Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда жазғы демалысқа арналған үздік 5 орын

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі 2025 жылғы жаз мезгілінде еліміз ішінде саяхаттауға кеңес беретін бес бағытты ұсынды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қазақстанда жазғы демалысқа арналған үздік 5 орын
Фото: ашық дереккөзден (Қатонқарағай)

Туризм және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитеті Қазақстан табиғатының алуан түрлілігін көрсететін, экотуризм мен танымдық бағыттардың әлеуетін ашатын бес жазғы демалыс орнын атады:

1. Катонқарағай, Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ұлттық табиғи паркі – Қазақстанда Green Destinations тізіміне енген алғашқы аймақ. Бұл өңір таулы көріністерімен, көлдерімен, шипалы бұлақтарымен және альпілік шалғындарымен танымал. Туристерге Язевое көліне, Белуха тауына, «Рахманов бұлақтары» қорығына және Шүкер Шайжүнісов музейіне бару мүмкіндігі бар. Бұл жер экотуризмге, альпинизмге және емдік демалысқа таптырмас орын.

2. Қорғалжын қорығы, Ақмола облысы
Қорғалжын – фламинго құсын табиғи ортасында көруге болатын әлемдегі сирек мекендердің бірі. Жаз мезгілінде қорықтағы көлдер мыңдаған қоныс аударушы құстардың үйіне айналады. Бұл бағыт фотографтар, құс зерттеушілер және тыныш табиғатты ұнататындар үшін өте тартымды.

3. «Алтынемел» ұлттық паркі, Жетісу облысы
Алтынемел – Қазақстандағы ең үздік ұлттық парктердің бірі. Мұнда туристерге арналған заманауи визит-орталық жұмыс істейді, ол бағыт сілтеу, анықтамалық және сервистік қолдау көрсетеді. Негізгі көрікті жерлеріне «Әнші құм», Ақтау таулары мен Тамғалы-Тас жартастағы суреттері жатады. Парк табиғат жанашырларын, отбасылық демалыс іздеушілерді және жеке саяхаттаушыларды да қызықтырады.

4. «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі, Түркістан облысы
Сайрам-Өгем – Оңтүстік Қазақстанның әлі де толық зерттелмеген жауһарларының бірі. Мұнда мұздық көлдерге апаратын жаяу бағыттар бар, сондай-ақ таулы алқаптардың флорасымен танысуға болады. Экотуризм мен жаңа бағыттардың дамуы бұл өңірді ішкі туризм үшін болашағы зор орынға айналдырып отыр.

5. «Сартас» визит-орталығы, Маңғыстау облысы
Маңғыстау өңірі туристік инфрақұрылымды белсенді дамытып жатыр. «Сартас» жаңа визит-орталығы жартастағы суреттер, тасты кешендер мен қасиетті орындарға барушылар үшін ашылды. Орталық жолаушыларға қолайлы логистика, бағыт сілтеу және ақпараттық қолдау ұсынады. Жаз – шөлді өңірдің бірегей табиғаты мен тарихи мұрасымен танысудың ең жақсы уақыты.

Бұған дейін ресейліктердің Қазақстанға жағажайлық демалыс үшін көптеп келіп жатқаны белгілі болған еді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату