Ғалым экологиялық дағдарыстың басты себебін түсіндірді

Ғалым экологиялық дағдарыстың басты себебін түсіндірді

ашық дереккөзі

Ғалым Аманбек Зандыбай әлемдегі экологиялық дағдарыстың басты себебін түсіндіріп, бұл мәселені шешу үшін не істеу керегін айтты, деп хабарлайды newsroom.kz. Әлемдегі шиеленіскен экологиялық мәселелер адамдардың өмір сүру ортасына деген көзқарасын біршама өзгертті. Көз ілестірмес жылдамдықпен дамып жатқан заманда – жаңа инновациялық технологиялар, жаңа әлеуметтік институттар, өндіріс орындары пайда бола бастады. Бұл факторды адамдардың өмір сүру салтының трансформацияға ұшырауымен және сұраныс деңгейінің арта түскенімен байланысты. Сондықтан бүгінде адамдар экологиялық апаттан қалай құтылуды емес, керісінше оның экологиялық-мәдени салдарын қалай жеңілдетуге болады деген сұрақтардың жауабын іздей бастады. Бұл мәселеге қатысты Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану факультеті Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты Аманбек Зандыбай пікір білдірді.

«Жергілікті экологиялық мәселелер – тұрғындардың тіршілік ету салтының ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Демек жергілікті қоршаған ортаның жағдайы, ерекшелігі, табиғат заңдылықтары мен құбылыстары – ғасырлар бойы сол аумақта мекендеген тұрғындарға ғана жете түсінікті. Олардың тіршілік ету салты, дәстүрі, наным сенімдері сол аумақтың табиғи, географиялық ерекшелігі негізінде қалыптасады. Сондықтан экологиялық білім мен мәдениет қалыптастыруда әр ұлттың этноэкологиялық ерекшеліктері ескеріледі», - дейді ғалым.
Оның пікірінше, қазақ халқындағы экологиялық мәдениеттің қалыптасуы – табиғат заңдылықтарына тікелей қатысты.
«Шындығында мәдениет түсінігінің шығу тегіне сүйенер болсақ, адамның табиғатқа қатынасы үнемі мәдениетпен «өңделіп» отырды. Себебі, адам табиғатты өзінің қажеттіліктерін қанағаттандырудың  негізгі тəсілі  ретінде  қабылдады, арадағы байланыс ешқашан үзілмейтінін жақсы түсінді. Сондықтан табиғатпен байланысын күшейтті. Осыдан қоғамда «экологиялық мәдениет» деген ұғым қалыптасты. Ерте заманда адамдар табиғатпен тікелей байланысқа түсіп, бар қажетін сол арқылы қанағаттандырып отырса, ал қазіргі индустриалды қоғамда бұл байланыс түрі жаңа деңгейге шықты, трансформациялық өзгерістер орын алды», - дейді Аманбек Зандыбай.
Ол алғашында пайда болған экологиялық мәдениет көрінісін қазіргі заманның экологиялық мәдениетімен салыстыруға келмейді деген пікірде. Өйткені, оны экологиялық мәдениеттегі «дағдарыс» деп түсіндіруге болады. Дағдарыстың басты себебі – адамдардың қаншалықты озық технология, заманауи инновациялық құрал ойлап тапқанымен, еш уақытта табиғаттан алшақ кете алмайтынын жете түсіне бермейтіндігінде.
«Экологиялық мәдениет – қоршаған ортаны қорғау мен қалпына келтірудегі ең басты құралы. Адамның экологиялық мәдениеті, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі санасында болмаса, қатал заңмен, мол қаражатпен, қара күшпен, озық технологиямен табиғатты қорғау немесе қалпына келтірем деген бос әурешілік», - дейді ол.
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың пікірінше, табиғатқа, тіпті тірі атаулының бәріне жан ашу, аяу жəне махаббат  идеясы өте ежелгі идея.
«Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез-келген тіршілік иесінің өмірдің əрбір көрінісіне деген сүйіспеншілік, əрбір тіршілік иесінің азабын түсіне білу, оған жанашырлықпен қарау – адам мəнінің, адам жанының негізгі қыры», - дейді тарихшы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қазақтың дəстүрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар,нанымдар,  салт-жоралар  өзінің маңызын жоғалтқан жоқ.
«Мәселен, «бір тал кессең, он тал ек», «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма», «судың да сұрауы бар» жəне тағы басқа аталы сөздердің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қалыптасып отырған күрделі экологиялық мəселені шешу мақсатында қазақтың дəстүрлі мəдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар мен нанымдарды, салт-жораларды бүгінде ұрпақ тəрбиесіне пайдалану экологиялық мəдениетті қалыптастыру үдерісін барынша тиімді етеді», - дейді Жамбыл Артықбаев.
«Тәрбие тал бесіктен» демекші, егер әр отбасы тұрмыс салтында, бала тәрбиесінде жоғарыда аталып өткен факторларды ескеретін болса, демек, қоғамда экологиялық мәдениет жаңғыра түседі.
Сондықтан былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 10 ұлттық жоба бекітілді. Оның арасында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да бар. Ол 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек.
Мақсат – қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, еліміздегі экологияны жақсарту, қоқыс қалдықтарын өңдеу көлемін арттыру, инфрақұрылымды қалыптастыру, су сапасын жақсарту, суды үнемдеу.

Аталған ұлттық жоба негізгі 4 бағытты қамтиды:

  1. «Таза Қазақстан». Ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды өңдеу, су объектілерінің экожүйелерін сақтау сынды экологиялық мәселелерді шешу. Бұл бағыт бойынша 5 жылда 16 ірі кәсіпорында шығарындыларды 20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ қоқыстарды сұрыптау жинау мәселесі де назарда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 8 мыңнан аса контейнер орнату жоспарда бар.
  2. «Үнемді Қазақстан». Бұл бағыт суды үнемдеп пайдалану арқылы өнімділікті арттыруды көздейді. Сонымен қатар жоба аясында елімізде 9 жаңа су қоймасы салынады.
  3. «Табиғат». Жоспарға сәйкес Қазақстанда 2 млрд ағаш отырғызылуы керек әрі сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды қорғау, олардың санын қалпына келтіру шарт.
  4.  «Экология болашағы». Қазақстандықтардың экологиялық білімі мен мәдениет деңгейін арттыру.

Бұл жұмыстарды жүргізу үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті тапсырмаларды берген еді.

«Қазақстанда экология мәселесі бар екені белгілі. Оны жақын арада шешу керек. Ол үшін елімізде жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Құжат мұқият әзірленді. Сондықтан ол барлық стандартқа сәйкес келеді. Үкімет міндеттердің орындалуын бақылауға алуы тиіс. Сонымен қатар біз 2 млрд көшет отырғызуымыз керек. Адамдар бұл ұсынысты қолдайды деген үміттемін. Көгалдандыру мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Ағаш отырғызу үшін қолайлы жерлерді анықтау үшін ғалымдар мен қоғамның қатысуымен кәсіби талдау жүргізу қажет», - деген болатын президент.
   

Жүктелуде...