баспанасынан да сәл болмағанда айырылып қала жаздаған. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл осыдан екі ай бұрын мұңын шағып, біздің арнадан көмек сұраған Зебихон Қадырова. Бұрын жұмыс істеген компаниясының қарызын мойнына іліп, 45 миллиард теңгені төлейсің деп сот шешімін шығарып берген. Осыдан кейін әділдік іздеп, өзінің бұл іске қатысы жоқтығын дәлелдеу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Күні кеше апелляциялық сот отырысы өтті. Шыққан шешімді естігенде қуаныштан жылап жібердім, бұл жолы қазылар барлығын қаз-қалпында қабылдамай, саралап жіті тексерді дейді.
Зебихон ҚАДЫРОВА, қала тұрғыны:
"Қордың өкіліне де сауал берді. Қалай көрдіңіз бе, қол қойған жері бар ма десе, ол үндемеді. Айтқан жоқ. Я жоқ деген жоқ, я иә деген жоқ. Сол үшін апелляционный сот, сол себепті маған дұрыс шықты деп ойлаймын".
Қыруар қаражатты алмағанын дәлелдеймін деп жүріп ипотекаға алған баспанасынан да айырылып қала жаздаған. Өйткені, есеп-шоттарының барлығы бұғатталғандықтан, несиесін қалай төлейтінін білмей дал болыпты. Алайда, карантин кезіндегі жеңілдіктің арқасында банк төлеуден босатқан. Енді тек, бір ай ғана кешігіпті. Сегіз айдан бері сандалтып, осынша әуреге салғаны үшін моральдік шығынды өтеуді әлі ойланған жоқпын деп отыр.
Зебихон ҚАДЫРОВА, қала тұрғыны:
Мен оны әлі ойлаған жоқпын. Өйткені, соттың шешімі кеше шықты. Сол үшін әлі оны ойлауға уақыт бар деп ойлаймын. Әрине, адвокат екеуміз ойлап көреміз. Егер адвокат дұрыс жасаймыз солай жасаймыз десе, мүмкін біздер сотқа иск подавать етеміз".
Соттың қаулысын енді бес күннен кейін бір-ақ қолдарына алады екен. Осыдан кейін есеп-шоттарды бұғаттаудан шешуге кірісемін деп отыр. Ал, апелляция кезінде өзге борышкерлерден қарызды өндіріп алу ісі сол күйі қалыпты.
Алматы Қалалық соты баспасөз қызметінің Facebook-тегі жазбасынан:
«Істі қайта қарау барысында жауапкер Зебихон Кадырованың несие желісін ашу туралы келісімге қол қоймағаны туралы дәлелдері расталды. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен Зебихон Қадыровадан 45 млрд теңге өндіріп алу туралы талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды. Қалған бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды».
Естеріңізге сала кетейік, дау өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Компания 2010 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқандықтан, "Проблемалық кредиттер қоры" қағазда көрсетілген азаматтардан өтеп алу үшін 9 жылдан кейін сотқа жүгініген. Ешбір құжатқа қол қоймаса да борышкерлер қатарында тұрған Зебихонға қазылар қарызды өтеуге міндетті деп шешкен болатын. Әділдік орнап, мойнына ілінген қаражатынан құтылған Зебихон бұл күнді асыға күткендігін жеткізді.