Түркістан облысында "Қамқорлық" бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – әлеуметтік жағдайы аса төмен, көмекке мұқтаж тұрғындарға көмектесу. Оларды жан-жақты қолдау, деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл бағдарламаны "Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық филиалы мен облыс әкімдігі бірлесіп үйлестірді. Игі бастама тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып отыр.
Жыл басынан бері «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы аясында 1643 отбасы тізімге алынып, оларға көмек берілді. Оның ішінде 34 отбасына тұрғын үй алып берілсе, 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 178 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Баспана алып беруге кәсіпкерлер, ел азаматтары мен мектеп түлектері белсенді атсалысуда. "Бақытты отбасы" партиялық жобасы аясындағы бағдарлама арқылы 1339 отбасына азық-түлік, киім-кешек беріліп, материалдық көмек беріліп келеді.
Бүгінгі таңда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудан, қала әкімдері мен "Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық филиалы белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ барлық аудан, қалаларда арнайы комиссия құрылып, кураторлар жасақталған.