Shakarim University қабырғасында өткен айтулы іс-шара Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ауылшаруашылық университеттері, ғылыми-зерттеу институттары, асыл тұқымды шаруашылықтары мен министрліктерінің өкілдерін, жетекші мамандар мен ғалымдарды біріктірді.
Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық ғылымды жаңғырту және гендік қорды сақтау жөніндегі стратегиялық тапсырмасына жауап ретінде белгіленген жаңа бағыт.
Конгрестің басты нысанына айналған – қазақ жылқысы. Бұл – ұлттың коды, экономикалық ресурс және өркениеттік жадының бір бөлігі.
Осы тапсырма берілген уақыттан бері біраз уақыт өтсе де, дәл осы Абай облысындағы аймақтық университет осы міндетті өз мойнына алып, жергілікті деңгейде әрекет ете отырып, жаһандық мәселелерді шешу жұмыстарына бел шеше кірісті.
Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Sheng Ming Zeng, Абай облысының Бесқарағай ауданындағы асыл тұқымды шаруашылықтарда – қазақ және мұғалжар жылқы тұқымдарының бірегей типтері қалыптасқан республикалық маңызы бар орталықта делегациямен бірге болған сапарында былай деді:
«Бесқарағай» типінің қалыптасуы генетикалық материалмен ауқымды жұмыс және ерекше геноқорды сақтау арқасында мүмкін болды. Қазақстандық ғалымдар жылқы шаруашылығы өнімдерін селекциялау мен қайта өңдеуге өз үлестерін қоса бастады. Біз ет, сүт, селекция мен генетика салаларында күш біріктірсек, бұл саланы болашағы зор индустрияға айналдыра аламыз».