Ішкі істер министрлігі 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрыққа көлік құралдарын тіркеу, жүргізушілерді даярлау, емтихан қабылдау және жүргізуші куәлігін беру тәртібін өзгертетін ауқымды түзетулер дайындады. Құжат Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен келісілген.
Алғашқы тіркеу үшін құжаттар пакеті кеңейтіледі. Енді утилизациялық төлем сертификаты, көлік құралының немесе шассидің электрондық паспорты, кедендік рәсімдеу құжаттары қажет болады, ал конструкциясына өзгеріс енгізілсе, ТР ТС 018/2011 талабына сәйкестік туралы куәлік сұралады. Дипломатиялық өкілдіктер, олардың қызметкерлері мен отбасы мүшелері утилизациялық сертификат пен электрондық паспортты ұсынудан босатылады, ал Қарулы Күштер мен арнаулы мемлекеттік органдар үшін электрондық паспорт талап етілмейді.
Көлікті міндетті тексеру енді тек алғашқы тіркеуде ғана емес, кузов, шасси немесе рама ауысқанда, түсі өзгергенде, сондай-ақ маркасы, моделі, VIN, шығарылған жылы, түсі, қозғалтқышының көлемі мен қуаты, отырғызу орындарының саны туралы деректердегі қателіктер түзетілген кезде де жүргізіледі. Бұл талап жаңа отандық көліктерге және ресми дилерлер арқылы әкелінген машиналарға қолданылмайды.
Қолдан жасалған тіркемелерге бөлек тәртіп енгізіледі. Ол үшін аккредиттелген зертхананың сынақ хаттамасы, Әкімшілік полиция комитеті берген сәйкестендіру нөмірі және конструкция қауіпсіздігі туралы куәлік қажет болады.
Теориялық немесе практикалық емтиханды қайта тапсыру енді келесі жұмыс күніне белгіленуі мүмкін. Екі рет сәтсіз аяқталғаннан кейін қайта тапсыру кемінде 10 күнтізбелік күннен соң рұқсат етіледі. Үшінші және одан кейінгі әрекеттер ақылы болады және олардың құны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тарифтері бойынша есептеледі. Әскери басқару органдарының жолдамасымен оқығандар үшін қайта тапсыру мерзімі 7 күн болып белгіленеді.
Теориялық емтиханның нәтижесі мен дұрыс жауаптар тест аяқталғаннан кейін ғана көрсетіледі. Келіспеген жағдайда үміткер апелляция бере алады, оны кемінде үш адамнан тұратын комиссия қарайды. Емтихан кезінде көшіру, материал алмасу немесе электрондық құрылғыларды пайдалану анықталса, емтихан тоқтатылып, нәтиже «ӨТПЕДІ» деп қойылады, ал қайта қатысуға тек 12 айдан кейін рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, шетелдік жүргізуші куәліктерін қазақстандық куәлікке ауыстыру тәртібі нақтыланады. Мұндай жағдайда теорияны сәтті тапсыру және шетелдік құжаттың шынайылығын құзырлы орган растауы қажет. Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың құжаты бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жіберіліп, жойылады, ал шетелдік куәліктер жойылмай, алынған жерде сақталады.