V ғасырдан бастау алған «домбыра күні» құтты болсын

Ақмола облысында 2000-нан астам іс-шара өткізілді

Фото:жасанды интеллект

Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде домбыра күні тойланып келеді. Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр атырапта “Домбыра” күнінің маңызы ерекше,-деп хабарлайды newsroom.kz

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді.

1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.

Еліміздің өңірлерінде жыл сайын аталмыш мерекеге орай аспаптың үнін түсінетін жас өнерпаздар өнер көрсетіп келуде. Биылғы мерекеде Ақмола облысында 2000-нан астам іс-шара өткізіліп, өнерпаздар көне аспаптың күйімен тебірентті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтады. 

"Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл мерекенің қазақ руханияты үшін мән-маңызы зор. Қастерлі аспап дала өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау – баршамыздың парызымыз. Домбыра төрден түспесін!", – деп жазды мемлекет басшысы.

“Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра” демекші, ұлтымыздың ұлылығына дәлел бола алатын күмбірлеген аспаптың айрықша мерекесімен қалың жұртты құттықтаймыз!

 

                                         Перизат Жайырбек

Жүктелуде...