Сәтбаев қалалық соты бес жасар қызды ұрлап, зорлық көрсетті деп күдікке іліккен тұрғынды екі ай қамауға алды. Тергеу аяқталғаннан кейін оның ісі сотқа жіберіледі. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Кезекті сұмдық жайттан кейін қоғамда педофилдерге жазаны өзгерту мәселесі қызу талқылануда. Кей белсенділер өлім жазасын енгізетін кез келді десе, заң өкілдері бұл шешімнен кейін қылмыстың азаярына күдікпен қарап отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Сәтбаевтағы сұмдық жайттан кейін зардап шеккен 5 жасар бүлдіршінің суреті ашықтан-ашық желіге тарап кеткен еді. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасыны бұл бассыздық екі есе есеңгіретті. Баланың ата-анасы амалдың жоқтығынан үнсіздікті бұзып, көпшілікке үндеу жариялады. Қызымыздың суретін таратуды доғарыңдар, деді.
«Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Үлкен өтініш: қаржылай қор ұйымдастыруды, түрлі жиын өткізуді тоқтатыңыздаршы! Біздің басымызға түскен қайғы басқа келеңсіз оқиғалардың себебі болуын қаламаймыз. Бұның бәрі біздің отбасы үшін ауыр соққы әрі сол қайғылы күнді ойымызға сала береді».
Еліміздің түзеу мекемелерінде сексуалдық сипаттағы қылмыс жасаған 1600-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың барлығы кәмелеттік жасқа толмаған бүлдіршіндерді қорлаған. Жасаған азғындығы аздай, түрмеге түскен соң мемлекет олардың әрқайсысына күніне 4 мың, жылына 600 мыңға жуық қаржы бөліп, асырайды. Кезекті қылмыстан кейін ашынған қоғам белсенділері азғындарға өлім жазасын талап етуде.
ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ НҰРТӨРЕ ЖҮСІП:
"Азғындық жолға түсіп, адамдық қасиетінен айрылған адамды біздің қазақ "айуан" дейтін… Жалғыз Сәтбаев қаласында ғана емес, республика көлемінде педофил көбейді. Бұл айуандар көбейгенін аңғартады. Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?! Айуанға "адам құқығы" деген мүсіркеумен қарауға болмайды".
АЙМАН ОМАРОВА, АДВОКАТ:
«Соттың қателігі деген бар. Бәріміз адамбыз, бәріміз пенде болғаннан кейін ондай қателіктер болады. Әсіресе, балалар жәбірленуші болған кезде. Себебі бұл жерде түбегейлі реформалар керек. Бала шаршаған кезде шындығын айтпауы мүмкін. Педофилден қорқып біреуді көрсете салуы мүмкін".
2018 жылдан бастап педофилдерді химиялық жолмен піштіру туралы заң күшіне енгені белгілі. Бұл процесс те аз ақша тұрмайды. Препараттың бір ампуласы 4000 теңгеден, сонда бір педофил үшін жылына 127 мың теңге жұмсалады. Жыныстық белсенділігін өмір бақи жоғалтса жақсы ғой. Кастрация деп жүргеніміздің уыты уақытша екен.
ЕРНҰР АРНАЕВ, УРОЛОГ-АНДРОЛОГ:
"Дәрінің денеден шығу уақытына байланысты. Көбінесе 3 айда бір салынып отырды. Ол уколды тоқтатқан кезде в лучшем случаи ол қайтадан өзі востановится етіледі. Оны әр уақыт сайын салып отыру керек болады. Менің ойымша, педофилдердің басын емдеу керек".
Адамдықтан аттап, баласы, тіпті немересімен жасты сәбилерге көзін сүзгендерді енді әркім көре алады. Бас прокуратураның статистика комитеті педофилдер туралы деректерді бір сайтқа топтастырған. Қарап отырсақ, бүлдіршіндердің балалығына қол сұққандардың арқалаған жазасы мардымсыз-ақ. 1 жыл, 5 жыл, әрі кетсе 10 жыл. Бірнешеуі тіпті түрмеден қашып кеткен. Ал зардап шеккен сәбилердің ең кішкентайы 11 айлық екенін айтуға ауыз бармайды.
Балаларға қатысты бүлік шыққанда ойға алдымен омбудсмен Аружан оралады. Айман Омарова бастаған қоғам белсенділері Саинның жұмысына сауатсыз деген баға беруде.
АЙМАН ОМАРОВА, АДВОКАТ:
" Біздің амбудсменіміз не істеді? Үйде отырған балалар аналарымен мүгедек адамдардың көбі, өздерінің жаңағы проблемаларын шеше алмай жатыр. Оны да еш нәрсе істеген жоқ. Сол үшін омбудсменіміз түк істеп жатқан жоқ деп санаймын".
Балалар құқығы жөніндегі омбудсмен бұл істе өзі емес, құқық қорғау органдары алда жүруі керек деп есептейді. Қош. Кінәні кімнен іздесек те, болашағымыз деп білетін бүлдіршіндердің бүтін бір тағдыры күйреді. Тұнығы лайланды. Мұның жазасы жеңіл болмауы тиіс.